Алматы облысында құм аралас қант сатқандар жазалана ма? – видео
Алматы облысында құм аралас қант сатқандар жазалана ма? – видео
Фото: Интернеттен алынды
248
оқылды
Ақсу ауданына қарасты Алтынарық ауылының тұрғындары зауыттан 2 тонна қант сатып алған екен. Қап-қабымен өзара бөліп ап, тосап қайнатамыз деп сақтап қойған. Қызықтың көкесі қапты ашқаннан кейін басталған. Бір емес, екі емес, барлығының қанты осындай қоқым аралас болып шыққан. Суға салсаң түсі бірден қарайып, түбіне тұнба тұнып қалады, дейді.
– Екі мөшектен алды, үш мөшектен алды кейбіреулер. Сөйтіп алды. Бір айдай тұрды ма, 15 күндей тұрды ма, одан кейін барып қолдандық. Бетіне топырақ шығып тұр. Сап-сары өріктің тосабы мынандай қоңырқай түс болды, сол қантпен қайнатқаннан. Әйтпесе, ол мөп-мөлдір болуы керек сары өрік, – дейді Ақсу ауданының тұрғыны Раушан Сазанбаева.
– Ақсу қант зауытынан қант алғанбыз. Содан кампот қайнаттым. Сол компатты қайнатқан кезде қаншама қоқым шықты. Қайнаған күннің өзінде де астында тұнбалары тұнып тұр. Ақ қант беріп, қара қантын өздеріне алсын. Қара халықты алдап, білмеймін енді. Қашан атылады екен деп тұрмыз. Қыстық азығымыз ғой, – деп қосты Ақсу ауданының тұрғыны Нұргүл Саябаева.

Елді әбігерге салған бұл мәселе жайлы «Ақсу қант» зауыты басшылығының айтуынша, бұл 3-сұрыпты қант екен. Кондициясына келтірілмеген өнім. Ол жалпы нарықта сатылмауы керек.

– Қант зауытының сезоны басталған кезде және аяқталған кезде кондициялық емес қант шығарылады. ТС-3 деп аталады. ТС-3-ті біз омарташыларға сатамыз. Бұндай жағдайдың болып тұрғаны алып-сатарлардың кесірінен деп ойлаймыз. ТС-3 қантын білмей алған халық, алған жеріне барып, чекпен таза қантқа ауыстыруға талап етуіне болады. Ал, енді, ірі көлемде алған алып-сатарлар зауытқа келіп, накладноймен мәселесін шешуге болады, – деді қант зауытының техникалық директоры Жандос Баймұхамбет.

Алыпсатарлардың кесірінен аузы күйген зауыт басшылары енді жаңа маусымда қаптардың сыртына ТС-3 деген белгі салмақ. Сондықтан, келер жылы қант алар кезде зат таңбасына назар аударған жөн. Айта кетейік, үшінші сұрапты қантты омарташылар бал арасына береді екен.

  https://youtu.be/ixTqeSs7hGo