Жинағаныңыз жамау бола ма?

Жинағаныңыз жамау бола ма?

 

Көп тілегі – көл

Зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті сол – қартайған шақта кедейшілік көрмей, тұрақты, ай сайын ақша түсіп отыруын қамтамасыз ету. Қордағы есепшотқа жи­налған қаражат өзіміздікі болғанымен, оны түгелдей шешіп алуға рұқсат беріл­мейтіні анық. Өйткені ол бейнебір бақытты қарттық кепілдігі болуы тиіс. Әйтсе де, бірнеше жылдан бері зейнетақы жина­ғындағы ақшаның белгілі бір бөлігін алып, қажетіне жаратып, тұрмысын түзеуге мүмкіндік беру керек деген ұсыныс ма­ман­дар тарапынан айтылып жүрді. Халық та қос қолдап қолдады. Осы­лайша, «көп тілегі – көл» демекші, бұл күн де туды. Өте қызу талқы бас­талды. Жалпы алғанда, мәселе былай: қыркүйектің бірінші күні Президент халыққа Жолдауында 700 мыңнан астам қазақстандықтың зейнетақы жинағынан ақша ала алатынын айтты. Одан соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері зейнетақы жи­нағын мерзімінен бұрын алуға қатысты мәселені түсіндірді. Министрліктің ақпаратына сүйенсек, жинақтағы ақшаны келесі жылдан бастап алуға болады. Оның өзінде, қолма-қол берілмейді. Өйткені алу үшін не мақсатта жұмсайтыныңызды дәлелдеуіңіз керек. Білім алғысы келгендер, өзіне не жа­қын туысына үй алғысы келетіндер, ме­­дициналық көмекке мұқтаж жандар ақшасын ала алады. Ол үшін тиісті құ­жаттарды тапсырасыз, мақұлдаған жағ­дайда есепшотыңыздан тікелей келесі есепшотқа аударылады.  

Шекті мөлшер аспандап кетпеген бе?

Қандай мақсатқа жұмсауға бола­тынын анықтасақ, кімдердің ала ала­тынына көшелік. БЖЗҚ-да есепшоты бар кез келген азамат ала алады. Бұл жер­де маңыздысы, шотыңызда  қанша ақша бары ғана. Яғни, осы ретте шекті мөлшер туралы айта кету керек. Әр жасқа байланысты өзінің шегі бар. Мысалы, 20 жастағы азаматтың есепшотында 1 720 мың теңге қалса болды. Оның үстіндегі қаражатты ойланбастан жұмсай алады. Мейлі, үй алсын, мейлі, білімге паш етсін. Бір қызығы, бізде жастардың оқу бітірмей жатып жұмысқа орналасуы, оның ішін­де жоғары жалақыға ілінуі өте сирек кез­деседі. Ал енді 20 жастағы азаматтың зейнетақы жинағында миллион теңге бо­луы да қисынға келмейді. Қош, орта жастағы азаматтарды алып көрелік. Орда бұзар жасқа келгендер 2 млн 518 мың теңге қалдырып, қалғанын ала алады. Статистика комитеті модальды және медианалық жалақы бойынша өткен жылдың қорытындысын шығарған. Соған бір көз салсақ, жұмыс істейтін 3,3 млн қазақстандықтың айлығы 112,2 мың теңгеден аз екенін байқаймыз. Ал жалпы орташа жалақы  – 203,9 мың теңге. Ең жиі кездесетін айлық көлеміне келсек, 58 034 теңге. Байқасаңыз, модальды, медианалық айлықты емес, орташа жалақыны алғанның өзінде жектілікті шекті мөлшерге жету оңай емес. Сонда үйін кеңейтіп, мықты емханада емделіп, біліміне білім қоса алатындар онсыз да жағдайы ортадан жоғары адамдар болғаны ма? Бұған қатысты GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық «сеңнің қозғалғанының өзі – жеңіс» деген баға беріп отыр.  

Баспаналы болуды басты ті­лек етіп жүрген көпшілік бөр­кін аспанға ат­ты. Өйткені шекті мөлшерден асса болды, қанша алса да, қанша рет алса да салымшының өз еркі. Айталық, есепшотында 10 млн теңге жиналса, 35 жастағы азамат 2 961 мың теңгені қал­дырып, қалған 7 039 мыңын жұ­м­сай алады. Министрдің сөзіне сүйенсек, қордағы жиналған қа­ражатты жер учас­кесін алу­ға, қайталама нарықтан үй алуға, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру немесе өтеуге (кез келген екінші дең­гей­лі банкте, кез келген бағ­дарлама бойынша), тұрғын үй салу, жөндеу немесе кеңейтуге жұмсауға бо­лады.

  «Шекті мөлшердің бұл жолғы есептеуі шындыққа біршама жанасады дер едім. Қаңтардағы шекпен салыстырғанда, үш есе төмендетілді. Осыған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ұсынысқа қарсы болып келді. Бұрын 30 жастағы азамат жинақтан ақша алуы үшін 6-7 млн теңге жинауы керек болатын. Мұндай сомасы бар адам саны 113 мың ғана болған. Бұл жолы – 2,5 млн теңге, 721 мың астам азамат. Ме­ханизм бойынша, осы азаматтар алдымен алып көрсін. Нәтижесі сосын көріне бастайды. Халық арасында резонанс туады. Көршісі осы жолмен баспана не жер алса, қызығушылық артады. Сонымен бірге қаржылық жағынан сауатты бола түседі. Жинақтан ақша ала алатындар саны 2-3 жылда 2 млн адам болады. Тағы бір айта кететіні – бұрын әйелдерге қатысты әділетсіздік бар еді. Оларда шегі 10 миллион теңгенің үстінде болуы керек болса, ерлерде одан төмен болған. Әйелдер ұзақ өмір сүреді деген желеу айтылып келді. Ал осы жолы жынысқа қарай бөлмеді. Сондай-ақ  жұмыс берушілерге зейнетақы қорына ақша аударылуы керек деген талап қоя­тындар көбейеді», – дейді экономист.  

Қалай және қайда жаратуға болады?

Баспаналы болуды басты тілек етіп жүрген көпшілік бөркін аспанға ат­ты. Өйткені шекті мөлшерден асса болды, қанша алса да, қанша рет алса да салымшының өз еркі. Айталық, есеп­шотында 10 млн теңге жиналса, 35 жастағы азамат 2 961 мың теңгені қалдырып, қалған 7 039 мыңын жұмсай алады. Министрдің сөзіне сүйенсек, қордағы жиналған қаражатты жер учас­кесін алуға, қайталама нарықтан үй алуға, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру немесе өтеуге (кез келген екінші деңгейлі банкте, кез келген бағдарлама бойынша), тұрғын үй салу, жөндеу немесе кеңейтуге жұмсауға бо­лады. Тұрғын үйге қатысты бір ғана шектеу қарастырылуы мүмкін: зей­нетақы қорынан алынған қаржыға сатып алынған үйді 5 жыл ішінде қайтадан сатып жіберуге болмайды. Зейнетақы қо­­рындағы қаражатты тұрғын үй мә­селелерін шешуге жұмсау процесін қа­дағалайтын уәкілетті оператор Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Отбасы» банкі) болмақшы. Ал  қандай құжаттар тапсыру керегі туралы ережелерді Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі белгілейді. Емделуге келсек, бұл мәселені қада­ғалау мақсатында денсаулық сақтау басқармалары жанынан арнайы комис­сиялар құрылады. Олар ем-домның қан­шалық қажет екенін анықтайды. Аза­маттар емделетін клиниканы таңдаған соң  өтінішін уәкілетті операторға тап­сырады. Бұл саладағы уәкілетті опе­­раторды алдағы уақытта Үкімет бел­гілейді. Салымшы қорын басқару үшін басқа қаржылық компанияларға ауыстырғысы келсе, зейнетақы қорына өтініш беруі тиіс. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайды.  

Жүйедегі кемшіліктер

Зейнетақы жүйесінің активтерінің табыс деңгейі төмен. Мысалы,  2019 жыл­дың қорытындысына сәйкес, БЖЗҚ-ның инвестициялық табысы 6,6 пайыз бол­ды. Ал елдегі тұтынушылық инфляция – 5,4 пайыз. Сол кезеңдегі базалық мөл­шерлеме 9 пайыз деңгейінде болса, бір айдан жоғары мерзімге арналған депозит салымдарында одан жоғары болған. Яғни, екінші деңгейлі банктердің бірінен депозит ашып, ақшаны сонда салған әлдеқайда ұтымды. Одан кейінгі кемшін тұсы – салым­шылардың қаражаты көп емес. Қаннен қаперсіз қарттық күй кешуге жетпейді. Ол үшін минимал зейнетақыдан аз болмауы тиіс деп бағалайды сарапшылар. Тіпті, биылдан бастап қосымша 5 пайыздық төлем қосу туралы ұсыныс осыған орай жасалған еді. Әрі зейнетақы жүйесіне деген сенімге де әбден селкеу түскен. Бұл саладағы жемқорлыққа қатысты дау-дамайлардың өзі халықтың күмәнмен қарауына себепкер бола алады. Өйткені қаражатын басқарып отырғандар шы­нымен білікті, кәсіби маман ба, жұ­мыс процедурасы жемқорлыққа жол бер­мейтіндей берік пе – белгісіз. Сон­дық­тан осы бағытта атқарылуы тиіс шар­уа шаш етектен. Экономист Сергей Домнин зейнетақы жинағын қаржы компанияларына та­быстауға қатысты былай дейді. «Бұл институт салымшыларға БЖЗҚ-ның салық емес, инвестиция екенін түсін­діруге қауқарлы. Бірақ механизміне қатысты мәселе көп». Қалай десек те, бұл бастаманың қаржылық сауаттың артуына әсер етері сөзсіз. Кешелі бері БЖЗҚ сайтына кіріп, есепшотындағы ақшаға үңілгендердің көп болғаны сонша, сер­вер мұны көтере алмай, «құлады». Бұ­рын жалақыны «конвертпен» алуды құп­тайтындар енді бәрін заң жүзінде, БЖЗҚ-ға аудару арқылы жұмыс істеуге көшуі мүмкін. Бастысы, маңдай терімен тапқан ақшасының арқасында денсаулығын реттеуге, үй алуға, білімін шыңдауға мүмкіндік ала алса, бұл да – жағымды әсер.  

Жадыра АҚҚАЙЫР