«Нұрсәт» шағынауданындағы №80 мектеп осыдан тура бір жыл бұрын сыймай жатқан оқушыларының жартысын монша ғимаратында оқытуға мәжбүр болған. Салдарынан ата-аналар тарапынан үлкен наразылық туындап, тексеру жүргізілгенде мұнда балалардың білім алуына бірқатар талаптың сай емес екені анықталды. Балалар үшін монша есігі жабылған. Алайда бірер күннен соң монша толық талапқа сай қайтадан жабдықталып, «Мың бала» деген атаумен балаларға айқара есігін ашқан. Дегенмен №80 мектептің жыры мұнымен біткен жоқ. 1 200 орынға арналған білім ошағында бүгінде 4 800 бала үш ауысыммен оқып жүр. «Нұрсәтте» осыдан 3 жыл бұрын бұдан бөлек тағы 1 200 орындық басқа мектеп ашылса да неге екені белгісіз, ата-аналар №80 білім ошағына үйір. Өткен жылы мектеп директорын сөзге тартқанымызда «баласын осында оқытамын деп тұрған ата-анаға еш нәрсе дей алмаймыз» деп себеп айтқан болатын. Осылайша, бұл білім ордасы оқушыларының саны жылдан-жылға артпаса, төмендейтін түрі жоқ. Биыл осынау мектеп төңірегінде тағы да шу шықты. Енді №80 мектептің 1 200 оқушысы тойханада оқиды.
Тойхана мектепке айналды
Наурыз айынан бері Шымкенттің тойханалары мен мейрамханаларының есігі жабық. «Той – халық қазынасы» деп санайтын жұрт шаһардағы 130-ға жуық салтанат сарайы мен 700-дей мейрамханаға қысы-жазы шілдехана-бесік той, тұсаукесер сүндет тойын, ұзатуы мен үйлену тойын жасап келе жатқан. Алайда көктемде басталып, бүгінде 6 айға созылып бара жатқан карантин шектеу шараларында адам көп жиналатын тойхана есігі әзір ашылатын түрі жоқ. Тіпті, Мемлекет басшысы өзінің кешегі халыққа арнаған Жолдауында бұл вирустың елімізді 2 жылға дейін әуреге салатынын айтып қалды. Демек, зәулім-зәулім сарайлардың халыққа қашан қызмет ететіні белгісіз. Осыны ескерген болуы керек, шымкенттік кейбір кәсіпкерлер зәулім ғимаратты кәдеге жаратудың басқа жолын ойлап тапты. «Нұрсәт» шағынауданындағы әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан талай тойлар өткен «Оңтүстік» салтанат сарайы орта мектепке айналып шыға келді. Алайда жекеменшік мектеп ретінде ашылған білім ордасы жан басына қаржыландыру бойынша әр баланың шығындарын өтеу үшін мемлекеттен субсидия алады. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан атап өтті. «Тойханалардың қашан ашылатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Әлемде пандемия жағдайы, індетті қай уақытта жеңетінімізді де білмейміз. Сондықтан мұндай зәулім ғимараттардың бос тұрғанынан халық игілігіне пайдаланылғаны дұрыс. Біз кәсіпкерлерге осындай ұсынысымызды жеткіздік. Бүгінгі таңда өзге де тойхана иелері ойланып жатыр. Мемлекеттік мектептегі әрбір балаға 27-32 мың теңге төңірегінде қаржы төлейміз. Жекеменшік мектептерге де дәл осындай қаржы беріледі. Жекеменшік мектептің бізге тиімді тұстары бар. Себебі кәсіпкер ғимаратты өзі салады, сонымен бірге жекеменшік мектепті қажетті құрал-жабдықпен, компьютермен қамтитын да кәсіпкер», – дейді Шыңғыс Мұқан. Ал миллионды қала әлі де 47 мектепке мұқтаж екен. Жаңа мектептердің салынуы жөніндегі жоспар бар болғанымен, мынадай жағдайда бұл мәселелердің толық қашан шешілетіні тағы белгісіз.Өзге кәсіпкерлер де мектеп ашып жатса құптаймыз
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 147 мектеп болса, оның 19-ы үш ауысымда білім алады. Биылғы оқу жылының өзінде 12 мың бала жаңадан қосылыпты. Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева бала санының жылдан-жылға өсіп, мектеп тапшылығының артып бара жатуы себебінен тойханалардың мектепке айналуын дұрыс шешім деп отыр. «Біз бұл жаңалықты қуана қабылдадық. Өзге тойхана иелері де мұндай қадамға барып жатса құптаймыз. Ал салтанат сарайының дизайні сол күйі тұрғанының еш сөкеттігі жоқ. Балалар өз үйінде де ондай сәулетті дүниелерді көріп жүр ғой. Шетелдің оқушылары да зәулім сарайда білім алады. Ал санитарлық-эпидемиялық, өрт сөндіру және қоршаған ортаны ластау сияқты талаптарының және мектепке ыңғайластыруға болатынын растап білім саласындағы бақылау департаменті анықтама беріп отыр. Департамент рұқсат беріп отырған соң барлық талапқа сай деген сөз. Біз оған араласа алмаймыз. Сонымен бірге осынау мектеп мемлекеттен әр балаға субсидия алғанымен жекеменшік саналады. Сондықтан көп жағдайда кәсіпкердің өз құқы сақталады. Айтуынша, шетелден мамандар әкелмек, сонымен бірге ұстаздардың білімін жетілдіру үшін шетелге оқуға жібермек. Балалардың сапалы білімі үшін құнды құрылғылар да әкелмекші. Сондықтан оқу ақысы да жоғары болуы мүмкін», – дейді Жанат Арысбекқызы. Әрине, жабық тұрған тойханалардың ел игілігіне жұмсалғаны дұрыс. Оны қаншалықты мектепке лайықтап ықшамдау кәсіпкердің өз еркі. PS.Айтайын дегеніміз, дәл осындай батылдыққа Шымкенттегі өзге тойхана иелері бара ала ма екен? Жаздыгүні ауру асқынып, қалада провизорлық орталықтар жетіспей, адамдар қиналып жатқанда қаңырап бос тұрған тойхана мен қонақүйлердің бірде-бір иесі селт еткен жоқ. Қала билігі жедел 200 орындық провизорлық госпиталь салды. Одан бөлек, мемлекет меншігіндегі спорт мектептері, емханалар провизорлық орталықтарға айналды. Алайда оның өзі қажетті аппаратсыз, маңызды дәрі-дәрмексіз қатты әбігерленді. Қалай болғанда да қиын-қыстау сәтте қол ұшын созған халық қалаулыларын байқай алмадық (қаладағы тойханалар мен мейрамханалардың, қонақүйлердің басым бөлігінің иесі депутаттар екенін біз айтпасақ та жұрт жақсы біледі).
Мына тойхананың мектепке айналуы – тек жақсылықтың нышаны болғай!
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы