– Ақан Жылқышыбайұлы, әлемді жайлаған қатерлі індеттің салдарынан қазір дүниежүзі қиын жағдайды басынан өткізуде. Еліміздегі өнер адамдарын даярлайтын іргелі оқу орнына пандемия қалай әсер етті? Күтпеген жерден қашықтан оқыту жүйесіне көшіп, тіпті қабылдау емтихандарын онлайн алуға тура келді. Студенттерді қалыпты оқу жүйесімен оқытып келген сіздер үшін бұл жағдай қиындық тудырған жоқ па? – Пандемия салдары алпауыт мемлекеттердің өзіне кері әсерін тигізді. Бұл індет Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Түрлі қиын жағдайлар орын алып, біз де бастапқыда біраз абдырап қалдық. Бұрын академияда қашықтан оқыту деген мәселе болмаған. Себебі бұл жерде сабақтың басым бөлігі тікелей байланыста, практикалық тұрғыда өтетін. Мәселен, актер өзіне берілген рөлін сахнада дұрыс көрсете алмаса, ұстаз, режиссер оның жанында тұрып көрсету керек. Тек арт-менеджмент және продюсерлік, медиажурналистика және өнертану факультетінің студенттерін қашықтан оқыту мүмкін еді. Жасыратын несі бар, біз карантиннің алғашқы екі аптасында өте қиналдық. Содан кейін компьютерлік технология кафедрасы, ақпараттық технология бөлімдері қосылып, мұғалімдерге семинар сабақ ұйымдастырды. Moodle платформасымен жұмысты бастап кеттік. Қиындықтарды сездік, кемшіліктер болды. Ақпараттық технологиялық құралдармен толыққанды жұмыс істей алмайтынымызды білдік. Қызметкерлердің 50 пайызы осы жағынан әлсіз екені аңғарылды. Дегенмен айналасы бір айдың ішінде компьютерді меңгеріп, жұмысты әрі қарай алып кетті. Қиын кезде жаңа технологияны меңгеруге құлшына кіріскен, барлық профессорлық-педагогикалық құрамға ризамын. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, күні-түні жұмыс істегендері үшін рақмет айтамын. Оқу аяқталатын кезде Zoom платформасын пайдаланып өткізген кездесуде студенттерден сұрақ көп болды. Біз оларға барынша түсіністікпен қарайтынымызға, қиын кезде ешкім оқудан шығып қалмайтынына, бәрі бұрынғыдай шәкіртақысын алатынына сендірдік. Студенттер онлайн сабаққа алғашында жүрдім-бардым қарағаны рас, бірақ уақыт өте келе сабаққа дұрыс қатыспаса өздері зардап шегетінін түсінді. Пандемия бізді жауапкершілікке үйретті. Адамдар қиындықтарды жеңуге бейімделді. Нәтижесінде, білім сапасының көрсеткішінен де алдыңғы сессияға қарағанда ілгерілеу байқалды. Талапкерлерді оқуға қабылдау кезінде де «Бұл қалай болады?» деген үлкен сұрақ тұрды. Оқуға қабылданатын болашақ актерлердің бүкіл дене-бітіміне, қимыл-қозғалысына, сөзіне баға беріледі. Олар түрлі этюд көрсетеді. «Бұл онлайн жағдайында болуы мүмкін емес» деп Академиялық кеңес шешім қабылдады. «Мүмкіндігінше министрліктен рұқсат алайық» деген ұсыныс болды. Арт-менеджмент кафедрасы, медиажурналистика және өнертану факультеті талапкерлерді оқуға қашықтан қабылдап, сурет өнері, хореография, музыкалық өнер, театр өнері факультетіне академияда дәстүрлі түрде қабылдауға ұсыныс енгізілді. Мәдениет және спорт министрлігі біздің ұсынысымызды қабыл алды. Білім және ғылым министрлігі шығармашылық оқу орындары санитарлық талаптарды ескере отырып, талапкерлерді дәстүрлі қабылдауға келісім берді. 8-11 шілде аралығында емтихан қабылдауымыз керек болатын. Дәл сол кезде инфекция өршіп, 5 шілдеден бастап карантин шаралары енгізілді. Талапкерлер мен ата-аналардың, қабылдау емтиханын алатын ұстаздардың қауіпсіздігі үшін өзге әріптестерімізбен, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктерімен ақылдаса отырып, талапкерлерді қашықтан қабылдауды ұйғардық. Биыл 1 000-ға тарта талапкер шығармашылық емтиханға қатысуға өтініш білдірді. Емтихан екі деңгейде өтті. Zoom, Moodle платформасын пайдалана отырып, емтихан қабылданды. Емтихан дұрыс әрі әділ болуы үшін прокторинг жүйесі, антиплагиат бағдарламасы іске қосылды. Барлығы таспаға жазылды. Қабылдау емтихандарын барынша әділ өткізуге жағдай жасадық. Бұл сыннан да өз деңгейінде өттік деуге болады. – Тосыннан келген індет адамзатқа етек-жеңін жинап, кеңірек ауқымда ойланып жұмыс істеуді ескерткен тәрізді. Сондай-ақ бұл ахуал әлі қанша уақытқа дейін созылатынын ешкім тап басып айта алмайды. Осындай жағдайда академия нені ескеріп, неге баса мән беру керек екенін саралай алдыңыздар ма? – Каникул кезінде студенттерге онлайн сабақ жүргізуде қандай кемшіліктер бар екені әбден сараланды. Біз қашықтан білім беру бөлімін аштық. Бөлім бакалавр, магистратура мен докторантураның барлық шығармашылық емтихандарын қабылдап жатыр. Қазір шетелдермен осындай байланыста жұмыс істеуді жалғастырамыз. Erasmus+, Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша да шетелдік студенттер біздің оқу орнына, ал біздің студенттер шетелдерге барып оқуға мүмкіндік жасалмақ. Қосдипломдықты да осы жол арқылы іске асыру жоспарымызда бар. Екінші, бізде техникалық мүмкіндіктер төмен. Компьютер, ноутбук жеткіліксіз. Қазір мемлекеттік бюджет есебінен және ақылы оқу бөлімінен түскен қаражатты үнемдей отырып, 150-ге жуық ноутбук, компьютер сатып алынуда. Интернет желісін күшейттік. Үшінші мәселе – студенттердің қолында кітабы жоқ. Сол үшін электронды кітапханамызды іске қостық. Екі айдың ішінде 5 000-ға жуық кітапты электронды нұсқаға енгізуді жоспарлап отырмыз. Ішкі құжат айналымын электронды жүйеге енгізу де іске асырылуда. – Өнерлілерді тәрбиелеп отырған шеберхана болғаннан кейін, жастарды шыңдай түсетін іс-шаралар, түрлі концерттік бағдарламалар академияда жиі болып тұратын. Карантин режиміне байланысты қазіргі жағдай қалай болып жатыр? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жалпыұлттық жоба» деп бағасын берген «Карантиндегі жұлдыз» жобасына тоқтала кетсеңіз. – «Карантиндегі жұлдыз» жобасы шынайы өнердің шыңына шығу деңгейін көрсетті. Себебі 1,5 сағат бойы жанды дауыста концерт беру бұған дейін ілуде бір болатын. Оған Мемлекет басшысы «Жалпыұлттық жоба» деп жоғары баға берді. Бұл – Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп жасаған үлкен жоба. Сондай-ақ министрлік бастамасымен #AlgaKazakhstan, #Bizbirgemiz, #ӨнерОнлайн жобасы аясында академия аккаунттарының тікелей эфирінде дәрістер жүргізілді. Профессор-оқытушылардың дәрістерінде салалық білімге ден қойылып, өнер мамандықтарының барлық саласы қамтылды. Онлайн дәрістер, сұхбаттар, көрмелер, концерттер көпшіліктің көңілінен шықты. Жасыратыны жоқ, карантин кезінде елдің еңсесін көтеріп, рухани қолдады. Онлайнның мүмкіндігі шексіз екенін студенттер де қалт жібермеді. Абайдың 175 жылдығына қаншама тамаша онлайн көрмелер, Ұлы хакімнің әндеріне бейнероликтер жасалды. Колледж студенттері арасында қашықтан III халықаралық «Жас-Art 2020» театр фестивалін өткізгенбіз. Оған алты оқу орнынан екі номинация бойынша 101 студент қатысты. Қатысушылар Абай Құнанбайұлының шығармаларын оқып, сахналық қойылым көрсетті. Алдағы уақытта халықаралық байқауға, фестивальге қатысу жоспарда бар. Онлайн байқаулар ұйымдастыру үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Әйтсе де, сахнаның жөні бөлек. Шығармашылық ізденістер тоқтамайды. Карантинге байланысты өткізе алмай қалған Кенен Әзірбаев атындағы конкурсты күзде онлайн режимде өткізуді жоспарлап отырмыз. Жақында эстрада бөлімінің 4-курс студенті Бексұлтан Кенешкалиев «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінен ІІІ орын алды. Бұл – үлкен қуаныш. – Өнер адамдары қаншалықты нарық заманына бейімделді? Студенттерді қазіргі заманға қарай бейімдеп, дайындау жағы қалай? – Академияда шетелдіктердің оқығысы келетінін байқадық. Бірақ бізде ағылшын тілін меңгерген мамандар аз. Сол үшін академияның ішкі қаражаты есебінен үш деңгейлі курс ашып, 60-қа жуық мұғалімге сабақ бердік. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерде білім алғысы келетін студенттер бар. Дегенмен олар өнерді бірінші орынға қояды да, ағылшын тілін жетік меңгермеген. Сол себепті студенттерге курс аштық. IELTS деңгейіне жетуді мақсат етіп қойдық. Осы бағдарламаның арқасында 29 студент академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелге барып оқуы керек болатын, бірақ пандемияның салдарынан бара алмай қалды. Дегенмен олар дайын отыр. Медиажурналистика, кино-телевидение, музыка факультеті, дизайнерлерге компьютерлік оқу керек. Қазір олар бұрынғыдай қолмен сурет салып отырмайды. Барлық бағдарлама компьютерде бар. Студенттерді сол бағытқа бейімдеп жатырмыз. Олар заман көшінен қалмауы керек. Медиажурналистер тікелей жұмыс істейтін сайт аштық. Шеберлерімізге «Жасаған жұмыстарыңды көрмеге қойып, сайтта жариялаңдар. Сатып алушылар болса, пайдасын көріңдер» деп отырмыз. Биыл 4-5 студенттің жұмысын академия сатып алып, сый-сияпат ретінде пайдаландық. Дизайнерлер де өз дизайндарын сайт арқылы неге сатпасқа?! Сайт та өзін-өзі ақтайтындай деңгейге жетуі керек. Бүкіл студентті соған жұмылдырамыз. Әншілер мен актерлер шоу-бизнес бағытында ақша табады. Басқа студенттерге де мүмкіндіктер жасауымыз қажет. Олар өзі жасаған бұйымдарын нарыққа шығара алады. Қазір сұраныс бар. Жаңадан ашылған аурухананың алдына қойылған мүсіндердің авторы – біздің студенттер. Қалада қойылған Шәмші Қалдаяқов, Шәкен Аймановтың мүсіндерін жасауда да шәкірттеріміздің үлесі бар. Олар Латвияда Абай мүсінін жасап сыйға тартты. Қазір қолыңнан жасаған дүниені кәдеге асырып үйрену керек. Жастарымыз жан-жақты, олардың болашаққа дайындықтары, беталысы өте жақсы. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін!» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, нарыққа бейімделген жастар өсіп келеді. – Сіз ең алдымен дәстүрлі әншісіз, жыршысыз. Қазір жыр айтатындар азайып кетті ме, әлде олардың насихаты кемшін бе? Академияда дәстүрлі музыкалық өнер иелерін дайындайды. Түлектеріңізге қоғамда сұраныс қалай? – Биылғы түлектердің 90 пайыздан астамы жұмысқа орналасты. Бұл тексерілген нақты ақпарат. Жоғары оқу орнына арналған Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігінің сараптауы бойынша көптеген бағытта бірінші орын алдық. Сұраныс өте жоғары деген ЖОО қатарындамыз. Біз санға емес, сапаға жұмыс істеуге тиіспіз. Елімізде санаулы театр, филармония, концерттік ұйымдар бар. Сол мекемелерге сапалы маман дайындап беруге тырысып жатырмыз. Дәстүрлі өнер – халықтық өнер. Тұңғиыққа батып, «бұл ешкімге керек емес» деген сенімнен аулақ болуы керек. Бұл өнер небір қилы заманды қазақпен бірге бастан өткізді. «Домбыра, қобыз ойналмасын, жыр-дастан, терме-толғау, дәстүрлі ән айтылмасын» деген небір шектеулерден сүрінбей өтті. Енді тәуелсіздік алған кезде ұлттық өнеріміз құрдымға кетеді деген жаңсақ пікір. Жастарымыз қазір арсыл-гүрсіл, тарсыл-тұрсылға көбірек еліктейтін болар, бірақ адам жасы өсе келе, ақыл тоқтатқаннан кейін өз сабасына түсіп, бәрібір дәстүрлі өнерімізге қарай бет бұрады. Сол себепті ұлттық өнеріміз жасай береді. Бірақ жасыратын несі бар, насихаты төмен. Қазір Мәдениет және спорт министрлігі мектеп жасынан балаларды театр, кино, дәстүрлі өнер, кескіндеме, шеберлікке баулу үшін «Ұлағатты ұрпақ» бағдарламасын бастады. Алдағы уақытта оның да жемісін көретін боламыз. Бұрынғыдай насихат жоқ деп қарап отыруға болмайды. Қазір интернет, әлеуметтік желі мүмкіндігін пайдалану керек. Министрліктің YouTube арналары арқылы да дәстүрлі өнері насихатталып жатыр. Сондықтан дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген жандар, оның ішінде жыршылар азайып кетті деуге келмейді. Ортаға кеңінен таныла алмай жатса, заманның талғамына өзгеріс ене бастағаннан болар. Ән өнерінің өзіне көптеген жаңалықтар, жанрлар еніп жатыр. Уақыт өте келе сүт бетіне қаймағы бәрібір қалқып шығады деп үміттенеміз. Қанымызға сіңген, нағыз болмысымызға сай келетін, табиғатымызға жақын өнер ол – ұлттық бояуымызға, қазақылықтың иісіне қанық ән-күй. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ