Air Astana компаниясының алдағы жоспарлары қандай?
Air Astana компаниясының алдағы жоспарлары қандай?
183
оқылды

«2019 жылы 15 000 теңгеден төмен 520 000 билет сатылмақ және бұл сан 2020 жылы 5 есеге көбейеді». Air Astana компаниясы Қазақстанда авиация мен туризмді дамытуда өз жоспарларымен бөлісті.

2019 жылдың мамыр айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша FlyArystan бюджеттік әуе компаниясы құрылды. Әуе компаниясының мақсаты – Қазақстан Республикасының экономикасын дамытуға серпін беру, өңірлер арасындағы сауда және мәдени байланыстарды жақсарту.

Air Astana компаниясының президенті Питер Фостер өз сөзінде қазақстандықтардың қолжетімді бағаға ұшақ билеттерін ала алулары үшін бюджеттік компания құру қажет болғандығын айтады. «FlyArystan бюджеттік әуе тасымалдаушысын құру қоғамның сұрауына жауап болды. Жаңа әуе компаниясымен әрбір қазақстандық ұша алады. Егер қазір әуе компаниясының флотында 2 ұшақ қана болса, 2020 жылы әуе паркінде 10 заманауи әуе лайнері болады.  2019 жылы ішкі бағыттар бойынша 15 000 теңгеден төмен бағада Air Astana компаниялар тобының 520 000 билеті сатылады. 2020 жылы бұл сан 5 есеге артады», - дейді компания басшысы.

29 наурыз күні сатылым басталғаннан бүгінгі күнге дейін FlyArystan құны 15000 теңгеден төмен 270 мыңнан астам билет сатты, бұл сатылған билеттердің жалпы санының 69%-ын құрайды.  Атап айтқанда, арзан бағамен Тараз қаласына 90%, Шымкентке – 62%, Қарағандыға – 50% жуық, Павлодар мен Нұр-Сұлтанға - 40% жуық билет сатылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпарына сәйкес, FlyArystan әуе қызметінің пайда болу нәтижесінде барлық әуежайларда жолаушылар саны айтарлықтай артқан. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2019 жылы Тараздағы өсім 142%-ды, Қарағандыда 44%-ды, Павлодарда 41%-ды, Шымкентте 27%-ға жуық және Оралда 22%-ды құрады.

Флоттың ұлғаюымен және жаңа бағыттардың ашылуы арқасында қазақстандықтар өздерінің саяхаттарын алдын ала жоспарлап, арзан бағаға саяхаттай алады. Ұшу күніне жақындағанда, әдетте, әуе тасымалдаудың бағасы көтеріледі. Мұндай баға белгілеу түрі динамикалық деп аталады және ол авиаәуе компанияларының бәсекеге қабілетті болуына  мүмкіндік береді. «Air Astana» әуе компаниясы құрылған күннен бастап мемлекет тарапынан субсидия алған жоқ. Бұл ретте әуе компаниясы жұмыс орындарын құрып, Қазақстанның мемлекеттік бюджетіне салық төлейді. Компания бюджетке салық және міндетті төлемдер түрінде 446 млн-дан астам  АҚШ долларын төледі. «FlyArystan өсімінің арқасында Air Astana компаниялар тобының ел бюджетіне жыл сайынғы төлемдер сомасы айтарлықтай артады», - деп хабарлайды компания.

«Air Astana әуе компаниясы клиенттерге ең төменгі баға бойынша билеттер, зейнетақы және жастар тарифтерін, сондай-ақ жедел емделуге немесе шетелде операция жасауға мұқтаж балаларға тегін билеттер ұсына отырып, өз дамуын жалғастырады. Өзінің қызмет етіп келе жатқан уақыт аралығында әуе компания ҰОС ардагерлеріне 15 000-нан астам билет және балалар мен еріп жүретін адамдарға 1000 билет берді», - деп хабарлайды Air Astana.