Онлайн-петиция туралы ой
Жалпы, бұл мәселе біраздан бері көтеріліп жүр. Осыдан төрт жыл бұрын «Қазақстан 2050» қозғалысының сол кездегі төрағасы Данат Жумин осындай бастама көтерген. Жиналуы тиіс шекке жеткен жағдайда заңды күшке ие болып, эксперттік орган не Парламентте қаралса деген ұсыныс болған. 2016 жылы бұл бастама аяқсыз қалып, қолдау таппаған еді. Бірақ биыл белсенді түрде талқылана бастады. Тіпті онлайн-петицияға арналған otinish.kz платформасы құрылды. Бұл порталды Тalap қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы Рақым Ошақбаев ұсынған. «Қазақстандықтар түрлі шетелдік сайттарда Көк-Жайлау, Іле Алатауы ұлттық паркіне қатысты онлайн-петицияларға қол қойып жатыр. 100 мың қол жинады делік. Одан кейін не болады? Президент шешіміне сәйкес, онлайн-петициялар институын заңды түрде рәсімдеп, оған құқықтық статус беру керек. Біздің орталық otinish.kz қанатқақты жобасын әзірледі» деген болатын. Сайтқа кіріп көрсек, бүгінде шағын және орта бизнес өкілдері Президентке несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендетуге септігін тигізуін сұрапты. Астына 1 225 адам қол қойыпты. Одан бөлек, штаттық оқуға қайта оралуды, БҚО-да электр энергиясы тарифін өсірмеуді, Алматы көшелеріндегі шуды азайтудың шешімін табуды сұраған петициялар жарық көрген. «Соңғы жылдары еліміздің саяси қатысуының мотиві мен формасында өзгерістер байқалып жатыр. Екіншіден, пандемиядан кейін цифрлық технологияларды енгізудің маңызы білінді. Соның ішінде саясатқа араласуға қатысты. Үшіншіден, саяси реформалар мен «еститін мемлекет» концепциясы қоғам мен мемлекет байланысы формаларының үнемі жаңарып отыруын талап етеді», – дейді Президент жанындағы ҚСЗИ аға ғылыми қызметкері Жанар Санхаева. Онлайн-петициялардың бірыңғай порталы қалай жұмыс істеуі керек? Бәріне қолжетімді, елді түгел қамтитын, түсінікті болатын сервис түйткілді мәселені шеше ала ма? B2C consulting group басқарушы серіктесі Александр Даниловтың осыған дейін бірнеше петиция ұйымдастырған тәжірибесі бар. Ол дауыс беру үшін ұялы телефонға келетін хабарламаны қолдануды ұсынып отыр. «Бұрын бір сұхбатымда ЭЦҚ-ны қолданған жөн дегем. Бірақ олай болса, көбіне қала тұрғындарына арналған құрал боп кетеді. Сондықтан меніңше, eGov-та тіркелген ұялы телефон нөмірі арқылы қол қойған дұрыс сияқты. Сонымен бірге жасанды дауыс жинаудың алдын алу керек. Себебі кейбір мемлекеттік, жеке институттар боттардың қызметіне жүгінеді деген күдік бар. Онлайн-петициялар елдің қоғамдық өмірінің маңызды бөлігіне айналып, билік қоғамдағы түйткілді мәселелерден басын алып қаша алмайтын болады деп үміттенемін. Тағы бір айтқым келетіні, құралдың қалай жұмыс істейтінін, петициялардың тереңнен қозғап, популистік сипат алмауы бізге, Қазақстан азаматтарына ғана байланысты».Өзгеріске жол ашқан өтініштер
Елдің ертеңі мен бүгініне, халықтың жай-күйіне, қоршаған ортаға бейжай қарамайтын азаматтар түйткілді шешу үшін петиция ұйымдастырады. Ондағы мақсат сол – билікке үнін жеткізу. Әлемнің көптеген елінде петиция қуатты құралға айналған. Сол арқылы азаматтар өзін мемлекетті басқаруға қатысып жатқанын сезіне алса, үкімет елдегі мәселеге үңіліп, оң шешім табады. Былай қарасаңыз, екі ортада көпір орнататын жақсы әдіс. Сөзіміздің дәлелі ретінде петицияның арқасында өзгеріс болған жайттарды тізіп көрелік. Бүгінде ең танымал платформа – change.org. 2007 жылы құрылған порталға 2018 жылғы дерек бойынша, 266 млн адам тіркелген. Байкал итбалығын браконьерлерден қорғауға қатысты ұйымдастырылған петицияны 375 мыңға жуық адам қолдаған. Соның нәтижесінде «фотоаулауды» қалдырып, заңсыз аулауға тыйым салынған. Испанияда 100 мың адам қол қойып, жұмыртқа сапасын жақсартуға үлес қосқан. Жұмыртқа басатын тауықтарды бір-бірінің үстіне қойылған тап-тар торда ұстағанның кесірінен өнім сапасы нашарлады деп тұрғындар наразылық білдірген. Осылайша, өндіруші тауықтардың жай-күйін жақсартқан.Өзге елдердегі ереже қандай?
Ал әр елдегі ережелерге келсек, АҚШ-та арнайы құрылған сайт бар. Ол жерде, тіпті президентке тікелей хат жазуға болады. Егер екі ай ішінде 100 мың адам қол қойса, ол мәселе қараусыз қалмайды. Тек америкалықтар емес, әлемнің кез келген елінің тұрғыны қатыса алады. Бастысы, сайтқа тіркелуі міндетті. 50 мыңнан астам адам қол қойса, петициялық комиссияның қарауына жіберіледі. Оған петиция ұйымдастырушылары да қатыстырылады. Германиядағы жүйе де осыған ұқсас. Бундестагтың назарын аудару үшін қол қойғандардың саны көп болуы керек. Әдетте, 50 мың қолдан асқанда комиссия қарайды. Ресейге келсек, петицияны қарастыруды жеті жыл бұрын қолға алды. Мемлекеттік Думада қаралуы үшін 100 мың адам қол қоюы тиіс. Азаматтар идентификациясы жасалатын мемлекеттік жүйе арқылы тіркелу қажет. Кез келген бастаманы бұл жерде бірінші эксперттік жұмыс топтары қарайды. Бірақ жұмысы алдыңғы елдердегідей жемісті жүріп жатыр деуге келмейді. «Ресейлік қоғамдық бастама» мемлекеттік порталы (www.roi.ru) арқылы жеті жылда межеге жетіп, 100 мың қол жинаған 19 петиция ғана белгілі. Оның 17-сін кері қайтарған. Ол мәселелердің ішінде интернетті бұғаттау, зейнет жасын көбейту туралы заңдарды алып тастау туралы ұсыныстар болған. Өкініштісі, мақұлданбады. Саясатқа қатысы жоқ бастамалар көрер көз, айтар сөз үшін қабылданған ба дерсің.Қазақстандағы қарқыны қатты петициялар
Жалпы, осы күнге дейін жарияланған петициялардың ішінде жануарларды қорлауға қарсы (45 мың), Алматыдағы жануарлар бағын жабу туралы (37,5 мың) бастамалар біршама резонанс тудырған. Одан бөлек, Конституциядағы 7-баптың 2-тармағын алып тастап, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға қатысты петицияға 123 мыңнан астам азамат қол қойған. Бірақ бұл платформаларға қатысты сын көп. Өйткені бұл жерлерде жеке мәліметтердің рас-өтірігін анықтау қиын. Дауыс беру үшін электронды пошта не аты-жөніңізді жазу ғана жеткілікті. Яғни, бір адам бірнеше поштамен тіркеліп, қол қоя береді. Сонымен бірге еш заңдық күші де жоқ. Сәуірдің аяғында үлкен дау тудырған мәселе вакцинаны міндеттеу болған. CitizenGo платформасында жарияланған петиция бұрын-соңды болмаған көрсеткіш көрсетіп, кампания жүрген 2 ай уақытта 170 мыңнан астам қол жинады. Мұндай «рекордқа» сенбей, дауысты қолдан көбейтті ме екен деген күдік те болды. Дегенмен сайттың орыс тіліндегі нұсқасында осы тақырыптағы кемі төрт ресейлік петиция ұйымдастырылған. Оларда тіпті жарты миллион қол жиналған. Соған қарағанда үндестердің белсенділігінің арқасында алысқа шапқан сыңайлы. Біздегі үлкен мәселе сол – бұғаттау. Басты халықаралық алаң саналатын change.org және avaaz.org көбіне ашылмай қалады. Яғни, елдегі интернет-цензураның кесірінен онлайн-петициялардың анау айтқандай күші болмай, тордағы тотықұстың кейпінде қалып отыр. Мысалы, тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеуге тұруды міндеттеу туралы ұсыныс айтылғанда, халық өре түрегеліп қарсы шықты. Қол жинады. Небәрі 4 күн ішінде Avaaz.org сайтына орналастырылған петиция 7,5 мың қол иесін біріктірген. Артынша бұғатталды да қалды. Ал жаңа платформаның жұмысы қаншалықты жемісті боларын алда білеміз.Жадыра АҚҚАЙЫР