Нұр-Сұлтанда велоспорттан «Олимпиада үміті» жарысына 300-ге жуық бала қатысып жатыр
Нұр-Сұлтанда велоспорттан «Олимпиада үміті» жарысына 300-ге жуық бала қатысып жатыр
157
оқылды

Елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде «Олимпиада үміті» атты 5-6 жастағы балалар арасында велосипед спорт түрінен Гран-при басталды.

«Сарыарқа» велотрегі велосипед спорты бойынша олимпиадағы дайындау орталығының басшысы Динара Әубәкірованың айтуынша, жарыстың талабы барлық қатысушыларға бірдей.

«Балалар 4 санат бойынша сайысқа түседі. Яғни, 5 жастағы ұлдар бөлек, қыздар бөлек және 6 жастағы ұлдар мен қыздар бөлек топ болып сынға түседі. Жалпы жыл санап қатысушылардың саны артып келеді, алғаш 2016 жылы өткізгенде 147 бала қатысса, биыл 280 бала қатысып отыр. Тағы бір айтып кететін жайт жарысқа қатысу тегін»,– деді Динара Әубәкірова. Ұйымдастырушылар аталған бәсекеге ниет білдірген кез келген бала қатыса алатынын айтты. Ол үшін баланың туу туралы куәлігі, медициналық анықтама және ата-анасының атынан өтініш болуы керек.

«Осымен үшінші жыл өтіп жатқан шараның мақсаты – балаларды спортқа оның ішінде велоспортқа баулу. Одан бөлек, бізде қазір балаларды велоспортпен кәсіби дайындау мақсатында іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Іріктеуден өткен үздік деген балаларды арнайы сексия аясында кәсіби мамандар дайындайтын болады», – деді Динара Әубәкірова.

 «Олимпиада үміті» велоспорт жарысының жеңімпаздарына І орынға велосипед, ІІ орынға шығыршықты коньки, ІІІ орынға шлем табыс етіледі. Сонымен бірге, ынталандыру ретінде демеушілердің сыйлығы бар.