Естеріңізде болса, биыл 6 шілдеде Ақтаудағы Құрық ауылындағы жағажайдан видео тараған. Ол жерде теңіз итбалығын таяқтап жатқан еді. Аталған бейнежазба таралған сәтте көпшілік наразылық білдіріп, жануарларға зорлық көрсетуге тыйым салу керек деп бастама көтерген. Юрий Толочко итбалықтың костюмін киіп, «бұл итбалықтарды таяқтағандарың үшін» деп Нұр-Сұлтан тұрғындарын таяққа ұқсас жұмсақ ойыншықпен ұрған. «Бүгін мен жануарларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы «Жаса» акциясына шығарамын. Гуманизм осыдан басталады. Бұл – менің пікірім. Каспийде итбалықтарды таяқпен ұрған варварлық жағдай естеріңізде ғой. Мен де таяқпен ұрамын, бірақ тек адамдарды ұрамын», – деді Юрий Толочко. Блогер көшеге шығып, өтіп бара жатқандарды жұмсақ ойыншықпен ұрып шығады. Бірі қарсы жауап қайтарса, енді бірі акцияның мәнін түсінді. Арасында не болып жатқанын мүлдем ұқпай қалғандары да кездесті. «Көбі не туралы айтып жатқанымды түсінді. Жастар өте дұрыс жауап берді. Ересек әйелдер де өте жақсы жауап берді. Бірақ ересек ер адамдар аздап алаңдаушылық білдіріп, қиналып қалды. Көбі акция үшін алғыс айтты», – деп бөлісті блогер.
Айша ЕРСҰЛТАН