Nur Otan партиясының Қызылорда облыстық филиалы партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 10 қыркүйек пен 10 қазан аралығында облыс көлемінде әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделуіне мониторинг жүргізуді бастап кетті.
Бір ай көлемінде жоспар бойынша 800-ге жуық нысанға мониторинг жасау жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 75 нысанға мониторинг жұмыстары жүргізіліп, талапқа сай келмейтін мекемелерге ескерту жасалды.
Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова бастаған, құрамында үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар арнайы топ «Еуразия» спорт кешені, Азаматтарға арналған үкімет «Халыққа қызмет көрсету орталығы», облыстық мұражай, оқушылар сарайы секілді бірқатар нысандарға мониторинг жүргізді.
– Мониторинг барысында анықталған кемшіліктерді түзеуге қатысты тапсырмалар берілді. Мәселен, «Еуразия» спорт кешенінің сыртқы пандусын талапқа сәйкестендіру, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы автотұрақ орнын белгілеу, облыстық мұражайда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін әжетханаларды талапқа сәйкестендіру секілді ескертулер айтылды, – дейді мониторинг тобының мүшесі, «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жұмаділаев.
Рейд кезінде мүгедектердің, тіпті олар үшін бейімделген ғимараттарда да көптеген құқықбұзушылық анықталды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың көліктері тұратын арнайы тұрақтың болмауы, пандустардың стандарттарға сай еместігі, мүгедектер арбаларына арналған есіктер және жуынатын бөлмелердің қажетті параметрлерге сәйкес келмейтіні анықталды. Көрмейтін, естімейтін адамдар үшін рельефті тактильді жабындардың, дыбыстық сигналдардың толық еместігі рейд кезінде белгілі болды.
Базар маңындағы дәріханалар, дүкендер, банк филиалдары тексерілді. Қалалық мүгедектер қоғамының өкілі Диана Смағұлованың айтуынша, қаланың бұл бөлігі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді емес. Көптеген дәріханалар мен дүкендерде пандустар дұрыс орнатылмаған, қоршаулар да талаптарға сай болмай шықты. «Еуразия» спорт кешенінде де бірнеше олқылықтар байқалды. Пандус қолжетімді болғанымен, стандартқа сәйкес жасалмаған. Ал облыстық мұражайда бұл жағынан кедергі жоқ. Дегенмен кеңседе лифтпен байланысты проблемалар бар екені анықталды. Рейд барысында комиссия мүшелері Азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету орталығы орналасқан ғимараттың қызмет көрсету сапасына жоғары баға берді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік нысандарды бейімдеу бойынша рейд жұмыстары тек Қызылорда қаласында ғана емес, аудандарда да жалғасады. Мониторинг нәтижелері тиісті органдарға жіберіледі.