Көп әйел алуға рұқсат етілді ме?
Көп әйел алуға рұқсат етілді ме?
Бұл «жаңалықты» құптағандар, қуана қабыл­дағандар, «шіркін!» деп тамсанғандар, тіпті Қа­зақстанда мұның жоғына жабырқап, аһ ұрғандар көп болды. Соған қарап, екінші әйелін «заңдастыра» алмай жүргендер көп пе деген ой туады. Бірақ осы жаңалық шындық па? Өзбекстанда шынымен көп әйел алу туралы құжат қабылданды ма? Өзбекстан үкіметі бұл хабарды жоққа шығарды. Оң­түстік көршіде нәзік болмыс иелерінің бірден бірне­шеуінің басын айналдырып, құшағына алған ер кіндікті 3 жылға дейін сотталып кетуі ықтимал. «Өзбекстанда көп әйел алуға рұқсат етілгені туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Егер азамат бұрын некесін тіркесе, онда оны бұзбай, қай­тадан некеге отыруына қатаң тыйым салынады. Бұған қоса, екі не­месе одан көп әйелмен төсектес болып, бірге тұру («сожи­тельство») заңмен қу­далауға жатады: ондай адам­дарға 50-ден 100-ге дейінгі аралықта базалық есептік шама (БЕШ) көлемінде айыппұл салынады немесе 3 жылға дейін еңбекпен түзеу жұмыстары тағайындалады. Сондай-ақ 1-ден 3 жылға дейін бостандығы шек­телуі немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деп түсініктеме берді Өз­бекстанның Әділет министрлігі жанындағы Мемлекеттік қызметтер агент­тігі. 2020 жылдың тамызынан бастап 1 БЕШ 223 мың сумға немесе 21 АҚШ долларына тең. Басқаша айт­қанда, Өзбекстанда «қос кеменің басын ұстаған» отағасы 22,3 мил­лион сумға дейін айыппұл төлейді немесе 3 жылға түрмеге қамалады. Жалпы, Өзбекстанның Қылмыстық кодексінде «көп әйел алу» деген бап бар. Тиісінше, осы қылмысқа барғандар 126-бап бойынша жазаланады. Өзбек­станның UPL порталының дерегінше, жақында Самарқанд облысында екі әйелі бар ер адам ұсталыпты. Оны сот бір жыл тегін қоғамдық жұмыстар істеуге міндеттеп, үкім шығарды. Екінші әйелімен қарым-қатынасын үзуге мәжбүрленді. Сарапшылар керісінше, Қазақстанда бұл саладағы заң әлдеқайда жұмсақ екенін алға тартады. Көптеген ауқатты адамдар, белгілі тұлғалар осы олқылықты пайдаланып та жүр. Мысалы, еліміздің Қылмыстық кодексінде «көп әйел алу» деген бап жоқ, сәйкесінше, қылмыстық қудалау да қа­растырылмаған. Ондай жаза 1998 жылы алып тасталды. 2001 жылы көп әйел алушылықты заңдастыру туралы бастаманы Мәжілістің сол кездегі депутаты Амангелді Айталы көтерген болатын. 2007 жылдан кейін осы бағытта бірнеше рет талап жасалды. Мәселен, 2008 жылы неке және отбасы кодексі қабылданғанда депутаттар кезекті рет бұл мәселені талқыға салған. Бірақ өтпеді. Қазіргі кезде де мемлекет ондай ұсы­ныстарды табанды түрде қа­былдамай келеді. Себебі Қазақстан дамыған елдер қатарына қосы­луға бет алды. Кі­лең де­мо­кратиялық елдерден тұратын ол санаттағы мем­лекеттердің бірде-бірі көп әйел алуды құптамайды. Бұл бір еркектің бірнеше әйелді қатар кем­сітуінің көрінісі саналады.  

Айхан ШӘРІП