Қазақстан футболының аңызы Сейілда Байшақовтың 70 жас мерейтойы мен «Тараз» футбол клубының құрылғанына 60 жыл толуына орай жолдастық кездесу өтті. Бұл жолы алматылық «Қайрат» пен жергілікті «Тараз» командасының ардагер ойыншылары өзара бақ сынап, кім мықтыны анықтады. Кездесу алдында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ардагерлерге сәттілік тілеп, өңірдің футбол мектебі шебер ойыншылар шығаратын «ұстахана» екендігін жеткізді.
"Оның айқын көрінісі – Сейілда Байшақов. Ол Қазақстан футбол тарихындағы жарқын ойыншылардың бірегейі. Көптеген жанкүйердің көзайымына айналып, ойын мәнері талай жастардың футболға келуіне үлкен әсер етті деп есептеймін. Оның ізін басып бүгінде Бақтияр Зайнутдинов, Бауыржан Исламхан, Еркебұлан Сейдахмет секілді жастар шығып жатыр. Жолдастық кездесуге алаңға шыққалы тұрған ардагерлердің көбі жамбылдық футбол мектебінің түлектері екендігін көріп тұрмыз. Олардың жартысы республиканың сол кездегі басты командасына шақырту алған ойыншылар болатын", - деді Б.Сапарбаев.Бұдан кейін облыс әкімі мерейтой иесі Сейілда Икрамұлыны құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Сонымен қатар «Тараз» футбол клубының 60 жылдығымен құттықтап, арнайы сыйын тарту етті. Ардагерлер арасындағы жолдастық кездесуді Бердібек Сапарбаев пен Сейілда Байшақов допты ойынға қосу арқылы бастап берді. Бұл күні жасыл алаңда «Тараздың» қазіргі бас бапкері Владимир Никитенко, Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бұрынғы бас бапкері Сергей Тагиев, ардагерлер арасында Азияның және Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Александр Мазманян, Қазақстанның екі мәрте чемпионы, Кубок иегері Қайрат Айменов, «Тараздың» үздік сұрмергендерінің бірі болған Анатолий Бельский, Нұрмат Мырзабаев, Ерлан Елеусінов, Асқар Күшекбаев пен Сергей Пак секілді футболшылар доп теуіп, ойын көркін қыздыра түсті. Кездесудің алғашқы бөлігінде алаң иелері есеп ашып, тайм соңына таман есепті еселей түсті. Инаят Қрықбаевтың қос голы осылайша «Таразды» алдыға шығарды. Дегенмен кездесудің келесі таймында «Қайрат» ардагерлері қайсарлық танытып, ойын тізгінін өз қолдарына алғандай болды. Сергей Тагиев, Нұрмат Мырзабаев, Сергей Пак, Анатолий Бельский кезек-кезек гол соғып, қонақтарды 2:4 есебімен алға шығарды. Бұдан кейін жамбылдықтар да арғымаққа қамшы салды. Алмасхан Лепесов қапталдан көтерілген әуедегі допты қақпаға баспен бағыттап, мергендігін танытса, Инят Қрықбаев бұл кездесуде хэт трик жасап, таблодағы көрсеткішті теңестірді. Тіпті Берік Ускембаев «Таразды» есепте алдыға алып шықты. Дегенмен, матч аяқталар тұста ойын ережесі бұзылып, алаң қонақтарының пайдасына 11 метрлік айып соққысы берілді. Мүмкіндікті мүлт жібермеген 70 жастағы Сейілда Байшақов допты қақпаның төмен бұрышына бағыттай салды. Қорытынды есеп 5:5. Осылайша ардагерлер футболды қалай ойнау керектігін бір көрсетті.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы