Жоғарыға жаутаңдай бергенімен, ештеңе шықпайтынын сезінген ауылдастар өзара ақылдасып, қарекет жасап, қаржы жинады. Оларды кәсіпкер жерлестері, дін қызметшілері мен округ әкімдігі қолдап, өзен үстінен жаяу жүргіншілерге арналған ұзындығы 31 метр, ені 1 метрден асатын аспалы көпір орнатты. Осындай игілікті іс округ орталығы Қоңырөлең ауылында да қолға алынып, Көктерек өзенінің жағалауындағы Қожбанбет би және Сәкен Сейфуллин көшелерін жалғастыратын ұзындығы 20, ені 4 метрлік көпір тұрғызылды. Ел бірлігінің белгісі сияқты көпірдің пайдалануға берілу салтанаты карантинге байланысты шағын топпен өткізілді. Оған Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілі Камалжан Тұрдыбаев, Талдықорған аймағының өкіл имамы Ардақ Оразбаев, Панфилов аудандық мешітінің имамы Серік Шәріп қатысты. Жиынға келгендер ауыл азаматтарына, құрылыстың сапалы әрі жылдам орындалуына көп көмек көрсеткен жергілікті меценат, ауылдағы ардагерлер қауымдастығының төрағасы, «Еңбек» ЖШҚ жетекшісі Д.Жұмабаевқа, құрыш қолды құрылысшылар К.Есенбаев, Г.Момбаев, Н.Досымшалов және С.Қырықбаевқа, тағы басқа қолғабыс көрсеткен барлық азаматқа алғыс айтты. – Адамзат үшін аса сауапты істің бірі – ауылдарды жалғайтын көпір салу қай кезде де қасиетті қарекет қатарына енетін іс. Жергілікті халыққа өте керек болған бұл мәселенің көптен бері шешімі табылмай жүрген. Өзара ұйымдасып, ұжымдасып, іс тындырған ауылдастарымның ауызбіршілігіне тәнтімін. Олардың бауырмалдығы, ынтымағы, пейілі мен берекесі осындайда көрінеді. Әр кез бірге болып, үлкендердің ақылына жүгінген елдің алмайтын асуы болмайды, – дейді Қоңырөлең ауылдық округінің әкімі Нұрлан Әлімов.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы