Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің барлық үш билік тармағы, қоғам мүшелері үшін алдағы уақыттағы дамудың мақсаттары мен міндеттерін айқындады. Жолдауда көрсетілген міндеттер қоғамдық өмірдің барлық салаларын нақты қамтумен ерекшеленді. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауы – болашаққа бағдарланған өрлеуді, жаңаша дамуды көздейтін бағдарламалық құжат.
Облыс активінде аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов Жолдау жүктеген міндеттерге қатысты арнайы баяндама жасады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауы – бүкіл халқымыздың назарын аударып, қызу талқыланып, алыс-жақын шетелдерде пікір туындатып отырған айрықша мағынаға ие құжат. Бүкіл әлемді күйзелтіп, жас мемлекетімізге үлкен сын болған пандемия және экономикалық-қаржылық дағдарыс жағдайындағы алға қарай дамудың тетіктері мен нақты істері осы Жолдауда баяндалған. Айта кетейін, Жолдаудың мазмұны қазіргі қиындықтарды еңсерумен шектелмейді. Мемлекет басшысының Жолдауы билік органдарының қызметіне тың серпін беріп, жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейді. Әлем экономикасына орасан зор шығын тигізген коронавирус пандемиясы біздің облысымыздың да әлеуметтік-экономикалық дамуына белгілі бір деңгейде теріс әсер етті, бұл – жасырын емес. Десек те, өңірдегі ахуал тұрақты. Атырау облысының экономикалық даму үдерісін сақтап, халықты әлеуметтік қолдау бағытында шаралар қабылдануда. Экономика, мемлекеттік басқару, азаматтардың құқықтарын қорғау, экология, әлеуметтік сала, өңірлік даму, қоғамның белсенділігін арттыру – бұлардың барлығы да халқымыздың жақсы өмірін қамтамасыз етіп, Қазақстанның болашағын айқындап, озық елдердің қатарына қосылуымызға тікелей әсер ететін аса маңызды фактор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өзіне тән жаңашылдықпен осы басымдықтарды іске асырудың тың тетіктерін белгілеп берді. Соларды басшылыққа алып, жүйелі жұмыс жасау – бұл жергілікті биліктің басты ұстанымы болмақ, – деген аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов Жолдаудағы барлық бағыттағы мәселелерді өз дәрежесінде ұйымдастыруда жергілікті атқарушы билік тарапына жауапкершілік жүктейтінін айтты.
Аймақ басшысы Жолдаудың басым бағыттарынан туындайтын міндеттерге тоқталды. Оларды жергілікті деңгейде іске асыру үшін қандай жұмыстар атқарылуы тиіс екенін атап өтті.
– Осы жылдың 7 айындағы көрсеткіш бойынша, бүгінде өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,9 трлн теңгені құраса, тау-кен өнеркәсібінде 2,6 трлн теңге сомасында өнім өндірілген. Сонымен қатар осы мерзім аралығындағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көрсеткіші – 31 млрд теңгені құрап отыр. Одан бөлек, 2020 жылға көлік инфрақұрылымын дамытуға республикалық және жергілікті бюджет есебінен 41,5 млрд теңгеге 37 елді мекенді қамтып, 223 шақырымнан астам жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жоспарланған. «Сыбаға», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» несиелік бағдарламалары арқылы 672 бас мүйізді ірі қара, 817 бас жылқы, 1 853 бас қой-ешкі сатып алынды.
Іске асырылып жатқан ірі жобалар: облыстық маңыздағы «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» автомобиль жолының 123 шақырымдық Қарабау– Миялы аралығын қайта жаңғырту аяқталып, 87 шақырымды құрайтын Индер – Қарабау аралығының жол құрылысы басталды. «Ганюшкино – Приморье – Утеры –Котяевка» жолының 29 шақырымы күрделі жөнделуде.
Жергілікті жол құрылыс жұмыстарына 2 630-дан астам маман тартылып отыр. Жобалар «Нұрлы жол» «Өңірлерді дамыту», «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Моноқалаларды дамыту» бағдарламалары аясында жүзеге асырылуда, – деген аймақ басшысы өңірдегі шағын және орта бизнес, сапалы білім беру, денсаулық сақтау саласын дамыту, экология және биоалуантүрлілікті қорғау, цифрландыру мен азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысуы, ұлттың жаңа болмысы туралы айтып, Жолдаудағы міндеттерді тиянақты орындауда жұмыла қызмет еткенде ғана нәтиже боларын тілге тиек етті.
Актив жиында сөз алған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Мүкісімов те Жолдаудың мемлекеттік басқару, мемлекеттік қызмет саласындағы бағыттарына тоқталды.
– Мемлекет басшысының айтуынша, азаматтардың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан дұрыс. Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі әр азаматтың мұқтаждығын, халықтың үнін естуге бағытталған. Негізгі өзгерістер өңірлерден бастау алмақ. Біздің өңірдегі 69 ауылдық әкімнің 22-сінің өкілеттік мерзімі келесі жылы аяқталады. Сондықтан ауыл әкімін сайлау ісі біз үшін өзекті, – деген Салауат Мүкісімов Жолдауда жаңа басқару моделі, мемлекеттік менеджменттің жаңғырту секілді концептуалды мәселелердің айқындалғанына тоқталды.
Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт, Атырау облыстық ауруханасының басшысы Ербол Иманғалиев, Атырау қаласы Үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №30 мектеп-гимназиясының директоры Гүлфия Есқайырова және «АМӨЗ» бас директоры Шухрат Данбай Жолдауда белгіленген бағыттар бойынша баяндама жасап, өз ой-ұсыныстарын айтып, қолдау білдірді.
Активті қорытындылаған аймақ басшысы М.Досмұхамбетов:«Алдымызда ауқымды әрі күрделі міндет тұр. Соларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет» деп Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткен осындай қасиеттерді бойымызға жинап, ұтымды қимылдайтын болсақ, кез келген қиындықты еңсеріп, биік асуларды меңгеретініміз анық. Сондықтан депутаттарды, мемлекеттік қызметшілерді, Атыраудың барлық саналы азаматтарын осы құндылықтардың айналасында топтасып, қажырлы еңбек етуге шақырамын, – деп Президент Жолдауында белгіленген бағыттардағы мәселелерді өз дәрежесінде ұйымдастырып, әрі қарай іске асыруды орынбасарларына, Атырау қаласы және аудан әкімдеріне тапсырды.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы