Манчестердегі қазақ дүбірі
Манчестердегі қазақ дүбірі
163
оқылды

Ненад Эрич ойыннан кейін «Мұнда ойнау – әр футболшы­ның арманы. Мен өте бақытты адаммын. Бұл – менің мансабым­ның шыңы» деді. Жөн-ақ. Атақты стадионда 72 минут бойы доп өткізбей шыдап берді. Эрич бол­ма­са Решфорд мүмкіндігін мүлт жі­бермес еді. Бірде Эрич, бір­де қақпа бағанасы жар болып, Ман­­­честерден кеудені тік ұстап қайт­тық.

«Астананың» ойын мәнеріне ағылшын жанкүйерлері Facebook-те баға беріпті. Клубтың рес­ми парақшасында елордалық коман­да­ның қорғаныста сақ ойна­ға­нын жазған. Ойын басталмай тұрып айқын басымдықпен ұтамыз деген ойларын білдірген еді. Эричті мақтағандар, қорғаныстағы фут­бол­ды сөккендер, «МЮ-дің» дәре­жесі осы дегендер де бар екен. Қарсы­лас қолдаушылары осылай дегенмен, «Астана» бапкері шәкірт­­­теріне риза.

«Мұндай ойындардан кейін киім бөлмесінде бірдеңе деудің жөні жоқ. Себебі жүздерінен реніш табын байқамадым. Барлығы біздің кіммен ойнағанымызды, барымызды салғанымызды бай­қады. Футболшылар үлкен жұмыс тындырды. Ойыннан кейін жақсы әсер қалыптастырған жөн», – дейді Роман Григорчук.

Сондай-ақ команданың ары қарай шыңдалуы керегін, жұ­мысты жетілдіре түсетінін айтты. «Манчестер Юнайтедке» лайықты қарсылас болған шәкірттерінің алдында қалпағын шешетінін жеткізді. Ойынға талдау жасап, нәтиже шығаратынын мәлімдеді.

– Қиын ойын. Біз алаңға кім­мен шыққанымызды түсіндік. Әлемнің үздік командаларының бірі. Менің ойымша, біз лайықты ойын көрсеттік. Екінші таймда допты жақсы ұстап, бір-екі қауіпті сәт болды. Өкініштісі, біз гол жі­бе­ріп алдық. Жанкүйерлерге ойын ұнады деп ойлаймын. Енді ары қа­рай жылжу керек, – дей­ді жар­ты­лай қорғаушы Иван Маевский.

Иван сөзінің жаны бар. Гол со­ғатын мүмкіндік болды. Мұр­тазаев бірнеше мүмкіндікті қолдана ал­ма­ды. Бәрібір толқыныс бар, «Олд Траффорд» деген аты бар, Роме­роға соққы бағыттау қиын болған тәрізді.

«Астана» қақпасына гол соққан Гринвуд – 17 жаста. Сульшер жеңіс сыйлаған жітіттің түнде ұйықтамасына кепілдік берді. Ойыннан кейін берген сұх­батында матч нәтижесіне өздері «кінәлі» екенін айтты. Осыған ұқ­сас кездесуде ойын тағдырын алғаш­қы 20 минутта шешу керегін, ары қарай өз білгеніңді жасауға боларын сөз етті. Мүмкіндік қол­дана алмайтындар өз-өзде­рін әурелеп қоятыны барын жасыр­мады. «Астанамен» өтетін келесі матчқа Погба мен Марсьяль бас­таған құрамның жолы түсерін болжады.

Не десек те, «Астана» қазақ футболында айбар барын көрсетті. Қорғаныс жүйесін сәтті қоюдың өзі – футболдың бір бөлігі. Жеңіл­генімен, Траффордтан ұпаймен кете аларын дәлелдеді. Соңына дейін тең ойнаудың қамын жасады. Елордалық клубтың арқасында УЕФА рейтингінде Қазақстан 25-орында тұр.

Еуропа лигасында L тобында «Манчестер Юнайтед» 3 ұпаймен көш бастап тұр. 2-3 орында 1 ұпаймен АЗ мен Партизан бөлісіп тұр (2:2). «Астана» ендігі ойынды «Астана аренада» қабылдайды. 3 қазанда «Партизанға» қарсы матч өтеді. «Алкмар Зайнстрек» болса, Манчестерге қонаққа барады.

«Астананың» Еуропа лигасын­дағы тағдыры өзіне байланысты. Сенім мен психология орнында болып, білгенді кәдеге жарата алсақ, топтық кезеңнен шығар­мыз. Айналымда мәре сызығын 2-ші боп кесер қауқар бар. Ол үшін «Пар­тизанды» өз алаңымызда же­ңіп, сырт алаңнан ұпаймен оралу керек. Қонаққа сайланып барып, сый алып қайтқан жөн. Сонда 1/32-нің таңын тамашалаймыз.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ