Ішкі істер министрлігі қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Есқали Саламатовтың айтуынша, бұл шара мекемелерде кездесудің қайта берілу дайындығына баға беретін аумақтық санитарлық-эпидемиялық қызметтермен бірлесіп атқарылып жатыр. «Коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупінің әлі де бар екенін ескере отырып, ұзақмерзімді кездесулер бір ғана ересек адамға, ПТР-тестілеудің теріс қорытындысы болған жағдайда беріледі және анализ нәтижесі берілген мерзімнен бастап бес күннен аспауы тиіс. Бұл ретте қысқамерзімді кездесулер барлық санитарлық-эпидемиялық шараны сақтай отырып, әдеттегідей тәртіпте беріледі», – дейді ол. Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес ұзақмерзімді кездесулер екі тәуліктен аспайды және алдын ала жазылу арқылы ұйымдастырылады. Ұзақмерзімді кездесуден шыққан сотталғандар 14 күндік карантинге орналастырылып, өзге адамдардан оқшауланады. Бұл шараның барлығы сотталғандардың ауруды жұқтырмауы үшін және колонияларда тұрақты эпидемиялық жағдайды сақтау мақсатында қабылданып жатыр. Карантин күшейтілген кезде кездесулер тоқтатылып, телефон және бейнебайланыс арқылы сөйлесуге жағдай жасалған болатын. Осы уақыт аралығында сотталғандарға 18 мың бейнебайланыс, 350 мыңға жуық телефонмен және ұзақтығы 15 минутты құрайтын бейнесөйлесулер берілсе, 5 мыңдай адам ұзақтығы екі сағаттан бейнекездесулерге мүмкіндік алды.
Айдана БЕГІМ