Жалпы, ХХІ ғасырдағы демократияның ең шешуші алғышарты не десе, сөз бостандығы мен пікірлер алуандығын атауға болар. Себебі онсыз әділ сайлау мен әлеуметтік теңдікті болсын, тәуелсіз сот пен белсенді азаматтық қоғамды болсын елестету мүмкін емес. Адамзаттың өзі пайда болмастан бұрын бастапқыда Сөз болған деген тұжырым да тегіннен айтылмаса керек. АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтон: «Сөз бостандығы болмаса, біздің бәрімізді мылқау да көнгіш қой сияқты сойысқа айдауға болар еді», – дейді. Уақыт өткен сайын аталмыш қанатты сөз өз құндылығын арттырмаса, жоғалтпай келеді. Өйткені тәуелсіз ақпарат қана ақты ақ, қараны қара деп, қоғамның көзін ашуға, саясат атаулының үгіт-насихатына көз жұмып сену емес, биліктің әр қадамын бақылап оған ықпал етуге мүмкіндік қалыптастырады. Рас, тәуелсіздік жылдарында отандық баспасөз бірталай асуларды бағындырды, кәсіби деңгейін көтеріп заман талабына сай ысылып-жетілді. Мемлекет тарапынан журналистердің жұмысын заңдық жағынан реттеп, олардың еңбегін сүйемелдеуде, жас мамандарды дайындауда бірталай игі шаруалар тындырылды. Билік орындарына, Парламентке, қоғамдық кеңестерге баспасөз саласының көрнекті өкілдерін жиі тарту да БАҚ ықпалының күшейгенін айғақтайды. Қазақстандағы медиа-кеңістік ойдағыдай қарқынмен болмаса да, жылдан-жылға қазақиланып келе жатқаны – жақсы жаңалық. Керек десеңіз, кеше тек орыс тілінде шыққан ақпарат құралдары өздерінде қазақ редакциясын ашып, қазақтілді авторларға жиі жүгінуде. Бұл, әлбетте тоқмейілсуді білдірмеген абзал. Керісінше, ұлттық сана-сезімі оянып келе жатқан қазақы әлеумет аталған оң үрдіске белсенді атсалысқаны құба-құп. Атап айтқанда, газет-журналдарға жазылу, моральдық, шама келсе материалдық демеу жасау, басқа да жолдар арқылы. Бұл да қоғамдық жауапкершілік танытудағы халықаралық тәжірибе. Мәселен, Ұлыбританиядағы аты күллі әлемге танымал «Би-би-си» корпорациясы тек азаматтардың қаржысына арқа сүйеп, есесіне қоғамды тәуелсіз ақпаратпен қамтамасыз етуде. Бізге де осындай тәжірибені қолға алған абзал. Елімізде баспасөз өкілдерін ынталандыруға арналған «Үркер», «Тұмар», «Нұр-Сұңқар», «Туған ел» премиялары, Бейсен Құранбектің құрметіне «Жігер» сыйлығы тағайындалған. Аталған жүлделерге қатысты журналистік қауымдастықта түрлі ой бар. Бірі мемлекет БАҚ қызметкерлерін елеп, марапаттап жатса, демек бұл біздің әлеуетімізді мойындағаны, сонымен қатар күрделі әлеуметтік жағдайда әжептәуір қаржылық қолғабыс болып табылады деп санайды. Енді бірі мұндай тәжірибе қоғам үшін пайдалы журналистикадан гөрі билікке ғана жағымды ақпарат таратушыларды ынталандырады, ал нағыз журналист қоғам үшін жұмыс істеуі тиіс деген ұстанымда. Мойындау керек, біздегі билік орындарының журналистер жұмысын шектеуге тырысуы, БАҚ-тардың редакциялық саясатына араласуы көптеп кездеседі. Әсіресе, осындай жағдай мемлекеттік баспасөз бен телеарналарда кеңінен етек жайған. Бірақ мұндай әсірелеушілік нәтижесінде бәрі ұтылады: «сылап-сипап» берген жаңалық пен сараптамадан мемлекеттік орындарға деген сенім артпайды, оқырман және көрермен қауым шындықты балама көздерден ғана іздей бастайды, журналистердің өзі, әсіресе буыны қатпаған жас кадрлар басты міндетін ұмытып, жалтақ әрі әлжуаз болып өседі. Екі ортада хайп мен алып-қашпа әңгімелер салтанат құрады. Осы тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңның заман талабына сай жаңадан қабылдануы әлдеқашан пісіп-жетілді. Әсіресе, мемлекеттік тапсырыс саласындағы былықтар, негізсіз шектеулер жойылуы айрықша маңызды. Сондай-ақ журналистердің жұмысы лайықты бағалануы, оларды әлеуметтік қамсыздандыру ісі кешенді түрде қолға алынғаны жөн. Түптеп келгенде, баспасөз формалды ғана емес, іс жүзінде төртінші билікке айналғаны шарт. Бұдан мемлекет те, халық та ұтары сөзсіз. Ал ұпайын жоғалтар біреу болса, олар заңды белден басқан жемқорлар мен қара бастың қамын елден жоғары қойған шенді дөкейлер ғана. Ақпаратпен емін-еркін бөлісу, цензура құрсауын босауға келгенде қазіргі заманның зор жетістігі ретінде интернетті атауға әбден болады. Ғаламтор ұсынған тың мүмкіндіктер, әсіресе әлеуметтік желілер, қазақ қоғамына да көп пайдасын тигізуде. Соның арқасында бұрындары тасада қалып келген талай келеңсіздік әшкереленуде. Бүгінде интернеттің құдіретін мемлекеттік мекемелер де мойындап отыр. Ал енді лауазымды әлдекімге ұнамсыз болса да қоғам үшін әлдеқайда құндысы – істің беті ашылғаны. Осы ретте ағылшын жазушысы Эвелин Холлдың сөзін еске түсірсек: «Мен сіздің сөзіңізбен келіспесем де, осыны айтудағы сіздің хақыңыз үшін өлуге дайынмын». Пандемия ауыртпалығы, қауіпті дерт мәжбүр еткен өмірлік жаңа шындық көп нәрсеге көзімізді ашты. Соның бірі шынайы ақпарат тарату мен оны бұқараға уақытылы жеткізудің маңызын, әйтпесе пайда болған бос кеңістікті әдетте қауесет пен дүрлігу басатынын ұғынумен байланысты. Ендеше баспасөзді жан-жақты қолдау, осы саладағы ойын ережелерін әділ қылу, қоғамдағы сан алуан пікірлерді ел мүддесіне сай ортақ мәмілеге келу жолдарын ойластыру – мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы керек. Өз кезегінде қоғам да сөз бостандығына келгенде жауапкершілік танытқаны маңызды. Ресей баспасөзінің майталманы Владимир Познердің айтқаны бар: «Сөз бостандығы – ойыма не келсе соны айта беремін дегенді білдірмейді. Бұл – барып тұрған жауапсыздық. Ал шынайы сөз бостандығы дегеніміз – әр сөзіңе жауап бере алу қабілеті». Бүгінгі таңда қоғам алдындағы ашықтықты жариялаған билік орындары, өз ішінде қайта құруға бет бұрған «Nur Otan» партиясы осы аталған қажеттіліктерді мұқият ескеріп, оларды өтеуге күш салғаны – заман талабы. Тоқ етерін айтқанда, тек нағыз сөз бостандығы билікте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформаторлардың ең адал да қуатты серіктесіне айналары да, ел басына күн туса сыртқы ақпараттық шабуылдарға тойтарыс беретін бірден-бір күш болары да хақ.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы