33 жастағы күзетші құрылыс жүріп жатқан нысанға жұмысқа орналасады. Жұмыс орнында, қарауыл күркесінде отырғанда көше жақтан таңғы 5.30 шамасында белгісіз бір дыбыстар шығып жатқанын естиді. Сөйтіп, мән-жайды анықтау үшін есікті аша бергенде цементтің қабын басына кигізіп, ауыр затпен ұрып құлатқан. Кейін нысанның ішіне апарып, қол-аяғын матап тастайды. Қарсылық таныта бергенде күзетшіні пышақтап, есінен танғанша арматурамен ұрған. Есін білмей, жерде жатқан қызметкерді таңертең жұмысқа келген құрылысшылар тауып алады. Полицияға шағымданып, соның нәтижесінде мәселенің мән-жайы белгілі болады. Анықталғандай, құрылыс нысанынан материалдық құны бар бірнеше тауар ұрланған. Сонымен бірге күзетшінің жалпы құны 2 млн теңге болатын жеке заттарын да қарақшылар иемденіпті. Қауіпсіздік жүйесі, жарық, қоршау — ештеңенің болмағаны ұрлықшыларға тіпті жақсы болған. Десе де, жедел іздестіру шараларымен айналысуға дереу кіріскен полиция қызметкерлері қарақшылық жасағандарды анықтапты. Қылмысқа 42 және 34 жастағы туған ағайынды азаматтар кінәлі болып шықты. Олардың бұған дейін де бірнеше рет сотталғаны да белгілі болып отыр. Күзетшінің есін тандырып, тауарларды алып шыққан соң заттарды Қосшыға тасып үлгерген. Жоспарлары бойынша, сол жерде өткізбек болыпты. Қылмыс болған соң бірнеше сағаттан кейін-ақ ұсталыпты. Қазіргі таңда заттай айғақтар тәркіленіп, күдіктілер изоляторға қамалған. Қылмыстық кодекстің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр. Бүгінде тергеу басталып кеткен.