Жанама сайлаудан тікелей сайлауға дейінгі жол
Қазақстанда орталықтандырылған мемлекеттік басқару жүйесінің кеңестік заманнан мұраға қалғаны ешкімге де жасырын емес. Елімізде 1995 жылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамыту мен мемлекеттік қызметтерді бөлісу бастамасы жүзеге асып келеді. Бұл мәселе 1997 жылғы Жолдаудан бастап айтылып-ақ келеді. 2001 жылы Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң қабылданды. Отандық сарапшылар Жолдауда көтерілген тікелей әкім сайлаудың маңызына ерекше тоқталып, оның үлкен саяси реформа екенін еске салады. Президент көмекшісі Ерлан Қарин бірқатар саясаттанушы айтып жүрген кейбір жағымсыз факторлардың ықпалы бір ғана жағдайда, яғни тікелей сайлау институтын кенеттен енгізгенде ғана қауіпті болар еді деген ойын білдіреді.
Ерлан ҚАРИН,
Президент көмекшісі:
– Қазақстанның ерекшелігі, біз әрқашанда осындай саяси реформаларды, мемлекеттік институттар өзгерісін кезең-кезеңімен эколюциялық жолмен енгізіп келе жатырмыз. Соның арқасында қоғамда белгілі бір дағдылар қалыптасты. Егер «шок-терапия» сияқты бір күнде енгізсек, әрине мұндай демократиялық институттар да өз тиімділігін көрсете алмас еді. Әкімдер сайлауы бұрын енгізілген болатын. Естеріңізде болса, 2013 жылдан бастап әкімдер жанама сайланды, яғни мәслихаттар арқылы 4 жылға сайланып келді. 2017 жылы екінші сайлау өтті. Енді халық, қоғам арасында бұл жүйе орныққаннан кейін мәслихат сайлаған ауыл әкімдерінің өкілеттігі тоқтаған кезде сайлау тікелей өтеді. Яғни, келесі жылы өтпек.
Президент көмекшісінің айтуынша, елімізде 2 500-ге жуық ауыл округтерінің әкімдері бар. Ауыл әкімдері халықпен тікелей қарым-қатынаста болған соң, бұл қадам билік пен халық арасында, мемлекеттік органдардың қарапайым азаматтармен өзара байланысын күшейтуге, жауапкершілігін арттыруға үлкен серпін әкеледі. Танымал саясаткер трайбализмге қатысты алаңдаушылығын білдіріп жүрген сарапшылардың ойларын да жоққа шығармайды. Бұл тұста Ерлан Қарин:
– Өкінішке қарай, жергілікті жерлерде азаматтық құндылықтардан гөрі алдыңғы қатарға басқа да факторлар жүйесі шығып кетіп жатады. Соның бір жағы – руға, жерге бөліну. Әрине, ондай факторлардың ықпалы болуы мүмкін. Бірақ біздің қоғам үлкен өзгерістер үстінде, жаңа саяси, әлеуметтік нормалар қоғамдық қатынастар жүйесіне де белсенді енуде. Сондықтан бұл азаматтар арасында жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына да оң әсерін тигізеді. Бір жағынан, жаңа айтып отырған трайбализм демократиялық институттардың қызмет етуін тежеуі мүмкін, екінші жағынан, осындай демократиялық институттарды енгізу арқылы біз жоғарыда айтылған жағымсыз факторлардың ықпалын әлсіретеміз. Бұл өзара байланысты фактор, – дейді. Бұл тұрғыдан жанама сайлаудан кейін тікелей сайлауға ұласып отырған бастама эволюциялық жолдан өткен соң, трайбализм сияқты қатерлердің ықпалын бәсеңдетуі тиіс. Расында да, отандық сарапшылар бұл теріс үрдістің заман ағымынан қалып жатқанын мойындайды.
Мәслихаттарды да реформа күте ме?
Президент өз Жолдауында ауылдардағы бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы үшін қоғамдық бақылауды күшейту қажетін сөз еткен еді. Сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілеттіктерін кезең-кезеңімен айқындау ұсынылып отыр.
Әлихан БАЙМЕНОВ,
Астана Мемлекеттік қызмет хабы
басқарушы комитетінің төрағасы:
– Әкімдердің сайлауы нәтижелі болуы үшін мұның бірнеше алғышарты бар. Біріншіден, «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңды» жаңадан қабылдау керек. Екіншіден, жалпы біздің мемлекетте республика мен облыс, облыс пен аудан, аудан мен ауыл арасындағы аражікті анықтап, әрқайсысының өз айналысатын ісі, миссиясын анықтайтын құжат керек. Бір бөлігі – «Мемлекеттік басқару туралы» заңында, бір бөлігі – «Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару туралы» заңда болуы керек. Бүгінгі күні бізде облыс пен ауданның арасы толық ажыратылмаған. Сол себептен 14 облыста орталықтандыру деңгейі де әртүрлі.
Танымал саясаткердің айтуынша, ауыл әкімі сайланатын болса, оның өз бюджеті болуы керек және ол аудандық бюджеттің сметалық жолағы болмауы тиіс. Ол:
– Егер ауылдың өз бюджеті болса, ауыл әкімімен қатар 7 адамнан тұратын ауылдық кеңес сайлануы керек. Сонда ауылдық кеңес бюджетті бекіту құзыретіне ие болуы қажет. Жергілікті өзін-өзі басқару заңында ауылдың бүкіл функциясы және бюджеттің кіріс бөлігі анықталуы керек. Мысалы, менің ойымша, жылжитын, жылжымайтын мүлікке салынатын табыс салығы тұтас елді мекенде қалуы керек. Қосымша қандай табыс көздері бар? Облыс пен ауданнан тікелей мақсатты түрде жіберілетін субвенция не дотациялар анықталуы тиіс. Яғни, «мақсатты түрде» дегенім ол қаражатты басқа мәселеге жұмсай алмайды. Жергілікті мәселелерді шешуде ауыл әкімімен ауыл кеңесінің өз құзыретінің болуы маңызды, – дейді.
Ә.Байменовтің пікірінше, жергілікті өзін-өзі басқару ісінде ауыл әкімімен қатар, ауылдық кеңестерді сайлау көзге көрінбей жүрген жаңа жетекшілерді табуға көмектесумен қатар, жергілікті жерден сатылап өсетін жаңа саяси элитаның қалыптасуына сеп болмақ. Келешекте бұл азаматтар аудандық, облыстық, республикалық деңгейге дейін сатылап өсіп, тұтас мемлекеттің дамуына үлес қосуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардағы ревизиялық, яғни тексеріс комиссияларының да рөлін арттыру қажет деді. Үкімет пен Есеп комитеті заңнамаға тиісті түзетулерді ұсынуы керек. Әлихан Байменов тексеріс комиссияларын толық мәслихаттар қарамағына беру керек деген пікірде. Екіншіден, мәслихаттар толыққанды жұмыс істеуі үшін онда тұрақты төраға жұмыс істеуі керек. Себебі орталықтан қадағалау жүйесінің тиімсіздігін осы жылдар аңғартты. Сондай-ақ шетел тәжірибесін ұмытпау керек. Бұл тұрғыдан конституциялық құрылымы ұқсас әрі тоталитарлық жүйеден шыққан Польшаның тәжірибесі маңызды.
Өкінішке қарай, әлемді жайлаған пандемия кезінде денсаулық сақтау саласының кемшін тұстары да ашылды. Әлихан Байменовтің ойынша, денсаулық сақтау саласында облыс пен аудан арасындағы өкілеттілікті бөліп беру керек. Оның ішінде, дәрігерлердің жалақысы, құрал-жабдықпен қамту, әдістемелік басшылығы – облыстық Денсаулық сақтау басқармасында болса, сол жердегі мемлекеттік емханаларды ағымдық басқару, ғимараттарын жөндеу ісі – аудандық деңгейде болуы керек.
Әкімді тікелей сайлау бастамасы бюрократиялық кедергілерді жоюға, билік пен азаматтар арасында мығым көпір салуға қаншалықты әсер етпек? Елімізде стратегиялық бағдарламалардың нақты жүзеге асуы үшін не істемек керек? Саясаттанушы Досым Сәтбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында сапалы тәуекел-менеджмент қалыптастырудың уақыты келгенін жазады.
Кәмшат ТАСБОЛАТ