Түркістанда мал ұрлайтын топ ұсталды

Түркістанда мал ұрлайтын топ ұсталды

Ұрылар соңғы екі жыл аралығында жайылымнан 20 бас ірі қара мал мен 58 бас жылқыны қолды еткен. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019-2020 жылдар аралығында Сарыағаш, Төлеби, Сайрам, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы аудандарының полиция бөліміне 23 жәбірленуші арызданған.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, белгісіз біреулер олардың қора-жайлары мен жайылымнан ондаған малын ұрлап кеткен. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 40 миллионға жуық теңгені құраған. Осыдан кейін полицейлер шұғыл іздестіру іс-шараларына кірісіп, Криминалды полиция басқармасы мен аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылған.
Нәтижесінде жедел уәкілдер екі бірдей қылмыстық топтың ізіне түсіп, оларды қыркүйек айының басында Сарыағаш, Төлеби аудандарымен Шымкент қаласындағы тұрғылықты мекенжайларынан ұстаған. Белгілі болғандай, 5 адамнан құрылған қылмыстық топтың бірі ұрланған малды жүк көлігіне артып, әкетіп отырған. Ал, екінші қылмыстық топ өздерінің арнайы қора-жайларында ұрланған малды жасырып ұстап отырған.
«Бүгінгі таңда осы қылмыстарға қатысы бар деген 8 күдікті қамауға алынды. Олар Түркістан мен Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты. Күдіктілердің бесеуі бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасап, сотты болғаны анықталды. Сондай-ақ, ұрланған малдарды сатып алып отырған 4 тұлға ұсталған. Күдіктілерден 42 бас жылқы табылып тәркіленіп, оларды полицейлер заңды иелеріне қайтарған. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», делінген хабарламада.