Биыл – төл әдебиетіміздің іргетасын қалаған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойы. Тағдырдың жазуымен бір жылы дүние есігін ашып, зұлмат заманның зобалаңымен бір жылда өмірден өткен үш алып қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Халық оларды бөле-жармай үш бәйтерек деп әспеттеді. Құрмет көрсетті. Осы әдемі үрдіс ары қарай жалғаса берсе, құба-құп болар еді. Көңілге кірбің ұялататын кейбір жайт болған соң әңгімені арыдан қозғағымыз келіп отыр.
Ақын, қайраткер Сәкен Сейфуллиннің атында елдімекен атауы, Астанада Қазақ агротехникалық университеті бар, сондай-ақ мемориалды музей кешені жұмыс істеп тұр. Сол сияқты Ілияс Жансүгіровке де еңбегіне сай құрмет көрсетіліп келеді. Атап айтсақ, ақын атында аудан, Талдықорғанда Жетісу мемлекеттік университетіне есімі берілген, әдеби-мемориалды музей де бүгінгі ұрпаққа қызмет етуде. Қос алып атында театр, мәдениет сарайы, кітапханаларды да кездестіруге болады. Ал Майлин мұндай құрметтен кенделеу. Өзі туған Қостанай облысының Таран ауданына жазушының аты биыл ғана берілді. Ауданның Бейімбет Майлин атауына лайық екені осыдан 10-15 жыл бұрын көтерілсе де, оған билік бірден құлақ түре қоймады. Ел болып, елдің бетке тұтар азаматтары болып көтерген осы мәселе биыл ғана шешімін тапты.
Ендігі мәселе – жазушының мерейтойын лайықты дәрежеде атап өту. Мерейтойлық сән-салтанаттың өтетін уақытына санаулы күн қалса да, ұйымдастыру жұмыстары көңілден шықпай отыр.
– Қазақтың ұлы ақын-жазушылары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойы қарсаңында Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қазақтың біртуар жазушысы, Бейімбет Майлиннің досы Сәкен Сейфуллинге тамаша мерейтойлық шара ұйымдастырды. Аудан тұрғындары бір мезетте 10 000 литр қымыз пісіп, әлемдік рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Осылайша, ауданның, осы ауданда туған ақынның атын бүкіл әлемге паш етті. Біз қазақтың ұлы перзентіне көрсетілген осынау құрметке мақтанышпен қарап, қуандық. Бұл үшін аудан халқы мен ұйымдастыру комитетіне – Жаңаарқа ауданы әкімшілігіне мың алғыс! – дейді Б.Майлин атындағы қор директоры Салтанат Мұстафина. – Бейімбет Майлинге арналған республикалық деңгейдегі мерейтойлық шараны өткізу бүгінде оның атын иемденген туған ауданы мен Қостанай қаласында 26-27 қыркүйекке белгіленген. Мәртебелі міндетті Қостанай облыстық әкімшілігі қолға алып отыр, іс-шараны ұйымдастыруға негізінен Б.Майлин аудандық әкімшілігі жауапты. Әу баста ауқымды мерейтой тамыз айында, күннің жылы кезінде, мектеп оқушыларының каникулында өтеді деп жоспарланған. Әйтсе де, салтанатты шараны өткізу уақыты қыркүйектің соңына ауыстырылды және ұйымдастыру жұмыстары өте төмен деңгейде жүргізілді. Мерейтойлық іс-шараға санаулы күн қалғанда құрметті қонақтар, атап айтқанда, жазушының ұрпақтарын жолақымен, қонақүймен қамтамасыз ету қарастырылмағаны ресми хабарланды. Бұған қоса, салтанатты өткізу бағдарламасы мазмұнды емес. Ғылыми-практикалық конференцияға қатысатын жазушы, майлинтанушы ғалымдар, әдебиетшілер, журналистер толық қамтылмаған. Біз мұны Б.Майлин ауданы әкімі Қуандық Еспергенов пен аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Назгүл Манасованың ұйымдастыру жұмыстарына салғырт қарауының салдарынан деп түсінеміз. Егер адами, қазақы қонақжайлық таныта алмаса, құрметті қонақтарды шақырудың керегі не? Зұлмат жылдар құрбаны, қаламгер Бейімбет Майлинге деген құрмет туған топырағында осындай сорақы күйде болса, жазушының туған-туыстары салтанатты шараға қандай көңіл күйде барады? Оның үстіне, өткізілетін іс-шара мазмұнында жаңашылдық, өзгеріс, ізденіс жоқ. Біз ұрпақ сабақтастығы, патриотизм туралы көп айтамыз. Жастар бойындағы шынайы сезім осындай игі шаралардан қалыптаспай ма?
Расында да, Салтанат Әбүйірқызы айтпақшы, ұлы жазушыға арналған мерейтойлық шараны жоғары деңгейде ұйымдастыра алмаса, аудан әкімшілігі бұл жайлы неге ертерек хабарламады? Аудан атауы Бейімбет Майлин атына берілген тұста жиынды әрі мазмұнды әрі көркем өткізуге мүмкіндік бар еді ғой. Сол мүмкіндікті Биағаның жерлестері неге тиімді пайдалана алмады? Осынау күнді қанша жұрт күтті және оның бірқатары осы күнге жете алмай бақилық болып кетті. Сондықтан басталған істің абыроймен өтуіне жауаптылар әлі де болса барынша назар аударуы тиіс деп ойлаймыз.