Алматы праймеризге қатысушылар санынан көш бастап тұр
Алматы праймеризге қатысушылар санынан көш бастап тұр
102
оқылды
Бүгін бүкіл ел бойынша партияішілік праймериз кандидаттары үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Алматыда праймериз қатысушылары үгіт-насихат кезеңінің алғашқы күнінде 100-ден астам іс-шара өткізді. Алматы қаласы бойынша үгіт-насихат жұмыстарына 230 үміткер қатысуда, оның ішінде мәслихатқа 185, Мәжіліске 45 кандидат бар. Қаланың кейбір аудандарында бір депутаттық орынға 10-нан астам қатысушы үміткер ретінде тіркелген. «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуровтың айтуынша, қатысушылардың орташа жасы 42 жасты құрайды. Оның ішінде әйелдер – 81 (35,2%), 35 жасқа дейінгі жастар – 72 (31,3%). Алматы шағын және орта бизнес пен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің ішінен праймеризге қатысушылар санынан республика бойынша алда келеді.
«Қазіргі таңда Алматы қаласы шағын және орта бизнес нысандары өкілдерінің саны бойынша көш бастап тұр. ШОБ секторы 53%-ды құрайды. Праймеризге қатысуға бизнесте 122, ал үкіметтік емес ұйымдардан 33 адам өтінім берді. Бұл 14,3% -ды құрайды»,– деді «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров.
Кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен ZOOM арқылы онлайн-кездесулер, ашық алаңдарда немесе санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, желдетілетін бөлмелерде офлайн-кездесулер арқылы жүргізілетін болады. Сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы филиалдарының ресми аккаунттары арқылы тікелей эфир өткізіледі. Бұдан бөлек, 14-30 қыркүйек аралығында Алматының әр ауданында праймериз қатысушылары пікірсайысқа қатысады. Ол үшін ашық түрде жеребе тастау және қатысушыларды бөлу жүргізіледі. Кезең 3 қазанға дейін жалғасады. Нәтижелер осы жылдың 5 қазанында белгілі болады. Жеңімпаздар мәслихаттар мен Парламент депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерінде болады.