Іле-шала драма театр алдындағы салтанатты алаңға жиналған өнерсүйер жұртшылық алдына Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі және «Сазген», «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері шығып, өнерлерін паш етті. Бірінің орындаған туындысын, екіншісі іліп әкетіп, көрерменді тамаша әсерге бөледі. Бикен Римова атындағы театр ұжымы салтанатты сәтті «Біржан-Сара» операсынан, «Керей-Жәнібек» спектаклінен үзінділер көрсетумен жалғастырды. Туған жерге тағзым етуде үндейтін керемет би композициясы аясында қазақы дәстүрге сай шашу шашылды.
Мәдениет саласының қызметкерлерін жаңа маусымның ашылуымен құттықтаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов:
– Сіздердің сан қырлы шығармашылық еңбектеріңіз бен іргелі ізденістеріңіздің арқасында Жетісу жерінің мәдениетінің мәртебесі асып, алдағы жылдарда да жемісті еңбек етудің негізі қалануда. Руханият пен әдебиетті, мәдениетті бір-бірінен ажырата қарауға болмайды. Аталған саланың дамуы халықтар мен ұрпақтар арасындағы сенімді байланысты одан ары нығайтып, жалғастықты қамтамасыз етеді. Жеке тұлғалардың рухани тұрғыда қалыптасуына оң ықпал жасап, жас ұрпақты туған ел мен жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді. Ұлттың өзіндік ерекшелігі мен құндылығының сақталуына мәдениетті жан-жақты қолдау арқылы ғана қол жеткізуге болады. Қазіргі кезде осынау жетекші салада үш мыңнан астам дарынды адам қызмет етеді. Олардың күнделікті еңбегі мен ынтасы арқасында біздің өлкенің мәдениеті мен өнері жалпақ жұрт мойындайтын жағдайға жетті.
Еліміздің мәдени мұрасы мен құндылығы сақталып қана қоймай, алға жылжыған жылдармен бірге өркен жайып, өрістеп келеді. Мәдениет пен әдебиеттің, өнердің ел мойындаған белгілі тұлғаларының аманатын абыроймен орындаудасыздар. Біз сіздермен мақтанамыз, жаңа маусым жаңалықтар мен жетістіктер әкелсін, – деп мәдениет саласының сардарлары мен сарбаздарына сәттілік тіледі.
Жетісу жерінде бүгінде 500-ден астам мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Саланың бюджеті де жылдармен бірге артып келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Батыр бабалар» мемориалдық кешені, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы сынды жобалар жүзеге асырылған. Талдықорғандағы драма театрға арналып жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілгенін жоғарыда айттық. Жаркент өңірінде Орбұлақ мемориалды кешені тұрғызылды. Облыс орталығындағы Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өтті. Талғар ауданындағы Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейі ашылды. Бұдан басқа да жүзеге асырылған игі істер баршылық.
Мәдениет маусымының ашылуындағы басты жаңалық – мереке иелерінің облыстағы төрт бірдей көпбалалы отбасыға тұрғын үй тарту етуі болды. Жетісу жерінің мәдениет саласының қызметкерлері, ақындары мен жазушылары, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары ұжымдары, сазгерлер мен асабалар өздері жинаған қаражатқа үйсіз-күйсіз жүрген төрт шаңырақты қуантты. Кербұлақ ауданындағы бес баланың анасы Жұлдыз Сұлтанбаева, төрт бала өсіріп отырған қараталдық Айнұр Исаева, Ақсу ауданынан келген көпбалалы ана Толқын Жатқанбаева және текелілік алты баланың анасы Қалиман Мақай сол жерде үйдің кілтін алып, мерейі тасыды. Облыс басшысы баспаналы болғандарға тарту жасады. Шарапатты істермен өрнектелген шара облыстағы мәдениет ұжымдарының қойған концертіне жалғасты.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы