– Қой шаруашылығын дамыту бағдарламасын жасауға сіз басқаратын қауымдастық ұйытқы болыпты, тіпті қаржысын да төлеген көрінеді. Қой шаруашылығы үшін жеке бағдарлама жасауға не себеп болды?
– Елімізде қой шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеуге біздің қауымдастық бастамашы болды. Себебі бұған дейін соңғы отыз жылда мұндай бағдарлама мүлдем болған емес. Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасынан қой шаруашылығы мәселесіне жеке бөлім ғана арналып келді. Ал мемлекеттік органдар ірі қара мал етін экспортқа шығарамыз деп бір бағытта жұмыс істеп кетті. Салдарынан қой шаруашылығы кенжелеп қалды. Сондықтан біз жеке бағдарлама жасауды жөн көрдік. Бағдарлама жасалды. Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдап, салалық мемлекеттік бағдарлама ретінде рәсімделіп жатыр. Өңірлермен келісімге келу сатысынан өтіп, басқа да министрліктермен, халықаралық ұйымдармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Енді қой шаруашылығын дамыту, селекциялау, түрлендіру жұмысы – бәрі бағдарлама шеңберінде жүреді. Бағдарламаны жасауға Республикалық қой палатасы мен ғылыми-зерттеу институттары, ғалымдар мен форсайт мамандары көмектескенін атап айтқым келеді.
– Бағдарламада қой шаруашылығын азық-түлік және тоқыма индустриясымен интеграциялау арқылы жылына 17 млрд АҚШ долларына бағаланатын өнім түрлерін өндіру туралы айтылыпты. Бұған әлеуетіміз жете ме?
– Әрине, бұл міндетті орындауға еліміздің әлеуеті толық жетеді. Себебі Қазақстанда 187 млн гектар мал жайылымы бар. Шалғайдағы 60 млн гектар жайылым пайдаланылмай тұр. Президент Ауыл шаруашылығы министрлігіне жер реформасы бойынша ұсыныстар әзірлеуге тиіс комиссияны қайта құруға тапсырма бергенін білесіздер. Қауымдастық осы комиссия құрамына кірмек. Аудан әкімдері жердің алыпсатарына айналып кетті, ал біз осы жағдайды өзгертіп, жерге қазақ фермерлерінің ие болғанын қалаймыз. Себебі Қазақстан – мал шаруашылығын дамытуға қолайлы санаулы мемлекеттің бірі. Жер қорын қоса есептегенде, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің жалпы аумағы 206 миллион гектарды құрайды. Осындай ұлан-ғайыр аумақта мал санын көбейтуге әбден болады. Мысалы, ұсақ мал – 49,2 млн бас, ешкі – 6,8 млн бас, ірі қара – 21,5 млн бас, жылқы – 7,9 млн бас, түйе – 0,6 млн бас, үй құстары – 128-130 млн бас, шошқа 2,4 млн басқа жете алады. Соның ішінде қой шаруашылығын азық-түлік және тоқыма индустрияларымен интеграциялау арқылы жылына 17 млрд АҚШ долларына бағаланатын жиынтық өнім өндіруге, жылдық экспорт айналымын кемінде 2 млрд АҚШ долларына жеткізуге болады. Бұл – жан-жақты есептелген, зерттелген болжам.
– Бірақ қой түлігінің 60 пайыздан астамы жеке шаруашылықтарда шоғырланғанын ескеру керек. Ауылда қойды асылдандыратын маман да тапшы, жайылым мәселесі тағы бар дегендей...
– Рас, мал шаруашылығының 60 пайыздан астамы жеке қосалқы шаруашылықтың қолында. Әзірге өнімді беріп отырған да – солар. Сонша мал елдің қолында болғаннан кейін оған әрине түрлендіру жұмысы керек. Бірақ ондай шағын шаруашылықтармен жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан біздің бағдарламамызда келісімшарттық фермерлікті немесе кооперация арқылы малды түрлендіру, асылдандыру жұмыстарын жүргізіп, 60-70 пайыз малдың өнімділігін арттыруды көздеп отырмыз. Әрине, бұған қаражат жағынан тапшылық бар, қалғаны реттеледі деп ойлаймын.
Ауылдағы ағайынға неше жылдан бері малды асылдандыру, малды түрлендіру жұмыстары жүрмей келгендіктен, мал ұсақталып кетті, сиырымыз ешкі, ешкіміз лаққа айналған заманға жеттік. Бұған жайылымдардың пайдаланылмауы да ықпал етті. Оның үстіне, қой шаруашылығы мен оның өнімін тұтынушы азық-түлік және тоқыма индустрияларымен арадағы интеграция жойылған, шикізат дайындау инфрақұрылымы да жоқ. Ал оны қалпына келтіру үшін әуелі мал басын көбейту қажет. Сондықтан біз қой санын қазіргі 18 миллион бастан 10 жыл ішінде 36 млн басқа жеткізуді жоспарладық. Бұл – 7 пайыз өсім деген сөз. Ал қазіргі өсім 3-4 пайыз ғана. Егер мемлекет бізді дер кезінде қолдаса, бірлесе қаржыландыру мәселесі шешілсе, «Қазагроның» кепілдік саясаты өзгерсе, аталған мақсатқа ерте жетеміз деп ойлаймын. Әсіресе, пандемия кезінде мал ұстау – тиімді, түрлі сыртқы ықпалдардан тәуелсіз шаруашылық екенін ел түсіне бастады.
– Күн өткен сайын еттің бағасы қарыштап барады. Мұны сиыр етін экспортқа шығарамыз деген жоспарға байланысты деушілер бар. Олай болса, ішкі нарықты етпен қамтамасыз етуде қой өсірушілерге мүмкіндік туып тұр. Қой шаруашылығы бұл мүмкіндікті қалай пайдаланып жатыр?
– Бүгінгі таңда қой етімен ішкі нарық 102 пайызға қамтамасыз етіліп отыр. Ұсыныс сұранысты артығымен жапты деуге болады. Әлгінде айтқанымдай, қой басын 36 миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Себебі қой шаруашылығы өнімдерінің әлемдік экспорты 20 млрд АҚШ долларына жеткен. Әлемдік қой етінің нарығы былтыр 335 млн тоннаға жетсе, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының болжамына сәйкес, 2030 жылы 339 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін. Қазақстан жылына 375-400 мың тонна қой етін өндіре алады. Біз 2030 жылға қарай жылына 375-400 мың тонна қой етін, 80 мың тонна жүн, 12,5 млн бірлік қой терісін, 260 мың қаракөл елтерісін өндіруге жеткізуді көздеп отырмыз.
Ауылдағы ағайынға неше жылдан бері малды асылдандыру, малды түрлендіру жұмыстары жүрмей келгендіктен, мал ұсақталып кетті, сиырымыз ешкі, ешкіміз лаққа айналған заманға жеттік. Бұған жайылымдардың пайдаланылмауы да ықпал етті. Оның үстіне, қой шаруашылығы мен оның өнімін тұтынушы азық-түлік және тоқыма индустрияларымен арадағы интеграция жойылған, шикізат дайындау инфрақұрылымы да жоқ. Ал оны қалпына келтіру үшін әуелі мал басын көбейту қажет.
Жоғары сапалы тұрмыстық және еңбек ету жағдайын қамтамасыз ете отырып, халықтың 32 пайызы ауылдық жерлерде тұрақтап қалады. Жұмыс күші ауылдық жерлерге қайта оралады, ал ауыл халқының тіршілігі қала тұрғындарымен теңеседі. – Жуырда Шотландияда 6 айлық тексель сұрыпты қошқар 365 000 фунт-стерлингке (200 млн теңге) сатылғаны туралы ақпарат тарады. Ал бізде 200 млн демей-ақ қойдым, 2 млн теңгеге бағаланатын қошқар бар ма? – Әрине, бар, біз бірінші аукционымызда бір қошқарды 1 300 000 теңгеге өткіздік, сопақ бас деген аты болған. Тағы бір қошқарымызды 1 400 000 теңгеге сұрап жатыр, мен оны бағасын көтеріңдер деп бермей жүрмін. Ондай малды асырауға мүмкіндік бар, қолдан келеді. – Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексіне енгізілген мораторий күшін жояды. Осыған орай, Президент жолдауында «Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды», – деді. Ал қазақстандықтарға сатыла ма, жоқ па деген мәселе ашық қалды. Сіздің пікіріңізді білсек... қазақ шаруасына жер сатылуы керек пе? – Президенттің жерді шетелдіктерге жекеменшікке беруге болмайды дегенімен толық келісемін. Бірақ қазақ шаруаларына малмен айналысу үшін нақты құрал керек, сол құрал – жер. Жерді пайдалану керек, әйтпесе жеріміз бос қалады. Ауылдан соңғы 10 жылда 1 млн адам көшіп кетті, 1 500 ауыл босап қалды. Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Сондықтан да ауыл-аймақ пен ұлан-байтақ жеріміз бос қалмауы үшін, сол жерде қазақ қалатын амал жасауымыз керек. Ол амал – жекеменшік құқығы, егер жекеменшік құқығы болса жерге, шаруа сол жерде қалады. «Кісідегінің кілті – аспанда» болғандықтан да, қазақ шаруасы жерге қол жеткізе алмай отыр. Өйткені жерді әкім-қаралар, жер комиссиясы бөліп береді. Ал жердің қалай бөлінетініне қатысты мәселе көп. Әкім-қаралардың туыс-туғандарынан артылмайды да, қазақ шаруасы қағыс қалады. Қазақ шаруасы ешкімге тәуелді болмауы керек, ал тәуелсіздік дегеніміз – дербестік, жекеменшік. Сондықтан қазақ шаруасында жекеменшік болуы керек деп санаймын. – Мұхтар Тайжанмен болған пікірталаста бір-біріңізді латифундистердің өкілі деп айыптадыңыздар. Сіз «жер – қазақтыкі» дедіңіз, Мұхтар мырза «жер – халықтыкі» деді, екеуіңіздің айтып отырғаныңыз бір халық емес пе? Сосын сіз латифундиске жатасыз ба? – Біріншіден, мен латифундиске жатпаймын, қарапайым қойшымын. Екіншіден, екеуміздің айтып отырғанымыз – екі халық, ол кімнің салығын жеңілдетті, жерді кімнің арендаға алуына мүмкіндік жасады – міне, сол адамдарды айтып отыр. Ол сол адамдарға мың, миллион гектар жерді жалға алып бермекші, олар – басқа қазақтар. Ал менің айтқаным – қазақтың нақты шаруалары. Мұхтар Тайжан мен сияқты қазақ шаруаларын адам құрлы көрмейді, ол қазақ шаруалары субсидия алудан басқаны білмейтіндер деп санайды. Бәлкім, оның айналасындағы адамдар сондай шығар. Ал мен сізге айтайын, нағыз қазақ шаруаларының оннан бірі ғана субсидияға қол жеткізіп отыр. – Сіз «қазақ шаруасы» деген сөзді жиі қолданасыз. Сол қазақ шаруасының портретін жасап беріңізші, ол қандай шаруа? Оның латифундистен қандай айырмашылығы бар? – Қазақтың шаруасы жалға алған ары кетсе 100 гектар суармалы жері бар, 200 гектардай тәлім жері, 300-400 гектар мал жаятын жері бар шаруа. Мен айтып жүрген қазақ шаруасының бейнесі – осы. Ал субсидия алып жатқан, жүздеген мың гектар жері барлар қазақтың шаруасы емес, олар үлкен агроқұрылымдар. Оларға да ары кеткенде 500-1000 гектар жерді жекеменшікке беруге болады. Өйткені олар да жерге қаржысын салады, үлкен құрылыс тұрғызады. Олар да осы елдің азаматтары, үлкен көлемде салық төлеп, экономиканың дамуына үлес қосып жатыр. Бүгін олардың жалға алып отырған 500 мың – 1 млн гектар жерін басы бүтін жекеменшікке беруге болмайды. Көп дегенде 1 мың гектар жер беруге болады. Қазақтың шаруасында қолы әрең жеткен бір тракторы бар, оны алам деп қарызға батып қалған. Қазақтың кей шаруасында трактор да жоқ. Бірақ жер емейін деген ниеті бар, ауыртпашылықтарға қарамастан, қазақ жерін қорып жүр. Жерден өнім алып, елді асырауға үлес қосып отыр. Міне, осы шаруаларға жер керек. Оларға беретін жер жоқ дегенмен келіспеймін. Жоғарыда Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі 206 млн гектар дедім ғой, міне соның 101 миллион гектары ғана игеріліп жатыр. Сонда 50 пайыздан астам жер игерілмей тұр. Сондықтан қазақ шаруасына беретін жер жоқ деген сөз айтылмауы керек. Ол қандай жер, қай жақта, оны қалай алуға болады, ол екінші мәселе. Анығы сол, игерілмей жатқан жер жетеді. Сол жердің игілігін ел болып көруіміз керек.Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ