Мамыр айында министрліктің сол кездегі ресми өкілі Диас Ахметшәріп медицина қызметкерлерінен арыз-шағым көбейіп кеткенін, соған байланысты министр Елжан Біртановтың бұйрығына сай әр қалада арнайы комиссия құрылатынын айтқан еді. Ол комиссияның құрамына әкімдік, жергілікті денсаулық сақтау басқармасы өкілдері, аймақтық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылайтын департамент өкілдері, «Nur Otan» партиясы өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, дәрігерлер құқығын қорғайтын ұйымдар, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері енген. Одан бері де төрт ай өтті. Министр өзгерді. Ал өтемақы беру талабы өзгерді ме?
Неге тек 9 отбасы өтемақы алды?
Қазақстанда коронавирус инфекциясынан 174 медицина қызметкері (оның ішінде 98 дәрігер, 40 медицина қызметкері, 14 санитар, 8 жәдел жәрдем жүргізушісі, 14 басқа да мамандар) қайтыс болды. Өкінішке қарай, оның 9-на ғана өтемақы төленген. Неге? Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев: «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен Денсаулық сақтау министрінің бірлескен бұйрығы 9 сәуірде қабылданып қойғанына қарамастан, өтемақы төлеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың алғашқы отырыстары тек тамыз айында өтті. Медицина қызметкерлерінің індет жұқтыруының алғашқы жағдайлары наурыз айында орын алған болса, бұл мәселені осынша созбалаңға салудың себебі неде?! Аймақтық партиялық бақылау комиссиялары бюрократия мен сөзбұйдаға салу фактілерін қарап, кінәлі партия мүшелерін ең қатаң жауапкершілік шараларына тартуы керек» деген еді. Ең жауапты кезеңде дәрігерлер аттан түскен жоқ. Күн-түн демей ауруханада жүрді. Жедел жәрдем қызметкерлері де індет жұқтырған науқастарды жеткізу үшін дамыл көрген жоқ. Сын сағаттарда олар тіпті өздерінің қауіпсіздігін ойлаған жоқ. 8 бірдей жедел жәрдем жүргізушісінің көз жұмуы – осының нақты дәлелі емес пе? Алайда жедел қызмет көрсетіп жүріп, өз өмірімен қоштасқан жандарға өтемақы төленбеуінің себебі неде? «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма төрағасы, белгілі пульмонолог Абай Байгенжин де қосымша төлемдердің уақтылы берілмегенін айтып отыр. Орталықтың 2 ай бойы жұқпалы аурулар клиникасы ретінде жұмыс істегенін, тәулік бойы науқастар қабылдағанын, ал қосымша жұмыс үшін Денсаулық сақтау министрлігінен үстемеақы түспегенін айтады. Ол: «Тәжірибемізді ескеріп, бізге ең ауыр науқастар жеткізілді. Біздің дәрігерлер, медбикелер, санитарлар тәулік бойы жұмыс істеді, өйткені науқастарды емдеу керек. Жұмыс ставкасы туралы ойлаған жоқпыз. Ұлттық орталық болғандықтан, бізде қаржылық ресурстар бар, мен шығындарды орталық есебінен жаптым. Ал бұл ақшаны қайтару үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінгенімізде: «бұл сіздердің шығындарыңыз, біз оны қайтармаймыз» деді. Өңірлердегі әріптестерімнің жағдайы қаншалықты қиын болғанын жақсы түсінемін. Олардың жағдайы бізден он есе ауыр. Үстемеақы төлеу соншалықты қиын ба?» деп отыр.Комиссия неге кеш шешім шығарды?
Коронавирустан емес, пневмониядан қайтыс болғаны үшін өтемақыға ілікпей ме? Көпшілікті алаңдататыны да осы сауал. Одан бөлек, өңірлерде комиссия бұл мәселені тамыз айында ғана қараған. Мәселен, Атырауда комиссияның алғашқы отырысы 6 тамызда өткен екен. Комиссия шешімі бойынша, 101 медицина қызметкеріне өтемақы берілмейтін болыпты. Себебі олар індетті жұмыс кезінде жұқтырмаған. Ал 13 тамызда өткен комиссияның екінші отырысында 121 медицина қызметкеріне өтемақы төленетін болып шешілген. 150 медицина қызметкерінің өтініші кері қайтарылған. Олардың арасында қайтыс болғаны – біреу. Ал Қарағанды облысында инфекция жұқтырғандар саны – 1 300. Оның ішінде 593 медицина қызметкеріне эпидемиялық тексеріс жүргізілген. Комиссия 383 медицина қызметкерінің жұмыста жүріп, вирус жұқтырғанын анықтаған. 16 адам қайтыс болған. Эпидемияға қарсы іс-шаралар кезінде қайтыс болған 5 адамның ісін комиссия тексеріп, екеуіне 10 млн теңге көлемінде өтемақы берілу қажет екені айтылып, құжаттары ұсынылған. Нұр-Сұлтан қаласында 14 тамызға дейінгі дерек бойынша, науқастанған дәрігерлер саны – 2 255. Оның ішінде пневмония жұқтырғандары – 143, ал коронавирус жұқтырғандар – 2 112. Ал Алматы қаласында соңғы 5 ай ішінде 27 256 медицина қызметкеріне үстемеақы төленген. Қазір вирус жұқтырған дәрігерлер саны – 1 101 адам, үшеуі – қайтыс болған. 571 адам өтініш берген. Әзірге комиссия олардың 97-сіне өтемақы беру туралы шешім шығарыпты. Ең қызығы, комиссия шешімі туралы деректер БАҚ беттерінде, әлеуметтік желіде көп айтыла қойған жоқ. Министрлікте 9 сәуірде комиссия құрылатыны туралы бұйрық шыққанымен, комиссияның алғашқы отырысы тамыз айында ғана өтті. Дәрігерлерді мазалайтын тағы бір сауал: медицина қызметкері вирусты қайта жұқтырған кезде оған өтемақы беріле ме, жоқ па? Оның да жауабы белгісіз. Партиялық бақылау комитетінде өткен жиынның басты тақырыбы өтемақы мәселесіне арналғаны белгілі. Жиында партиялықтар ДСМ жанындағы «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК қызметіне жеке тоқталды. Партбақылау комитетінің мәліметі бойынша, Mapcovid жүйесін Еңбек министрлігінің Ақпараттық жүйесімен интеграциялану процесіне байланысты қателіктер орын алып отыр. Жүйе стационарда емделмеген, бірақ амбулаторлық ем қабылдаған медицина қызметкерлерінің құжаттарын қабылдамайтынын (жүйе «Диагноз табылмады» деген қате табады) айтқан болатын. Бұл да дәрігерлердің бас ауруына айналды. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері өтемақы төлеу мәселесі 14 қыркүйекке дейін шешімін табады деп отыр. Әзірге екі вице-министрді де сөгіс түріндегі партиялық жауапкершілікке тарту ұсынылды. Ал министрлікке өтемақы мәселесіне қатысты жолдаған сауалымызға:«Жергілікті атқарушы органдардың комиссиялары коронавирус инфекциясы мен вирустық пневмонияны жұқтырғандарға МӘСҚ-ға (ГФСС) төлеу үшін барлығы 3 188 өтініш берді, оның ішінде 1 024 медицина қызметкеріне 2 млн теңгеден төленді. Қайтыс болған және вирус жұқтырған медицина қызметкерлері үшін Әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем жасауға 76-сына жіберілді, оның ішінде қайтыс болған медицина қызметкерлерінің 5 отбасына 10 миллион төлем төленді», – деген жауап алдық.