Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиын барысында білім саласындағы қоғамдық кеселдің алдын алу жолдары мен 2019 жылдың соңына дейінгі жоспар тізілді.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің берген ақпаратына сәйкес, Қостанай облысында соңғы үш жылда білім саласында 22 қылмыс тіркелген. Оның басым бөлігін білім беру мекемелерінің балабақша меңгерушілері мен есепшілері жасаған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасында жемқорлыққа қарсы күресті жүйелі түрде жүргізу керектігі айтылған. Бүгінде Nur Otan партиясы маңызды сұрақтар мен мәселелерді талқылауға арналған алаңға айналды. Мемлекет пен қоғам бұл кеселге қарсы бірігіп, жұмыла күресу керек, – дейді Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Рашит Нұрмағамбетов.
Облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк өңірдегі кәсіби және техникалық білім беру мекемелерінде жемқорлыққа қарсы төзімділік қалыптастыруға арналған бірқатар іс-шара қолға алынғанын айтты.
– Бағдарламаны іске асыру аясында облыста «Адал ұрпақ» клубтары пайда болды. Аймақ бойынша 414 клуб 12 мыңнан астам оқушыны біріктіріп отыр. Одан бөлек, арнайы білім саласында мемлекеттік қызмет көрсету түрлерінің автоматты жүйесін орнату көзделуде. Оңтайландыру шеңберінде 75 мектепте директорлар кабинеті 1 қабатқа ауыстырылды. Жемқорлық мәселелері мен сұрақтары бойынша арнайы «Сенім телефоны» жұмыс істейді, – деп атап өтті білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк.
Nur Otan партиясы атынан облыстық мәслихат депутаты, Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ ректоры Еркін Әбіл жоғары оқу орнындағы жемқорлықпен күресудегі шаралар жайлы бөлісті. Білім ордасында дипломдық жұмыстың жаңа әдісі енгізілген. Студенттер стартап жобалар ұсынып, оны қорғайды. Бұл түлектің мамандық бойынша алдағы жұмысқа бейімделіп, ЖОО-ғы жемқорлықтың алдын алуға бағытталған.
– Жүйелі түрде «Таза сессия» акциясы ұйымдастырылады. Jas Otan Жастар қанаты Қостанай облыстық филиалымен бірлесе студенттер арасында сауалнама жүргізді. Адалдық академиялық лигасын құру жөнінде декларацияға қол қойылды. Біздің университет бұл бастамаға мұрындық болды. Академиялық адалдықты арттыру мақсатында жол картасы да қабылданды, –сдейді ҚМПУ ректоры Еркін Әбіл.
Nur Otan партиясы ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисимбаев жемқорлық басым салаларда түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу керектігін айтады. Жиынға қатысушылар «есепшілер мектебін» құруды ұсынды. Жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ортақ жоспар керек екені айтылды. Отырыстың қорытындысы бойынша ЖОО өкілдері мен мемлекеттік органдарға қоғамдық кеселдің алдын алуға бағытталған ұсыныстары бар қаулы қабылданды.