Өткен ғасырдың 50-жылдары пайдалануға берілген Қызылорда су торабы соңғы жылдары апаттық жағдайда тұр,күрделі жөндеуді қажет етеді.Нысан бұзылса, онда өңірдегі 38 елді мекенді су басу қаупі бар. Сонымен бірге облыстың 3 ауданы, Қызылорда қаласы аумағындағы 110 мың гектар суармалы, 250 мың гектар шабындық, жайылымдық жер сусыз қалады. Қауіп жыл өткен сайын күшейе бермек. Сәуір айында болған Үкімет отырысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова су торабын жаңғырту жұмыстары тезірек басталмаса, қауіп күшейетінін айтқан еді. – Жобаның құны – 3,2 млрд теңге. Бұл жөнінде мемлекеттік сараптама бар. Енді жобаның жүзеге асырылу мерзімі 2 жыл болғандықтан, ол жол картасына кірмей қалды. Өйткені ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. Сол себепті бірден 2 жылды қамтитын қомақты қаражат қарастыруымыз қажет. Сонымен қатар бұл жерде маусымдық мәселе бар. Мысалы, егін егу, егін жинау кезінде жұмыс істей алмаймыз. Тек күзде, егін біткеннен кейін бастауымызға болады, – деген еді өңір басшысы. Міне, енді осындай табандылықтың нәтижесінде Қызылорда облысын дамыту бойынша 100 млрд теңге көлемінде экономикалық көмек жасалатын болды. Қызылорда облысын дамыту мәселелері жөніндегі жұмыс тобы 79 жобаға қолдау болатынын хабарлаған болатын. Осы қолдау аясында 2020-2022 жылдар ішінде облыста 80-ге жуық іс-шаралар жүзеге асырылмақ. Экономиканың дамуы және басқа да маңызды міндеттермен қатар халықты толғандыратын ең өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік болады. Тұрғын үй, су, газ, жылу, электрмен жабдықтау және жол жөндеу секілді көптеген жоба іске асырылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамыту шараларының арасында облысты газдандыру мен көліктік инфрақұрылымын жетілдіру бар. Транспорттық инфрақұрылымды дамыту аясында 2022 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автожолдардың санын 72 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2018 жылы бұл көрсеткіш 63,5 пайыз болғанын атап өткен жөн. Бүгінгі жағдай халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларына қатысты көптеген проблемаларды ашып көрсетті. Облыста 34,7 мың оқушыға компьютер, ноутбук, планшет және модем секілді компьютерлік техникалар сатып алу көзделіп отыр. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде жас кәсіпкерлерге мемлекеттік грант беруді және шағын несиелендіруді арттыру жобасы облыста кәсіпкерліктің дамуына оң әсер берді. Егін шаруашылығы үшін суармалы алқаптардың маңызы ерекше. Мемлекет қолдау көрсетіп отырған жобалар қатарында «Күміскеткен» және «Қараөзек» су қоймаларын жаңғырту, сондай-ақ ирригациялық жүйелерді жетілдіру шаралары бар. Қыс мезгілінде тоғандарға жинап алынған су жаз айында егістікке жіберіледі. Ал «Көкарал» бөгетінде атқарылар жұмыс – балық шаруашылығымен айналысатындар үшін қуанышты жаңалық. Ол экологтардың, сондай-ақ төтенше жағдай қызметіндегілер көңілінен шығатын шара екені де даусыз. Оларды іске асыру 8 мыңға тарта жұмыс орнын құруға, салық базасын кеңейтуге және ең бастысы жалпы өңірлік өнімнің 1 пайыздан астам өсуіне мүмкіндік береді. Жалпы, Үкіметте мақұлданған жобалар өңір тарихындағы елеулі жаңалықтармен айшықталмақ. Мәселен, ауданнан шалғай орналасқан Ақбасты, Тоқабай, Абай және Төретам, Жанқожа батыр, Майдакөл ауылдарын сумен жабдықтауды жүзеге асыру халықтың тұрмыс-тіршілігін жаңа деңгейге көтеру деп білген жөн. Қысқасы, облыста маңызды деген міндеттерге мықтап көңіл бөлініп отыр. Өңірді дамытуға бағытталған жобалар туралы алдағы уақытта да оқырманға жеткізетін боламыз.
Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы