Елбасы осыдан 7 жыл бұрын Атырауға келген сапарында мұнай-газ саласының мамандарын даярлау ісіне көңіл бөліп, жаңа деңгейге көтеру керегін тапсырған болатын. Болашақ мұнайшылар білім алатын Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті – осы бағыттағы бірден-бір жетекші жоғары оқу орны. Жаңа оқу жылын тың талпыныспен, жарқын жобалармен бастаған университет мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күнін айрықша атап өтті. Университетпен тығыз байланыстағы Қазақстанның мұнай-газ секторындағы 36 ірі оператор мен компания өкілдері салтанатты жиында бас қосты. «Осы шараның елімізге мұнай-газ саласы кадрларын даярлайтын республикамыздағы бірден-бір мамандандырылған жоғары оқу орны базасында өтуі біз үшін үлкен құрмет. Еліміздің мұнай-газ кешенінде біздің университет түлектері де алдыңғы буын ағаларымен бірге еңбек етіп, алда тұрған міндеттерді абыроймен атқарып, индустриалды-инновациялық дамуға өз үлестерін қосып жүргенін мақтанышпен айтамыз» деп атап өтті Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова. Шыны керек, пандемия кезеңі білім беру саласын да толығымен қайта құруды талап етті. Бұған дейін жұмыс берушілердің қоятын шарты мен маман даярлау ісінде біраз қарама-қайшылық болатын. Енді дұрыс диалог орнады деп сеніммен айтуға болады: Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Қамқоршылық кеңесі мен Индустриялық комитет құрылды. Яғни, серіктес компаниялар университеттің даму стратегиясына, оқу процесіне қатысуға мүмкіндік алды. Мұнай және газ университетіндегі Қамқоршылық кеңесін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов басқарады. Кеңес құрамында аймақтағы ТШО, NCOC, «Ембімұнайгаз», «АМӨЗ», «Каспиймұнайгаз», «КМГ Инжиниринг», KPI секілді 36 ірі компания бар. Ал Индустриялық комитет мүшелері еңбек нарығын есепке ала отырып, маман даярлаудың басты сегіз бағыты бойынша білім беру бағдарламасын дайындайды және бекітеді. Индустриялық комитет төрағасы – Қазақстанның мемлекеттік сыйлық иегері, геология-минерология ғылымдарының кандидаты, ширек ғасырдан астам уақыт мұнай-газ саласында қызмет атқарып келе жатқан тәжірибелі маман Құрманғазы Исқазиев. Бұл бастамалар университет студенттерінің оқу мен тәжірибені шебер ұштастыра отырып, өз мамандықтарының қыр-сырын терең меңгеруіне мүмкіндік береді. Аға буын өкілдерінің өнегесі – талапты жасқа ең керек тәлім, ал сапалы маман – кемел келешегіміздің кепілі екені анық. Индустриялық комитет мүшесі, Қазақ мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының директоры Асқар Мұнара: «Уақыт бір орында тұрмайды. Технологиялар күн санап өзгеріп жатыр, сондықтан университеттің оқу-әдістемелік құралдарын индустрияға сәйкестендіруге маңыз беріліп отыр. Мұнай-газ кешенінде жұмыс істейтін кәсіпорындар оқу орнына демеушілік көмек көрсетуде. Соның нәтижесінде, университеттің зертханалары, материалдық-техникалық базасы жаңартылу үстінде», – дейді. Бүгінде теориялық білім мен тәжірибені ұштастыра отырып оқыту ерекше назарда. «Ембімұнайгаз» АҚ студенттердің өндірісте оқытылуы үшін арнайы полигон салып бермек. Мекеменің басқарма төрағасының орынбасары Рысты Тасмағамбетованың айтуынша, заманауи оқыту полигоны келер жылы іске қосылады. Елімізде өндірілетін мұнайдың 55 пайызы – Атырау еншісінде. Шараға қатысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов тәуелсіздік жылдары Елбасының бастамасымен елімізге шетел инвесторлары тартылып, ірі жобалар жүзеге асырылғанын атап өтті. «Бүгінде әлемнің алпауыт компаниялары Теңіз бен Қашаған секілді кен орындарын игеріп жатыр. Олар отандық мұнай мекемелерімен бірлесе отырып, облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуда ауқымды істер атқаруда. Осы салаға кадр даярлайтын Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті классикалық оқу орнынан инновациялық шешімдердің хабына айналып келе жатқаны көңіл қуантады. Мұнайшылар ұстаханасы атанған университет үшін де озық технологияға жетік және бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау талабы артып отыр», – деді аймақ басшысы. Энергетика вице-министрі Жанат Жахметова да шараға қатысып, болашақ мұнайшыларды оқыту ісіне табыс тіледі. Шара барысында университет пен «КМГ Инжиниринг», ADAGA ЖШС, «Алстронтелеком» ЖШС арасында өзара серіктестік пен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Мерекеге орай оқу орнының бірқатар қызметкерлері марапатталды. Мерекелік басқосу телекөпір жұмысымен жалғасты. KAZENERGY қауымдастығы төрағасының орынбасары, «С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ұзақбай Қарабалин телекөпірге онлайн байланыс арқылы қатысып: «Оқу орнының мақсаты – өңірдегі компаниялар мен ірі инвестициялық жобаларды құрылыс кезеңінде және іске қосылғаннан кейін де жергілікті білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Бұл мәселеде сала дамуының жаңа бағыттарын іске қосу айрықша маңызға ие. Электр энергиясын үнемдейтін «жасыл» технологиялар саласында ғылыми-зерттеу жасау; отандық инжинирингтің рөлі мен деңгейін көтеру, энергетика жобаларын кадрлармен қамту. Қазіргі уақытта университет өндірісте жұмыс істейтін мамандардың мақсатты тобы дайындаған білім беру бағдарламасын енгізуде. Серіктес компанияларды оқу процесіне тарту жұмысы жолға қойылды», – деді. Телекөпірге, сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Есқалиев онлайн байланыс арқылы қосылып, лебізін арнады. NCOC компаниясы атқарушы директорының орынбасары Е.Марабаев, «ҚазмұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Д.Тиесов, «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Ш.Данбай, «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Имер Боннер, Karachaganak Petroleum Operating B.V., KazService Президиум төрағасы Р.Жақсылықов мерекелік құттықтау тілектерін айтты. «Атамекен» ҰКП статистикасына сүйенсек, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті түлектерінің 80 пайызы оқу бітіргеннен кейін мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады екен. Жаңа оқу жылын тың құлшыныспен бастаған оқу орны бірқатар жаңа жобаларды қолға алып отыр. Энергетика секторына менеджерлер мен жетекшілер даярлауға бағытталған МВА бағдарламасы жүзеге асуда. Мұнай-газ саласындағы заманауи дамудың нәтижесінде мұнайшылар династиясы толығып, олардың қара алтынды өндірудегі әлеуеті осылайша қарыштай бермек.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы