Баланы қоқысқа лақтырған әйел 55 мың теңге айыппұлмен құтылды
Баланы қоқысқа лақтырған әйел 55 мың теңге айыппұлмен құтылды
Фото ашық дереккөзден алынды
112
оқылды
Баласын қоқыс шәшігіне лақтырып кеткен әйелге прокурор 55 мың теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұраған. Сот шешімімен көкек ананың әрекеті қоғамға ешқандай қауіп төндірмейді, сол себепті ол «теріс қылық» деп танылған. Қарағанды қаласында 3 сәуір күн кешкі алтыда 22 жастағы әйел үйінің жуынатын бөлмесінде үшінші баласын босанады. Дүниеге қыз бала келеді.  Қаржылық қиындыққа тап болған келіншек жаңа туған сәбиін ораулы күйінде пакетке салып, қоқыс жәшігіне тастап кеткен. Екі баласын асырауға жағдайы әзер жетіп отырған ана үшінші баласына мұндай өмір сыйлағысы келмейді. Баланы қоқыс жәшіктерін аралап, ас іздеген азамат тауып алады. Бұл іс бойынша полиция бөлімі ҚР ҚК 119 бабы 1 бөлігі бойынша «адамды қауіп-қатерде қалдыру» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғайды. 20 шілде күні Октябрь аудандық сотының шешімімен С.М. осы бап бойынша кінәлі деген ұйғарым шығарылды. Сот отырысында прокурор кінәлі анаға айыппұл түрінде шара қолдануды сұрайды. «Бұл қылмыстық құқық бұзушылық – қылмыстық теріс қылыққа жатады, ол үшін айыппұл, түзету жұмыстары және қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза қарастырылған. С.М.-ға жаза тағайындау кезінде сот оның бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын, асырауында екі жас баласы бар екенін ескерді. Сот үкімімен оған баптың санкциясы шегінде 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, ол 55560 теңгені құрайды», – дейді Қарағанды облыстық сотының баспасөз хатшысы Самал Ниқанбай. Сот үкіміне прокурор шағым бермеген және айыпты азамат та наразылық білдірмеген. Сот үкімі 2020 жылдың 5 тамызында заңды күшіне енді. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде талқыға ұшырады. Туған анасаның сәбиінен бас тартуы, оған жеңіл жаза тағайындалуы жұртшылықтың сынына ұшырады. Осыған орай жаза тағайындаған мекеме түсініктеме берді. Судьялардың айтуынша қоғамға қауіп төндірмейтін, болмашы ғана зиян келтірген, сондай ақ жеке адамға, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтіру қаупін туғызған әрекет – қылмыстық теріс қылық деп танылады. Ал қылмыстық теріс қылыққа – айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза көзделген. – Соңғы күндері әлеуметтік желілерде және басқа да басылымдарда, телеарналардың жаңалықтарында Қарағанды қаласы соттарының біріндегі жаңа туған баланы қоқыс жәшігінде қалдырған әйелге қатысты шығарған үкімі қызу талқылануда. Осыған байланысты кейбір түсініктемелер бергім келеді. Азамат С.М. ҚК-нің 119-бабының 1-бөлігімен көзделген «қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін» баланы қауіп-қатерге қалдырғаны үшін айыпталды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы Қылмыстық кодексінде қоғамдық қауіптілік және жазаланушылық дәрежесіне қарай Қылмыстық құқық бұзушылықтар «қылмыстар» мен «қылмыстық теріс қылықтар» болып бөлінеді. Бұл азаматтың әрекеті қоғамдық қауіп төндірмейді, сондай-ақ жаза түрімен ерекшеленеді. Заң бойынша қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделмеген, – дейді  Қылмыстық істер жөніндегі үйлестіруші судья Еркеш Маукен. Ал қылмыс жасағандар – айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасына кесіледі.  Cот шешімімен көкек ананың әрекеті қоғамға қауіп төндірмегендіктен «Қылмыстық теріс қылық» деп бағаланған. Қылмыс пен «қылмыстық теріс қылықтың» жазалау шаралары ерекшеленеді. Сол себепті баласын тастап кеткен ана жеңіл жазамен құтылды. Оған 55560 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот органдары іс қандай баппен қозғалса, соның аясында ғана жаза тағайындай алатындарын алға тартып отыр. – Аталған іс бойынша тергеу ҚК-нің 119-бабының 1-бөлігі бойынша жүргізіліп, азамат С.М.-ға қылмыстық заңның осы бабы бойынша үкім шығарылды.  Әдетте, оқырмандар бұл істі тергеу органы немесе осы бап бойынша істі сотқа берген прокурор туралы теріс мақалалар жазбайды, олар бірден сотты кінәлайды. Бірақ, сот қылмыстық істі тек айыптау аясында ғана қарастыратынын ұмытпауымыз керек, – дейді Еркеш Маукен. Тастанды бала тірі қалған. Бүгінгі күні сәби балалар үйінде.

Ләззат Қожахметова, Қарағанды қаласы