Қазақстанда жеке тұлғалар төлейтін салықтың екі түрі бірігетін болды. Министр Руслан Дәленовтің айтуынша, өзгеріс 2021 жылдан бастап қолданысқа енеді.
«Екі салықты бір төлемге сыйдырып, бір салықтың көзін жою туралы ұсыныс дайын тұр. Яғни, жеке тұлғалардың мүлік салығы мен жер салығын бір төлемге біріктіру көзделіп отыр. Бұл комиссия көлемін, квитанция толтыру уақытын қысқартады. Сонымен қатар, көппәтерлі тұрғын үй салынған жер салығын жою көзделіп отыр. Бұл салық төлеген кездегі қателіктерді жояды», - дейді Ұлттық экономика министрі.Оның айтуынша, бұл өзгеріс шамамен 3 миллионнан астам салық төлеушіге қатысты. Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні жариялаған жолдауында салық ревизиясын жүргізіп, салық салу жүйесін жеңілдетуді тапсырған болатын. Ұлттық экономика министрлігі нақты ұсыныстарды, дайын тұрған осы өзгерісті (екі салықты біріктіріп, бір салықты жою туралы - авт.) 2021 жылдан бастап енгізуге дайын отыр. Ал бұдан өзге, жан-жақтан түсетін ұсыныстарды талқылай келе, олардың арасынан қолданысқа енгізуге болады деген өзгерістерді 2022 жылдан бастап қарастыру жоспарланып отыр.