Мас жүргізуші 4 баланы қағып кетіп, біреуі қаза болды
Мас жүргізуші 4 баланы қағып кетіп, біреуі қаза болды
©Сурет интернеттен алынды
5,133
оқылды
Бұл жайында облыстық Полиция департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға кеше 5 қыркүйек сағат 18:50 шамасында Бородулиха ауданы Жаңа Шүлбі ауылында болған. Mitsubishi Chelengerе көлігін тізгіндеген 31 жастағы жүргізуші мас күйінде «айналу» маневрын жасағанда рөлге ие бола алмай қалған. Сөйтіп, 5, 10, 11 және 12 жастағы 4 баланы қағып өткен. Олар жолдың төңірегінде ойнап жүрген еді.
Жол апаты салдарынан 10 жасар қыз жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Қалған балалар түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. «Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 345-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды» деп атап өтті облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.
Қазір жүргізуші ұсталып, аудандық полиция бөлімінің уақытша изоляторына қамалған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Мұндай қылмыс үшін Қылмыстық кодексте 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, сондай-ақ 10 жыл бойы көлік жүргізуге тыйым салынуы мүмкін. Тергеу жалғасып жатыр.