Мерейтойға дайындық барысын ұйымдастыру мақсатында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне барды. Министрліктің тарихи-мәдени мұра басқармасының қызметкері Ә.Күзербаев, «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің қызметкері Қ.Тұяқбаев, Шығыс Қазақстан облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Нұрмұхановалар музейдегі алдағы жүргізілетін жұмыс барысымен танысты. Министр өз сөзінде Абай музейіндегі асыл мұраларды келешек ұрпаққа толықтай жеткізу қажеттігін баса назарға алып, цифрландыру жұмыстарын ауқымды жүргізу қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ ведомство басшысы музей экспозициясын жаңалау кезінде заманауи технологиялармен жабдықтау, экспозицияның жаңаша үлгіде жасалуы, музейдің іші мен сыртына ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілуі қажеттігін атап өтті.
Жандос Әубәкір, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық музейінің директоры: – «Қазқайтажаңғырту» мекемесі арқылы осы кешенге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 200 млн ақша қарастырылып жатыр. Сонымен бірге біздің жалпы мақсатымыз – шетелден келетін, өз еліміздің туристеріне, Абай рухына тағзым етіп, Абай мұрасына тағы бір назар салғысы келетін адамдарға жағдай жасау, – дейді. Қазір музейде 50-ден астам данышпан ақын өзі тұтынған көне жәдігер бар. Мәдениет және спорт министрлігі мұндағы мол мұраны үш тілдегі аудиогид, мультимедиялық қондырғылар арқылы жас ұрпақ пен шетелдік қонақтар назарына жаңаша ұсынуды жоспарлап отыр. Болашақта осындай тарихи мекендерге аудан және облыс басшылығы инфрақұрылымын жаңартып, асфальт тасжолын салу да жоспарланған. Бұл өз кезегінде туристер санының одан әрі көбеюіне ықпал етпек.