Ескі де жаңа жатақхана
Ескі де жаңа жатақхана
Биылдың өзінде Талдықорғанда бірнеше жатақхана пайдалануға беріледі деген жағымды жоспар бар. Солардың қатарында Жетісу мемлекеттік университетінің сту­денттеріне арналған заманауи көп­­қабатты жатақхана күні кеше қол­данысқа берілді. Осылайша, облыс орталығын­дағы көрікті «Қаратал» шағын­ауданы тағы бір жаңа нысанмен то­лықты. Өңіріміздегі бірегей жоғары оқу орны – І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты студенттер үйі қаланың сәулетін одан әрі сәулелендіре түсті. Сәнді сәулетімен алыстан көз тартатын жаңа жатақхананың ашылу салтанатына құрылыс ба­рысын қадағалап, кемшілік кетпеуін қатаң назарда ұстаған об­лыс әкімі Амандық Баталов пен облыстың, қаланың құрметті азаматтары қатысып, жастардың қуанышымен бөлісті. – Өткен ғасырдың 90-жылдары құрылысы басталып, бірнеше жылда қабырғалары көтерілген кезде тұралап қалып, ұзақ уа­қыт бітпей тұрғандықтан онда­ғы құрылыс материалдары сапасы­ның да нашарлағаны анық еді. Құрылысты одан әрі қарай жүр­гізу үшін тиісті сараптамадан өт­кізу қажет болды. Ретін тауып, ғи­маратты мемлекет меншігіне алып, сараптама жүргізіп, 2019 жылдан бастап құрылысты қайта жандандырдық. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасына» сай студенттерге арналған жатақхана болсын деген шешімге келдік. Енді жетісулық жастар бүгінгі уақыт талабына сай салынған сту­денттер үйіне орналасып, білім алатын болады, – деген Амандық Ғаббасұлы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаевқа жаңа ғимараттың символикалық кілтін салтанатты түрде табыс етті. Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков атамыз ақ батасын берген соң ғимараттың лентасы қиылып, жиналған көпшілік жаңа нысанның ішін аралап көрді. 13 қабатты үйде 96 жатын бөлме бар. Әр бөлмеге үш студенттен орналасады. Жатақхананың бірінші қабатында жастардың уақытын көңілді әрі тиімді өткізуге арналған түрлі танымдық-спорттық бөлмелер, ша­ғын кинотеатр, кафе, би ала­ңы орналасқан. Сондай-ақ әр қабатта асүй, кітапхана, компью­тер бөлмесі, демалыс орындары жабдықталған. Айналасы да абаттандырылып, жастардың демалып, түрлі шаралар өткі­зіп, спортпен айналысуына лайық­талған. Қазіргі кезде Жетісу мемле­кеттік университетінде 6 мыңға жуық жас білім алады. Оқу орнына қарасты 525 орынды екі жатақхана бар еді. Жастар тарапынан бұған дейін жатақханалық 500 орынға сұраныс болған. Бүгін пайдалануға берілген 288 орынды студенттер үйінің осы сұранысты біршама қанағаттандыратынына шүбәміз жоқ.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы