Бизнес-эволюция: алыптар аман қалады
Бизнес-эволюция: алыптар аман қалады
171
оқылды
Нарықтағы бәсекелеске сан жылдық тарихы бар компанияны сатып, тізгінді ұстатып қою оңай емес. Бірақ бар мә­селе – бағада. Егер құнына келіссе, са­тылмайтын компания жоқ. Мәселен, биыл шілде айында АҚШ-тың атақты Chevron Corp компаниясы өзінің бәсе­келесі Noble Energy Inc-ты 5 млрд долларға сатып алды. Алайда ақысын төлей салсаң, барлық процесс бірден біте қоймайды. Неге? Оған себеп көп. Бірін­шіден, көп жағдайда үкіметтің рұқсаты керек. Өйткені компаниялар өзгелерді жұтып, өз саласының нағыз алыбына айналып, монополия заңын бұзбауы қажет. Екіншіден, әдетте жай­нап тұрған компанияны иелері сата қой­­майды. Көбіне сатылымға шық­қандардың қа­рызы табысынан артып кетеді. Жоғарыда айтылған Noble Energy Inc-тың жағдайы сондай болған. Chevron Corp төленген 5 млрд-тан бөлек Noble Energy Inc.-тың қарыздарын төлеуге тағы бірнеше мил­лиард доллар жұмсап, келісім­шарттың жалпы құны 13,5 млрд долларға жеткен. Әлемнің, нақтырақ айтса АҚШ-тың Microsoft, Apple, Amazon, Alphabet және Facebook секілді IT алыптары да өзгелерді түгімен қосып жұтуға дайын. Әрине, егер ол жоба, стартап, компанияның келешегі мол деп бағаланса. Кезінде Facebook, WhatsApp және Oculus-ты сатып алуға 21 млрд доллар жұмсады. Google Nest компаниясын 3,2 млрд долларға бағалап, өз иелігіне алды. Ал Apple әуен тыңдайтын құлаққап шығаратын Beats-ты 3 млрд долларға пұлдаған болатын. Microsoft та трендтен қалмай, ірілі-кішілі компанияларды құрамына қосу саясатын ұстанды. 2016 жылы атақты LinkedIn әлеуметтік желісін 26 млрд долларға, IT жобаларды орналастыруға арналған ең үлкен веб-қызмет GitHub-ты 8,4 млрд долларға сатып алды. Ал онлайн сауданың алыбы Amazon Whole Foods Market ритейлеріне 13,2 млрд дол­лар төлеп, оның жаңа иесі атанды. Google-ды басқарушы Alphabet HTC-тың жартысын 1,1 млрд долларға, Looker стартапын 2,6 млрд долларға ба­­ға­лап, жұтып қойды. Сырттай қарасаңыз, сатылған ком­пания не стартаптың иелері, акцио­нер­лері әп-сәтте миллиардер атанған се­кілді көрінеді. Алайда әккі алып кор­по­ра­циялар да қалтасындағы қаржы­сын оңайлықпен бере қоя­тындардан емес. Көбіне олар ақшаның жартысын қолма-қол төлесе, қалған бөлігін акция­мен есептеседі. Оған қоса, бір күнде есеп­шотқа аудара салмайды. Жылма-жыл бөліп төленеді. Мәселен, 2014 жылы Facebook 55 қызметкері бар WhatsApp-ты 21 млрд долларға сатып алды. Алайда М.Цукерберг командасы мессенджерді ойлап тапқан Ян Кумге (WhatsApp-тың негізгі акционері) бар ақшаны бірден бермеді. Мәселен, оған 7,8 млрд доллар төленді. Алайда оның тек 1,97 млрд долларын ақшалай ұстатты, қалғанын 76,36 млн Facebook акциясымен төледі. Яғни, Я.Кум енді Цукербергпен қатар Facebook акционері атанып, директорлар кеңесінің құрамына кірді. Алайда нарықтағы соңғы үрдістерге қарасақ, 1 миллиард доллардан асатын ірі әрі ұзақмерзімді келісімшарттар қазір некен-саяқ. Оның өз себебі бар. Мем­лекеттік органдар монополисттің көбеюі­не шектеу қояды әрі алып компа­ния акционерлері шектен тыс ұлғая беруді қаламайды. Мысалы, АҚШ-тың атақты Pfizer фармацевтикалық компаниясы Allergan силикон өндіруші компаниясын 150 млрд долларға сатып алмақ болған. Дегенмен АҚШ-тың Қаржы министрлі­гінің жаңа шектеулеріне орай келісімшарт жүзеге аспай қалды. Дәл осындай жағдай 37 млрд еуроға бағаланған Qualcomm және NXP Semiconductors арасындағы келісім жасалғанда да қайталанды. Бірақ барлық ірі инвесторды игі ниетті кәсіп­керлер деуге болмайды. Кейде олар бә­секелес өнімді жою үшін сол өнімді шы­ғаратын компанияны иемденеді. Осы мақсатта ақшадан аянып қалмайды. Биыл шілдеде Google Канаданың ақылды көзілдірік шығаратын North компания­сын сатып алды. Бір ай өткен соң оның өндірісін тоқтатты. Сонда атақты Google мұндай қадамға неге барды? Бірден-бір себеп – Google ақылды көзілдірік шыға­ру­да пәлендей жетістікке жете алмады және бәсекелесін жойып, өз өнімін же­тілдіру үшін North инженерлерін сатып алды. Сонымен, бизнесте де «джунгли заңы» жұмыс істейді. Алыптар, қуаттылар, әлділер аман қалады. Кейде әлсіздер де амалын тауып, бәсекеге шыдайды. Кә­сіпкерлер тілімен айтса, нарықта моно­полистердің дегені жүреді. Ірі кор­по­рациялар сол монополист мәртебесін сақтап қалу үшін барлық айла-шараға, амал-әдіске баруға даяр.  

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА