Неге ұсақталып кеттік?
Неге ұсақталып кеттік?
182
оқылды

Өзіміз көзін көріп, дәрісін тың­­дау, ол – ол ма, сұхбат алу бақы­ты мен жауапкершілігі пешене­міз­­ге бұйырған ұлы ұстаз Мұқаң – Мұхтар Әуезов: «Әр газеттің өзі­нің бет-бейнесі болуы керек» деп еді. Сондай өз қолтаңбасы, өз бет-бей­несі бар газеттердің көшін бү­гінгі «Егемен Қазақстан», «Ай­қын» сын­ды бас басылымдар бас­тап тұр. Осы газеттердің сан жылдардан бергі тұрақты оқыр­мандары бұл ба­сылымдардың аты жазылған бірінші беті жұлынып қалса да қалған беттеріндегі материалдарға қарап-ақ сүйікті газетін бірден таныр еді. Өйткені бұл басылым­дардың М.Әуезов айтқан өз бет-бейнесі, өзіне тән өзгеше қол­таң­басы бар. Бұл ба­сылымдардың ажа­рын ашып, абыройын асқақ­татып тұрған тағы бір жағымды жағы елдің көңілінде жүрген өте өзекті, өткір мәселелерді көтере бі­летіні. Оған мысал келтіріп, көзі­қарақты оқырманның уақытын алмай-ақ, күні кеше ғана, 11.09.2019 жыл «Айқынның» 139 са­нында «Ірілік қайда, ұлылық қайда?» деген ат­пен жарияланған, Гүлзина Бек­тастың аса көрнекті суреткер Дулат Исабековпен сұх­батын айтар едік. Мұнда көтерілген мә­селенің аса маңыздылығын та­ратып айтпай-ақ оны жіберіп алғандар болса, міндетті түрде оқуын өтінер едім. Оқып қана қоймай газет дер кезінде көтерген мәселеге үн қосса, нұр үстіне нұр!

Классиктің аты – классик! Ду­лат досым айтар ойын жалпылама баяндамай, өз көзімен көрген, өзі куә болған «оқиғалар» арқылы қорғасын құйылып, алшы түсер асықтай көкейге қона кететін ой, сезімдермен шебер, өрелі өріпті. Содан да жүректен шыққан жа­зушы сөзі қаламынан жыр болып төгіліп, оқушы жүрегіне нұр болып құйылып тұр.

Жазушы айтқан ол «оқиға» атақты ақындар Сырбай Мәу­ленов пен Тоқаш Бердияров арасындағы түсінбеушілік болатын. Өлеңі Сырбай Мәуленов бас редактор болып отырған «Жұлдыз» журна­лына тез жариялана қоймады деп ақын ағасына есіктен ентелей кіріп, айғайға басқан Тоқаш сөзге тоқтамайды. Соған ашуланған Сырағаң Тоқашқа: «Өлеңіңді оқымаймын да, журналға жария­ламаймын да» дейді. Тоқаш бұл­қан-талқан болып, есікті қатты жауып кетіп қалған. Сәлден соң ашуы басылған Сырағаң поэзия бөлімінің меңгерушісі Бекен Әбдіразақовты шақырып алып: «Иттің баласы жақсы поэма жазыпты. Менің көлігіме отырып баспаханаға ұш! Мынаны жылдам бетке салыңдар» депті.