Полиция математика сабағында порнографиялық слайд көрсеткен адамды іздеп жатыр
Полиция математика сабағында порнографиялық слайд көрсеткен адамды іздеп жатыр
©А.Ахметқазы
128
оқылды
Елорда полициясы қала мектептері бірінің 5 сынып оқушыларына сабақ үстінде порно слайд көрсеткен адамды іздеп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2020 жылдың 3 қыркүйегінде, сағат 16-30-да «ZOOM» платформасында математика сабағын өтіп жатқан елорда мектептерінің бірінің 5 сынып оқушыларына бөгде адам қосылып, балалардың компьютер экранында ұятсыз слайдтар көрсетіп, боқтық сөз айтқан. Осылайша ол математика сабағының өтуіне бөгет жасаған. Онлайн-сабақ режиміне 14 оқушы қатысқан», - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 311-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Кінәлі тұлға жауапкершілікке тартылады. Қазіргі уақытта тексеру жүріп жатыр», - деді ведомстводан.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 311-бабы порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз таратуға қатысты қолданылады. Аталған бапта порнографиялық материалдарды немесе заттарды тарату немесе жарнамалау мақсатында оларды заңсыз дайындау, тарату, жарнамалау, сол сияқты порнографиялық сипаттағы баспа басылымдарын, кино- немесе бейнематериалдарды, бейнелерді немесе өзге де заттарды заңсыз алып өту немесе олармен сауда жасағаны үшін мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатындығы көрсетілген.