Қазандықтан қауіп бар
Қазандықтан қауіп бар

Қазақстанда кейбір өңірлер, ал елордада бірқатар мектептер қысқа дайын емес. Демек, сол облыстар тұрғындарына және астаналық оқушыларға қақаған қыста қатты тоңу қаупі төнуде. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына қатысты алаңдатарлық мәліметтер жария етілді.

Энергетика министрінің бі­рінші орынбасары Махамбет Дос­мұхамбетовтің айтуынша, жалпы алғанда, Қазақстанның «Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі» штаттық режимде жұмыс істеуде. 2019 жылдың 19 қыркүйегіндегі жағдай бойынша еліміз жыл ба­сынан бері 73,1 миллиард кВт/са­ғат электр энергиясын тұты­нып­ты. Бұл өткен жылдың ұқсас мер­зімімен салыстырғанда 1,7%-ға ар­тық. Осы көрсеткіштер қыс ке­зінде, айнала ақтүтек боранға бө­леніп, ақшұнақ аяз қысқанда есе­леп артады. Себебі тұрғындар тіпті қалада да қосымша жылу болсын деп электр пештерін қосады. Үсте­меленген жүктемені көтеруге сала дайын ба?

– Бүгінде 11 энергоблоктың бе­сеуінде жөндеу жүргізілді, бұл жыл­дық көлемнің небары 45%-ын құрайды. 63 қазандықтың 40-ы жөнделді. Бұл – жылдық көлемнің тек 63%-ы. Бұған қоса, 46 турби­наның тең жартысы – 23-і жөн­делді. 4 энергия блогында, 28 қа­зандықта және 18 турбинада ­жөн­деу жұмыстары жалғасып жа­тыр, – деді М.Досмұхамбетов.

Ал «Қазгидромет» болса, осы аптадан бастап, республиканың көп жерлерінде күн күрт суытып, ызғар үстемдік құратынын бол­жайды.

Электр желілері бойынша 21 мың шақырымдық электр беру желісі мен 1 152 шағын станса жөндеуден өткен. Бұл жылдық жоспардың тиісінше 84% және 92%-ына тең.

Бірінші вице-министр бірқа­тар өңірлер жөндеу кестесін сақта­май, кешігіп қалғанын жеткізді.

– Павлодар облысында «Еуроа­зиаттық энергетикалық корпо­рацияның» электр стан­сасының №8 блогында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Жөндеу тек 24 қазанда аяқталмақ. Сондай-ақ осы корпорацияның электр стан­сасының №5 бло­гында да күр­делі жөндеу жұ­мыс­тары тәмам­далмай тұр. Негізгі себеп – мер­ді­гер компанияның шарттық міндет­темелерін орын­дамауы. Жөндеу 30 маусымда бітеді деп жоспарланған болатын. Енді бұл мерзім 30 қа­занға ысырылып отыр. Соның сал­да­рынан биылғы 1 қыркүйекте ­бас­талуға тиісті №6 блоктың күр­делі жөндеуіне олар кіріскен де жоқ, – деді ол.

Алатау бөктеріндегі мега­по­листің де қыста жаурау қаупі бар. «Алматы электр стансалары» АҚ-ның ЖЭО-2-сінде №4 қазан­дық­тың жөндеу жұмыстары аяғына де­­йін жеткізілмеген. Жөндеу 29 қыр­­күйекте аяқталады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, М.Досмұхамбетов отынмен қамтамасыз ету қандай деңгейде екеніне де тоқталды. Биылғы 19 қыркүйектегі жағдай бойынша электр және жылу өн­ді­руші стансалар мен орталықтар қой­масында 4 миллион тонна кө­мір қоры үйіліп жатыр. Бұл был­тырғы көлемнен 15%-ға артық. Со­нымен бірге оларда 101,9 мың тон­на мазут қордаланған, бұл өт­кен жылғы көрсеткіштен 23%-ға көп.

Энергетика министрлігі 277 мың тонна көлемінде «әлеуметтік» ма­зутты жеткізу кестесін бекітіп, өңір­лерге бағыттаған. Арзан­да­тыл­ған мазуттың бағасы әр тонна үшін 100 мың теңге тұрады.

– Біздің министрлік орталық және жергілікті атқарушы орган­дармен бірлесіп, алдағы жылыту маусымы тұрақты, қалыпты өтуі үшін тиісті жұмыс жүргізуде. Өңір­лер әкімдіктері энергия көзде­рін­дегі жоспарланған барлық жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзім­де аяқтауды бақылауға алуы қа­жет, – деп түйді М.Досмұхамбетов.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өз ведомствосы жылыту маусымына дайындық мақсатында 2019-2020 жылдарға арналған жұмыс жоспарын бекіткенін еске салды. Оған сәйкес барлық өңірлер әкімдіктері 2019 жылдың 15 қа­занына дейін бүкіл нысандарды то­лық дайындауға әрі халықты және коммуналдық-тұрмыстық ұйым­дарды отын қорымен қам­тамасыз етуге тиіс болған. Ал жөн­деу жұмыстарының кей нысан­дарда қазан айының соңына дейін ұласатынын ескерсек, бұл жос­пардың толық орындала қоймай­тыны аңғарылады.

Министр әлеуметтік нысандар жайынан да құлағдар етті.

– 10 967 білім беру нысаны не­месе 99,6%-ы дайын. Мектептерді 1 қыркүйекке дейін әзір ету жос­пар­ланған болатын. Алайда үш өңір дайын емес. Бұлар – Нұр-Сұлтан қаласы (97,7 пайыз), БҚО (99,5 пайыз), Атырау облысы (99,5 пайыз). 5 936 денсаулық сақтау ­ны­санын әзір ету жоспарланған. Соның 5 921-і немесе 99,7%-ы ­да­йын. Дайындығы төмен өңір­­лер қа­тарында Атырау облысы – 95,2 па­йыз, Ақтөбе облысы – 98,9 па­йыз, БҚО – 99 пайыз, – деді Б.Атамқұлов.

Қазақстанда орталықтан­ды­рылған жылу жүйесіне қосылған 46 809 тұрғын үйде жөндеу жұ­мыс­тары жоспарланған-тын. Соның іс жүзінде тек 45 908-ы немесе 98,1 па­йызы жөнделген. Министр тұрғын үйлерді жылыту маусымына да­йындау бойынша бірқатар өңірде жұмыс қарқыны төмен екенін мә­лімдеді. Мысалы, БҚО-да – 84,5%, Түркістан облысында – 94,9%, Шымкент қаласында – 90,7%.

Жергілікті әкімқаралар халық­тың өмірін қауіпсіз ету үшін қазан­дықтарды ғимараттардан аулақ әкету жөніндегі міндетті де орын­дамай отырған көрінеді. Бұл шара 2017 жылдың басында Шахтинск қаласының Шахан кен­тінде жылу қазандығы жа­рылғаннан кейін қолға алынған болатын. Сонда бір­неше адам қаза тауып, бесқа­бат­ты үйдің бір жағы түгел құлап қалған. Ізінше тұрғын үйлер, мек­тептер мен ауруханалар ішіндегі қазандықтарды аластату науқаны басталды. Бірақ оның аяғына дейін жеткізілмегені енді белгілі болуда.

– Өңірлерде дербес жылыту жүйелерін сыртқа шығаруға қа­тысты мәселе бар. Министрлік бел­гіленген «құрылыс нормалары және ережелерін» бұза отырып, көппәтерлі тұрғын үйлерде, білім беру және әлеуметтік сала объек­тілеріне орналастырылған дербес қазандықтарға 2017 жылдан бері мониторинг жүргізді. Жалпы, Қа­зақ­стан бойынша ҚНжЕ-ге қайшы орнатылған 769 дербес қазандық анықталған. Оның ішінде 39-ы – көпқабатты тұрғын үйлерде, 730-ы – білім беру, әлеуметтік, мәдени, тұрмыс нысандарында. Оларды шығару жергілікті бюджет немесе басқа да қаржы көздерінен жүзеге асырылады, – деді министр.

Екі жарым жылда не өзгерді? 2019 жылғы 19 қыркүйектегі жағ­дай бойынша 412 қазандық шы­ғарылыпты. Бұл жоспардың бар-жоғы 54,5 пайызы ғана. Төмен көр­сеткіш Қостанай (13 пайыз), Ақ­мола (36 пайыз), Қарағанды (51 пайыз) облыстарында тіркелген. Бей­біт Атамқұлов мұның арты ауыр жағдайға соқтыруы мүм­кіндігін ескертті. Сол себепті ол әкім­дерге ғимарат ішіндегі қазан­дықтарды бөлек орналастыру жоспарын орындау бағытында шұғыл шаралар қабылдауды ұсын­ды. Әйткенмен өңір басшы­ла­ры­ның есіл-дерті сөз естімей, жаура­ған елді ұлардай шулатпай, жы­луды уақытында беру болып отыр­ғандықтан, құрылыс жұмыстарын талап ететін бұл науқан келесі жыл­дардың үлесіне қалатынға ұқ­сайды. Тек тағы да қазандық жа­рылып, бұқараның обалына қал­маса болды.

Үкімет отырысында айтыл­ғандай, жыл басынан бері көмір өндіруші компаниялар отынның осы түрінің 75,1 млн тоннасын өн­дірген. Бұл былтырғыдан аз және 97,2 пайызына тең. Осы ке­зең­де елдің ішкі нарығына 51,5 млн тонна көмір жөнелтілген. Соның ішінде үйінде пеш жағатын халық­қа сатуға 7,1 млн тонна көмір ба­ғыт­талыпты. Ал әкімдіктер дере­гін­­ше, алдағы қыста халықтың кө­­мірге деген қажеттілігі 10,4 мил­­лион тон­наны құрамақ. Қазақ­стан­дықтардың көбі қысқа керекті бүкіл отынды бірден түсіріп алуға ты­рысады. Ендеше, сұраныстың то­лық өтелмеуі жылдағыдай баға қымбатшылығына ұрындыруы ғажап емес.

Министр Б.Атамқұлов қазіргі кезде коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылар 11,4 миллиард теңге берешек екенін де мәлім етті. Ең көп қарыз Алматы (2,6 млрд), Нұр-Сұлтан (1,7 млрд), Маңғыстау (1,5 млрд) және Шымкентте (1,3 млрд).

Жиынды қорытындылаған Үкі­мет басшысы Асқар Мамин өңір­­лердің әкімдеріне 2 апта ішін­де кө­мірді даярлау және өткізу бекет­терінің инфрақұрылымының қа­зіргі жағдайын, жеткізілім кес­тесін, сатылатын көмірдің бағасын және сапасын тексеруді жүктеді. Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрлігіне ҚТЖ-мен бірлесіп, көмір жеткізуге арналған вагондардың қажетті көлемін қамтамасыз етуді тапсырды.

«Өңірлерде кәсіпорындардың жеткізілген газ бен көмір үшін және тұрғындардың коммуналдық қызметтер үшін берешегін жабу жұмысын күшейту қажет!» деп нықтады Премьер-министр.