Nur Otan партиясы Талдықорған қалалық филиалында Алматы облыстық әділет департаменті мен Nur Otan партиясы облыстық филиалы бірлесіп «Жетісу адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қолдауымен «Әділет кеңес береді» республикалық акциясы өтті.
Шараның мақсаты – тұрғындарға құқықтық көмек көрсету. Акцияға Әділет департаменті, Nur Otan партиясы, қорғаушылар, нотариустар, сот орындаушылар және «Жетісу адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері қатысты.
Әділет департаментінің қызметкерлеріне сауал қойып, кеңес сұраған тұрғындар, әсіресе алимент өндіру, тұрғын үйді жекешелендіру, қарызды қайтармай жүрген азаматты жауапкершілікке тарту мәселелері бойынша көмекке жүгінді. Сондай-ақ азаматтардың көбі жылжымайтын мүлікті заңдастыру мәселесімен келді. Көмек сұраған барлық тұрғынға құқықтық көмек көрсетіліп, өтініш елеусіз қалмады.
Акция барысында облыстық Әділет департаменті басшысы Абай Арап халыққа департамент жұмыстарымен таныстырып, акция халықтың заң шеңберінде сауатын ашуға бағытталғанын тілге тиек етті. Ол сонымен қатар бұл акцияның облыстың 20 ауданында өткізіліп жатқанын айтты.
Іс-шарада «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаев акцияның халыққа қолайлы жағдай туғызу мақсатында ұйымдастырылғанын және тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Ал Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші төрағасы Ғалиасқар Сарыбаев халықтың заңдық сауаттылығын ашу үлкен игі бастама екенін айтып, туындаған сұрақтардың бәріне жауап берді.