Жақсылық кімге «жақсылық» жасады?

Жақсылық кімге «жақсылық» жасады?

Отарлаушы майорға ескерткіш ор­натқанымыз аздай, енді оны сылап-сипап төрге оздырғанымызға зиялы қауым қатты өкпелі сыңайлы. Орыстілді басылым­дардың ол ескерткішті «Өскеменнің 300 жылдығына орай ашылды» деп жазғаны ескі жараны тырнағандай, жаңа жараға тұз сепкендей әсер етеді. Ал әлгі ескерткіш белгінің ашылуына арналған шағын шараға қала әкімі Жақсылық Омардың баруы біраз жұртты түңілдірген болса керек, олар Шығыс Қазақстан облысының әкіміне хат жолдады.  

 Қайсенов кім, Лихарев кім?

Қалай десек те, сырт қараған адам дәл осы облыс орталығында басы да, аяғы да жоқ интернационализм фестивалі өтіп жатыр деп ойлайтындай. Ал Қазақстан Жазушылар одағы ШҚО филиалы директоры Әлібек Қаңтарбаев Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар Қа­зақстанның тәуелсіздігіне нұқсан келер­дей шараға мұрындық болды деген пікірде. «Мүмкін, қала әкімі ондай іс-әрекетке саналы түрде бармаған шығар, бәлкім, әрекеттің көгентүптегі зардабын ескермеді ме, ол жағы белгісіз. Ол Ресей империя­сының Қазақстанның шығысындағы басқыншылық әрекетінің символы, майор И.Лихаревтің ескерткішін «рухани жаң­ғыртып», осы өңірдегі шовинистік пиғыл­дағы сепаратистердің нұсқауына сәйкес жұмыс істеп, көңілін тапты», – дейді. Өскеменнің атқарушы билігі әспеттеп жүрген лейб-гвардия майоры Иван Михайлович Лихарев деген кім? Ол  – ХҮІІІ ғасырдағы патша офицері, Петр біріншінің қандықол жендеті. Оның Ертіс бойын жайлаған, бейбіт жатқан қазақ халқын қырып-жойғаннан, атып-асқаннан басқа  «жақсылығы» жоқ. «Ұдайы күші басым бас­қын­шылардан тек көшіп-қону ар­қылы ғана жұртын аман алып қал­ған, осы тактиканы ғана ст­ра­тегиялық бағыты ретінде пай­даланған қазақ елін ашса ала­қа­нында, жұмса жұдырығында ұстай алмай жанталасқан Петр пат­ша біз­дің елді жан-жағынан қыспаққа алуды көздеп, бекіністер салуға кіріскені тарихтан белгілі. Соның бірі – Өскемен. Яғни, оның же­ндеті Лихаревтің біздің елге бей­біт, прогрестік жолмен емес, басқын­шылық, отарлау мақ­сатымен келгені тағы рас», – дей­ді жазушы. Жазушының айтуынша, өңір­­­дегі зиялы қауым өкілдері Өске­менде Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновке жөні түзу бір ескерткіш қою керегі жайлы Шығыс Қазақстан облысы әкі­міне бірнеше мәрте құлаққағыс еткен. Қайбір жылы қаһарманға Чехов көшесінің бойын­дағы жанармай құю стансасы жаны­нан тәштиген кеуде мүсін ор­на­­тылыпты. Сол кеуде мүсін ұзақ жыл­дар бойы өскемендіктердің ұяты мен арының безбені сынды ары-бері өткен қалалықтардың, келген қо­нақтардың аянышы мен ызасын туғызыпты. « Халық Қаһарманы жанармай құятын колонка секілді бүрісіп, сан жылдар өксіп тұрды. «Ар­уақ­­ты бұлай қорламай-ақ, анау жа­пырайған кеуде мүсінді алып тастау керек қой» деп шулағанымыз­ды құлағына қыстырған басшы болған жоқ. Айғай-шумен бұрынғы Киров саябағы Қасым Қайсенов аталды. Айғай-ұранмен жаңағы Қайсеновтің колонка-мүсіні саябақтың ішіне кіргізілді. Қайда дейсіз ғой: бақтың қамшылар жақ бүйіріне, әдейі тімтініп, иісшіл итпен іздеп бармаса, екі дүниеде пенде баласының табуы мүмкін емес көртам қуысқа апарып жа­пырайтып қойыпты», – дейді. Жазушы қала әкімінен қа­зақтың батыры, кешегі күні кеудесін оққа тосқан Қай­сеновтен гөрі ұл­тымызды жа­­ныштауға, отарлауға келген Лихарев неге артық болған деген сұ­рақ­тың жауабын білгісі келеді.  

Әкім ашылуға барған жоқ

Біз мәселенің мән-жайын білу үшін Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Ахметжановқа хабарластық. Оның айтуынша, ескерткіш белгінің ашылу салтанаты өтпеген. «Қала басшысы қаладағы жөн­деу жұмыстарын тұрақты бақылап жүреді, аула жөнделсе де, ағаш отырғызса да барып тексереді, сол сияқты жұмыс бабымен жүргенде ескерткіш белгіге тап болған», – дейді бөлім басшысы. Ал ескерткіш белгінің көшір­і­луі­не жол жөндеу себеп болыпты. «Бұл 1990 жылы орнатылған ес­керткіш белгі болатын. Қала ор­­та­лығында орналасқан екен. Қала жоспарындағы жолды ке­ңейту жұмысына байланысты ес­керт­кішті көшірдік. Ескерткіш бел­­гі тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгендіктен, оны алып тас­­тай алмаймыз. Сондықтан қала тұрғындарымен ақылдасып, ес­керт­кіш белгі шіркеу алдына ор­натылды», – дейді ол. Айтқандай, ол ескерткіш бел­гінің көшірілуінің Өскемен бек­інісінің 300 жылдығына қатысы жоғын ескертіп: «Биыл біздің жос­­парымызда Абайдың 175 жылдығы, әл-Фарабидің 1150 жыл­дығы және Өскемен қаласы күні­нен басқа мә­дени іс-шара жос­парланған жоқ», – деп еді. Алайда өскемендік ustinka.kz сайты ескерткіш белгінің Өскемен бекінісінің 300 жылдығына орай таныстырылғанын тайға таң­ба бас­қандай етіп жариялапты. Ка­рантинге байланысты салтанатты ашылу өткізілмегенімен, ескерткіш белгімен композиция құрған су­бұрқақтың іске қосылуына қала бас­­шысының келгенін де атап өт­кен. Ес­керткіш белгі ком­по­зициясын абат­тандыруға қа­лалық мәслихаттың депутаты, кә­­сіпкер Сергей Коротин өзі сұ­ран­ғанын да сол сайттан білдік. Сайт субұрқақтың символикалық іске қосылу сәтінен фоторепортаж берген, ол суретте қала басшысы анық көрінеді. Сонда қала билігі Өскемен бекінісінің 300 жылдығын атап өтпейді, бірақ сайт басқаша жазады. Ендеше ақпаратты бұр­малаған сайтқа неге ескерту жасал­маған? Айтқандай, осы жылдың тамыз айында «Өскеменге – 300 жыл» деген төсбелгі шығарылыпты. Авторы кім екені белгісіз. Қала басшылығы мұны қалай байқамай қалған? Өскемен қамалының 300 жылдығын Өскемен қаласының 300 жылдығы етіп көр­сету кімге ке­рек? Журналист Азамат Қасым Өс­ке­меннің мың жылдық шежіресі бар қала екенін, онда түркі тілдес халықтар тұрғанына дәлел болар тарихи материалдар жеткілікті еке­нін айтып та, жазып та жүр. Бұл мә­селе бүгін пайда болған жоқ. Күзге салым қайталанып тұратын жыр.  

Қайсеновке ескерткіш тұрғызып берсін...

 Жазушы Әлібек Қаңтар­баев­тың айтуынша, Ресей мен Қа­зақ­станның экономикалық-мә­дени қарым-қатынасы үшін біраз мемлекетаралық байланыс керек те шығар, бірақ ол үшін рухымызды саудалаудың қажеті жоқ. «Егер де қала әкімі Жақсылық Омар еліміздің ертеңі жарқын, ру­ханияты биік болуы үшін тер тө­гіп жүрген жанкешті басшы болса, Қай­сенов атындағы саябақтағы большевиктердің жендеті, идеялық тұрғыдан баяғы заманда іріп-ші­ріген Кировтың ескерткішін алып тастап, орнынан Қасымдай ба­тыр атасының ескерткішін қас­қайтып отырып неге қоймаған? Ре­­сейдің өзі қала-даласындағы бо­льшевизм жендеттеріне қойыл­ған ескерткіштерінің баршасын баяғыда құртқан, біздікі не далбаса?» – дейді ашынып. Ол қазақ үшін қадірлі сана­латын Абылай, Қабанбай, Кенесары, Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Райымжан Мәрсеков сынды басқа да арыстарымыздың Өскеменге кіре алмай, өгей баланың күйін кешіп тұрғанына қынжылады. Өскеменде аталған тұлғаларға арналған ескерт­кіш жоқ. Ал Лихаревтің мүсіні қойылған ескерткіш композиция мемлекет та­рапынан қорғалатын тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне ілінген. Бұл ескерткіш белгі бұл тізімге қашан енгізілген, кім енгізген? Ендеше айтайық, ескерткіш белгіні аталған тізім­нен алып тастау еш қиындық ту­ғызбайды. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пай­­далану туралы» заңға сәйкес, қаланың ат­қарушы билігі тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жө­ніндегі комиссия құрады. Аталған комиссия тарихи-мәдени мәнін жо­ғалтқан ескерткішті мемлекет тарапынан қорғалатын тарихи-мә­дени ескерткіштер тізімінен алу туралы шешім шығарады. Тек ол үшін сол ескерткіштің тарихи, мәдени мәні жоқ екенін ғалым та­­рихшылар дәлелдеп, ұсыныс жа­сауы керек. Демек, бұл қала басшылығы, қаладағы қоғамдық ұйымдар мен тарихшы ғалымдар бірлесе атқаратын жұмыс. Тек бір-бірінің жұмысына кедергі келтірмесе болғаны. Бұған өзге ұлт өкілдері қалай қарайды деп бас ауыртудың қажеті жоқ. Се­бебі олар Ақ патша мемлекетінің емес, Қазақстан Республикасының аза­маты. Әрі-беріден соң осыдан екі жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысының Зырянь ауданын Ал­тай деп өзгерткенде ешкім бас көтерген емес, қол­даған. Ал ха­лық­ты жұмылдыру –жергілікті басшының жұмысы. Тәуелсіздігіміздің отыз жыл­ды­ғын, Абайдың 175 жыл­дық мерейтойын осындай ес­керткіштермен қарсы алу мемле­кет­тігімізге сын. Ал халықтың рухына серпін беріп келе жатқан "Рухани жаңғыру" бағдарламасының үшінші жылында отаршыларды ұлықтау аталған ескерткішті қайта жаңғыртқан басшыға сын. Балтық жағалауы елде­рі – Латвия, Эстония, Литва тәуел­сіздік алысымен отарлаушылар ес­керткіштерін алып тастады. Ал біз керісінше мемлекет тарапынан қорғалатын тарихи-мәдени ескерт­кіштер тізіміне енгізіп, шаң басқан же­рінен жаңартып, көкке көтеріп жа­­тырмыз. Өкінішті-ақ...  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ