Таразда тегін жер алатын тұрғындарды таппай жатыр
Таразда тегін жер алатын тұрғындарды таппай жатыр
Фото: Интернеттен алынды
Таразда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясындағы жеке тұрғын үй салу бағытындағы жұмыстар тоқтап қалды. Жергілікті әкімдік мемлекеттік бағдарламаға деп бөлінген жер қорын пайдалана алмай отыр. Жоба басталғалы дәл осы бағыт бойынша санаулы адам баспаналы болған көрінеді. Қазір бұл жұмыстар мүлдем ілгерілемей тұр. Тіпті биылдыққа бір де бір үй тұрғызылмапты. Баспана мен жер кезегінде тұрған азаматтар саны күн санап артып барады. Жер кезегіне 10-15 жыл бұрын тұрып, кезегі жеткен тұрғындар заңды жерлерін ала алмай сенделіп жүр. Қазір Таразда 2011 жылы емес, 2006 жылы кезекке тіркелгендер жер ала алмай жүр. Бүгінде 17 мың адамның кезегі келіп тұр. Бірақ берілетін жер жоқ. Заңға сәйкес инфрақұрылым тартылмай жер берілмейді. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу үшін азаматтардың барлығы бірдей жоба шарттары мен талаптарына сәйкес келмейді.
Тараз қалалық жер қатынастары бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұржан Бекежанов: «11935 азаматқа хабарлама жібергенбіз. Оның ішінде тек ғана 488-і ғана қатысам деп өтініш берді. Оның ішінде тек 38 азаматты ғана Құрылыс жинақ банкі «одобрить» етті. Көбісі кезінде ИИН ештеңе көрсетпеген бізге. Көбісін таппай жатырмыз. Ал оны тастап кетіп келесіге «неғылайық» (берейік – ред.) десек, прокуратура оған қарсылық, наразылық білдіреді. Аттап кетуге болмайды деп. Ол кісі алмайтын болса жазбаша түрде бізге ескерту керек», – дейді.
«Нұрлы жер» бағдарламасының жеке меншік құрылыс бағыты бойынша Тараз қаласының аумағынан 29 гектар жер бөлінген. Бірақ бұл жердің басым бөлігі бүгінде бос тұр. Жоба басталғалы бар-жоғы 47 үйдің құрылысы жүргізіліп, 20-сы ғана берілген. Ал жер мен үйге деген сұраныс артып барады. Таразда жеке тұрғын үй салуға берілетін жер мәселесін бір жүйеге келтіру қажет. Қалалық жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, облыс орталығында жер ауқымды көлемде 2003 жылы ғана берілген. Ол уақытта 1300 адам жер телімін алған көрінеді. Одан бері тек 2017 жылы ғана жер 400 адамға үлестірілген. Ал биыл Тараз қаласы бойынша бірде-бір адамға жер телімі берілмеген. Қазір кезекте тұрған адам саны 70 мыңнан асып барады.