Суицид пе, назар аударту ма?
Суицид пе, назар аударту ма?

Соңғы уақытта көпбалалы аналар Министрліктер үйінің маңына жиі жиналатын болды. Олардың арасында баласы мүгедек әйелдер де, жалғызбасты аналар да бар. Барлығы да әлеуметтік мәселесінің ше­шілгенін қалайды. Тіпті осы айда екі адам талап-тілегін көпірге шығып жет­кізуге тырысты. Оның бірі – тепсе темір үзетін жігіт, отбасылы, ба­ла-шағалы. Екіншісі – көпбалалы келіншек. Екеуінің де талабы бір – кезексіз баспаналы болу. Заңға сүйенсек, талаптары жөнсіз. Бірақ солай екен деп, бұл мәселені жылы жауып қоюға тағы болмайды.


Мемлекет көмектен қашпайды

Қалай десек те, қос кейіпкер, шы­нымен, суицид жасамақ болды ма әлде осы әрекеттері арқылы билік на­зарын өздеріне аударғысы келді ме, ол жағы өздеріне мәлім. Дәл қа­зіргі уақытта оларға қатысты қоғам пі­кірі қақ жарылып тұр. Көпірден се­кірем деген жігітті жігерсіз деп жаз­ғыр­ған­дар да, келіншекке қарата бала тап­қанын міндет етпесін деушілер де бар. Әркім өзінің сана деңгейінде са­ра­лайды және оған құқылы. Осы бір сүреңсіз оқиғаларға қатысты ат­қару­шы биліктің де айтар өз уәжі бар. Олар біз заңнан аттай алмаймыз дей­ді. Себебі көпірден секірмек бол­ған келіншектің баспана кезегіне тір­кел­мегені анықталған.

– Біз өтірік сөйлемейміз, артық уә­де бермейміз. Бірақ қолымыздан кел­генше көмекті аямаймыз. Жағдайым на­шар, кезегімді күте алмаймын де­ген азаматтарға демеушілер арқылы кө­мектесіп жатырмыз. Мемлекет кө­мектен қашпайды. Бес күн ай­ғай­ласам, он күн айғайласам үй береді деу – дұрыс емес. Кезекте 47 600 адам тұр, біз олардың құқын қалай бұ­­­замыз? Олар бірнеше жылдан бері үй кезегінде тұр, кезегін күтіп еңбек етіп жүр. Мемлекет олар үшін баспана са­лып жатыр. Сондықтан бәрін ақыл­дасып істеуіміз керек, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Кө­лгінов.

Қала басшысы көпірден секір­мек­ші болған жігітпен кездесіпті. Оған «Еңбек» бағдарламасы бойынша Сол­түстік Қазақстан облысына жұмысқа тұ­руды ұсынғандарын айтады. Ол жақ­та баспана да, жұмыс та беріледі. Бүгінге дейін солтүстік өңірге елор­да­дан 160 адам қоныс аударып үлгеріпті.


Олар – мемлекет болашағына
еңбек етушілер

Осындайда тоқсаныншы жыл­дардағы тоқырау кезеңі еске түседі. Елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайы бүгінгіден де ауыр болды. Алайда үкіметке та­лап қойып, суи­цидке барған ана­лар туралы естіген емеспіз. Ке­рісінше, бала-шағасын үйде қалдырып, ала сөм­кесін ар­қалап, саудаға шықты. Ал бү­гін ше? Егер Конституцияда жа­зыл­­ған­дай, мемлекеттің басты бай­лығы адам екенін ескерсек, ха­лық са­нын кө­бейтуге үлес қосып отыр­­ған ана­лар­ды жазғыруымыз жөн бе?

Еуразия ұлттық университеті әлеуметтану кафедрасының до­центі, әлеуметтану ғылымының кандидаты Рамазан Салықжанов бұл көпбалалы отбасылардың ғана мәселесі емес дейді.

– Олардың балалары – біздің ертеңгі асыраушыларымыз. Сон­дықтан көпбалалы аналар мем­лекеттің болашағына еңбек ету­шілер деп түсінуіміз керек. Егер үкімет оларға жағдай жасай алмаса, қиын-қыстау кезеңде қол ұшын соза алмаса, онда ол үкіметтің не жағдайы, не ниеті жоқ. Осы жағдай аналарды ашын­дырады. Мұның себебі мемлекет халықтың өсіп-өнуін, әл-ауқатын, дамуын бағдар­лауда бала санының өсуін, оларды бағып-қағушылардың, яғни әке-шешесінің жұмысы мен бас­па­насы болуы үшін жағдай жасауды бол­жа­мауы, болжаса да соны орын­да­ма­уынан туындап жа­тыр, – дейді ол.

Оның айтуынша, тоқса­нын­шы жылдардағы қиыншылық халық­тың барлығының басында болды. Әлеуметтік жағдай Ал­матыдан ауылға дейін бірдей күй­де еді. Ал бүгінгі қоғамда әлеу­меттік, мате­риалдық айырма бар. Үлкен де, кіші де соған налиды.

– Менің жағдайым неге бұ­лай, бәріміз бір ортадан шығып едік қой деген сұрақ мазалайды оларды. Шынында, біз неге екіге жарыл­дық? Себебі кезінде бі­реулер пысықтық танытты, бар­мақ басты, көз қыстымен орасан зор қаржы мен мүлікті иеленіп, бүгін соның арқасында күн көріп отыр. Мұны білетін халық, әрине, ашынады. Қалай деген­мен де, бұл мәселені шешу қажет. Балабақшамен, мек­теппен қам­тамасыз ету, үлкен­дер­дің жұ­мыспен, баспанамен қам­тылуын жоспарлау қажет. Ауыл­дарды дамыту өте маңызды. Ауыл хал­қын мегаполис үш қалаға ты­ғып тастаудың қажеті жоқ. Жабы­лып жатқан ауылдарды сақтап қалып, дамытудың негізін қалып­тас­тыр­ған жөн. Себебі қазақта ата­жұрт, қара шаңырақ деген түсінік бар. Елдімекендердегі үй саны елуге жетпейді деп жауып тас­тауға болмайды. Үйдегі төрт ұл­дың үшеуі қалаға кетсе, біреуі қара шаңырақта қалады. Бұл – біздің дәстүріміз, болмысымыз. Ал біз ауылда жұмыс жоқ деп бәрін қалаға әкеліп жатырмыз. Олар қа­лаға келген соң тамыры жоқ ағаш сияқты солып, со­ңында бүгінгідей әлеуметтік мә­селемен бетпе-бет келеді. Одан да өңірлерді дамытып, ха­лықты жұмыспен қамтуды ой­ластырса, мұндай мәселе туын­дамас еді, – дейді әлеуметтанушы.

   

«Пәтерді Үкімет басшысы да бере алмайды»

Өткен жұма күні Үкімет үйін­дегі баспасөз мәслихатында Ин­дустрия және инфрақұры­лымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев алдағы үш жылдың ішінде көп­балалы отба­сылардың пәтер мәселесі толықтай шешілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, ми­нистрлік көпбалалы аналардың баспана мәселесін екі жолмен шешпек көрінеді. Алды­мен «Ба­қытты отбасы» бағдарлама­сымен несие алып, үй сатып алуға мүм­кіндік беріледі. Бұл бағдар­ламаға қатысуға табысы жетпе­гендер болса, олар үшін жалға берілетін тұрғын үйлер салынады.

– Қазіргі уақытта көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегінде тұрған 40 мың адам бар. Жыл са­йын 6 мың пәтер салмақпыз. Биыл ондай 8 мың үй салынады. Келесі үш жылдың ішінде Пре­зидент тапсырмасына сәйкес, баспана кезегі мәселесін шеше­міз. Сон­дық­тан сабыр сақтау керек. Жергі­лікті әкімдік белгі­леген кезек бар. Ол кезектің ал­дына ешкім шыға алмайды. Пә­терді мен де, министр де, Үкі­мет басшысы да бере ал­май­ды. Өйткені заң бар, – дейді ол.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләз­зат Ибрагимованың ай­туын­ша, «Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкі» табысы төмен от­басылар үшін биыл іске қосылған «Бақыт­ты от­басы» бағдарламасы арқылы 2 500 адамның өтінішін қанағат­тан­дыр­ған. Қазір олар үй іздеп, құжаттарға қол қойып, несие алып жатыр екен. Ал 455 от­басы жа­ңа үйлеріне кі­ріп, қоныс тойын тойлап жатыр. 2020 жылдан бас­тап «Бақытты отбасы» бағдар­ла­ма­сы арқылы 10 мың отбасы бас­паналы бо­лады деген жоспар бар.


Топтағы адамда
дербес ойлау дағдысы болмайды

Көпірден секірмек болған­дар­ды құқық қорғау органда­­рының қызметкерлері әупі­рімдеп аман алып қалды. Адам мұндай қадамға еріккеннен бармайды десек те, өз өмірін бәйгеге тігіп көпірге шығу, ақылға қонымсыз. Жазатайым ая­ғы тайып кетсе, қайтер еді? Жалпы, адам мұндай қадамға қалай бара­ды? Біз бұл сауалды психолог Ли­мана Қойшиеваға қойдық.

– Егер бұл мәселені ғылыми тұрғыда талқыласақ, онда пси­хиатр ғалым Зигмунд Фрейдтің жеке тұлға қандай да бір топтың ішінде болғанда, сол топтың пси­хологиялық ықпалына көн­гіш болатыны туралы айтқаны еске түседі. Жалпы, жеке тұлға топ ішіне түскеннен бастап, бұ­рынғы қалпынан өзгеріп, мүлде басқаша ойлайтын, басқаша әрекет жасай­тын күйге түседі. Себебі ол психо­логиялық қауым­ның жетегіне ерік­сіз еріп кетеді. Француз пси­хологы Гюстав Ле­бон да инди­видтер өмір салты, білімі, мінезі, әлеуметтік жағ­дайы түрлі-түрлі бола тұра, бір топқа түскенде сол топтың ру­хын сіңіріп алатынын айтады. Соңғы айларда билікке талап-тілегін алаңға барып білдіріп жүрген әйелдердің ортақ чаты бар. Жеке әйел чатта айтылатын проб­лемаларды оқиды, тың­дай­ды, сөйтіп көтерілуге үндеп жат­қан­дардың ығына жығылады. Үнемі сол топта жүрген, топтың әңгімесін тыңдап жүрген соң дербес ойлау немесе әрекет ету дағдысынан айы­рылады. Демек, әр тұлға өзінің идеясы мен сезімі болса да топтың тұтас мүшесіне айналады. Мұны психология­лық вирус деп айтады. Ол вирус адам­ды агрессивті тұлғаға айнал­ды­рады. Адам бұрын-соңды өзінде болмаған мінезді көрсете бас­тайды. Себебі ол топқа түс­кеннен кейін жеке бас жауап­кершілігін ойламайды. «Бізге не істей ала­ды?» деген ой басым бо­лады. Он адамның ортасына түс­кен­де өзін қа­һармандай кө­реді. Ре­волюция кезінде жоғары тұлғалар емес, қарапайым адам­дар отқа түсіп кеткен ғой. Өйт­кені топ ішінде жүргенде олар­дың өзін-өзі сақтау инстинкті бой көрсете алмай қалады. Қа­уым ішінде өзін күш-қуаты мол сияқты көреді. Өзін құрбан етуге дайын тұрады. Топта жүрген адам шын­дық пен өтірікті ажы­рата алмайды, себебі санамен ойлау болмайды. Оның әрекеті топ­тың мәселесін шешетіндей түрлі әре­кетке барудан тартын­бай­ды, – дейді ол.

Лимана Қойшиеваның ай­туынша, әйелдер талап қойған жиынға психологтардың шақы­рылғаны жөн. Әйелдермен ке­ліссөзге ерлерден гөрі әйелдер бар­ғаны дұрыс. Ең бастысы, ашынған адамға, соның ішінде әйелге, көп жағдайда, эмоция­лық қолдау, жылы сөз керек.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ