Патша сөздің Фаризасы
Патша сөздің Фаризасы
356
оқылды

Ғұмырында бүкілхалықтық ма­­хаббатты сезініп өткен ақын тойын­да облыс әкімдігінің қол­дауымен мәдениет, архивтер жә­­не құжаттама басқармасы­ның тапсырысы бойынша «Бі­ре­гей» қоғамдық қоры шы­ғар­ған «Ар мен ақын» деректі фи­льмі, «Жыр – менің жалғыз тар­ла­ным» аудиоөлеңдер жинағы та­ныс­тырылды.

Поэзия падишасы білім ал­ған Халел Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік уни­вер­ситетінде белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар мен жастар қа­тысқан республикалық ғылы­ми-тәжірибелік конференция өтті.

– Фариза Оңғарсынова – Аты­­рау топырағында дүниеге кел­­ген талант иесі. Өзі барда лайықты бағасын алған ақын шы­ғармашылығының ерен­ді­­гін айту күрделі. Бүгінгі кон­фе­ренцияда Фариза әлеміне те­рең үңілген жандардың ең­бек­терімен ғылыми тұрғыда ба­ғасы берілетініне сенім біл­ді­ріп, сәттілік тілеймін, – деді кон­ференцияда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева.

Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласының «Ту­ған жер» бағыты аясында ұйым­дастырылған «Фариза Оң­ғарсынова – көрнекті ақын, қо­ғам және мемлекет қайраткері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда алғашқы баяндаманы филология ғылымдарының докторы, Атырау мемлекеттік университетінің про­фессоры Қадыр Жүсіп жаса­ды.

– Өткен ғасырдың алпы­сын­шы жылдарының аяқ кезінде қа­зақтың поэзия әлемінде бір жар­қылдаған найзағай ойнады. Бағ­зы бұйығылықты жойып, ақын қыздар арасында поэзия ас­панына сол жарықты алып кел­ген Фариза болатын, – деп атап өтті ғалым.

Конференцияда «Ф.Оң­ғар­сы­нова және қазақ поэзиясының көркемдік әлемі», «Ақынның аза­мат­тық ұстанымы және қо­ғам­­дық қызметі», «Ақын шы­ғар­­машылығын оқытудың өзек­тілігі және тәрбиелік мәні» сек­циялары бойынша баян­да­малар тыңдалды.

Поэзия падишасына арнал­ған тағылымды шарада Қа­зақ­стан Жазушылар одағының бас­қарма төрағасы Ұлықбек Есдәу­лет, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаттары, көрнекті жазушы­лар Әнес Сарай, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма тө­рағасының орынбасары Ме­ре­ке Құлкенов, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Ақұштап Бақ­тыгереева, белгілі ақын Свет­қали Нұржан, филология ғы­лымдарының докторлары Амантай Шәріп, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы қа­ты­сып, Фариза ақынның адами қасиет­тері мен шығармашылығы туралы тебірене сөйледі.

– Фариза ақынның поэзиясы өзі­нің туған жерінің табиғатымен мінездес, тектес, өрістес, – деген белгілі ғалым, ақын Оңайгүл Тұр­жанның пайымы көңілге қон­ды. Ақиқатында Фариза Оң­ғарсынқызының өрлігі өлең­дерінен де айқындалып, со­ны­сымен оқырманын өзіне маг­нитше тартып тұрды.

Ақын қызға арналған апта­лықта көрерменге «Ар мен ақын» спектаклі ұсынылды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Әлия Дәулетбаеваның дра­матургиядағы алғашқы қадамы көрерменнің көңілінен шықты. Талантты режиссер Жанат Тел­таев, талғампаз суретші Темір­бек Мұхтаров, елге белгілі ком­позитор Болат Қохаманов, хо­реограф Анар Есенғалиевалар бас қосқан шығармашылық ұжым­ның еңбегі өз бағасын ал­ды.

Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, жазушы Әнес Сарайдан «Ар мен ақын» спектаклінен ал­ған әсері туралы сұрадық.

– Жан дүниемізді қозғады. Ақын­ның туған жері Атыраудың сахналық қойылымдарында Фа­риза туралы дүние болғаны біз­ді қуантады. Бұл спектакльдің кө­рермені көп болып, әлі де ба­ға­сын аларына сенемін, – деді Ә.Сарай.