Нұр-Сұлтан іргесіндегі ауыл жарықсыз отыр
Нұр-Сұлтан іргесіндегі ауыл жарықсыз отыр
©Сурет интернеттен алынды
106
оқылды
Азаттықтың мәлімдеуінше, сенбі күні, 5 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласынан екі километр жердегі Қаражар ауылының тұрғындары әкімдік алдына жиналып, жарық, интернет және өзге де инфрақұрылым мәселелерін шешіп беруді талап еткен. Ауыл тұрғындары негізінен электр жарығына шағынды. Олардың сөзінше, әкімдік биыл көктемде ауылға трансформатор орнатқан, бірақ оны іске қоспаған. Сол себепті жергілікті халық электр энергиясын жекеменшік трансформатордан киловатына 27 теңге төлеп сатып алады. "Қуаты аз шағын жекеменшік трансформатор бүкіл ауылды қамтамасыз ете алмай отыр" дейді тұрғындар. - Көктемде құрал-саймандар әкеліп трансформатор орнатты, бірақ оны іске қоспады. Ұры түсіп, ауыл адамдары ала жаздай кезек-кезек күзетіп шықты. Енді күн суытпай қоспаса, ұрлық қайта басталады. Оны қалпына келтіру тағы 5-10 жылға созылады, - дейді өзін Қарагөз деп таныстырған жергілікті тұрғын. Қаражарлықтар кей тұрғындардың өз қолымен жүргізген электр желісі жел тұрғанда салбырап кетіп, оны кішкентай балалар әткеншек қылып теуіп жүретінін, мұның балалардың өміріне қауіпті екенін айтады. Алайжа сол жиналған тұрғындарға билік өкілдері келмеді. Қаражар тұрғындары ауылдың әлеуметтік жағдайын жыл сайын айтып келеді. Ақмола облысының Целиноград ауданындағы алты мың тұрғыны бар бұл ауылға ауызсу тек былтыр тартылған. Целиноград ауданы әкімдігінің сайтында 2019 жылы электр жүйесін тарту үшін бюджеттен 17 751 000 теңге жұмсалғаны жазылған.