Қазақстандық заманауи өнердің өкілі Мақпал Жұмабай Лондонда «Ауа» атты концептуалдық концертін өткізді.
Ақын, композитор әрі орындаушының шетелдегі алғашқы қойылымын тамашалауға екі мемлекет арасындағы мәдени әріптестікті қолдайтын өнер саласының мамандары, жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері және студенттер келді.
Мақпалдың шығармашылығымен Youtube арқылы танысып, әсерлі әуендеріне ғашық болған ВВС телеарнасының журналисі Роберт Гринал әншінің жанды дауыста орындаған әндерін Лондонда тыңдау британиялық көрермен үшін өте керемет мүмкіндік екенін айтты. Ал Брайтон университетінің лекторы Макс Туки болса, Мақпал Жұмабайдың шығармашылығы әлемге әйгілі әнші Бьорк пен Портисхед тобын еске салады деген пікірде.
«Бірақ, меніңше, ол дара тұлға. Маған Мақпалды басқа әртістермен салыстыру ұнағанымен, бұл әділетсіз болар еді. Меніңше, ол ешкімге ұқсамайтын өнер адамы»,– деді ұстаз.
Әнші-композитор Мақпал Жұмабай британиялық талғамы жоғары көрерменнің көңіл кілтін тапқанына дән риза.«Концерттің аяқталғанына жарты сағат болса да тыңдармандар келіп, құшақтап, кейбірі тіпті жылап жатыр. Меніңше, өнер баршаға ортақ тіл, адам жанының тілі бір екендігін көрсетеді»,– деді ол.
Концерт алаңына Брунель мұражайы таңдалып алыныты. Ғимараттың ішкі қабырғасына ағылшын тіліне аударылған ән мәтіндері шығып тұрды. Мақпал әндерін әдеби ағылшын тіліне тәржімалаған аудармашы Дэвид Кук: «Қазақ поэзиясымен танысқан аз уақыттың ішінде оның қаншалықты әуезді екенін аңғардым. Сондықтан ағылшын тілінде автор мақамдарының сұлулығын барынша жоғары деңгейде жеткізуге тырыстым»,– деді. Лондондағы концерт шетелдік музыкалық нарықты зерттеуге арналған эксперимент тәрізді. Қазірдің өзінде әріптестік орнату бойынша бірнеше ұсыныс бар және алдағы уақытта Мақпалдың жұлдызы шетелде жануы мүмкін.