Базардан едәуір арзан
Базардан  едәуір арзан

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов пен Түркіс­тан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бірлескен келісімі аясын­да өткен аптадан бас­тап үшінші мегаполис­те та­уар өндірушілерінің жәрмең­кесі өтіп жатыр. Әр апта­ның сенбі күні Қажымұ­қан стадио­нына Түркістан облысының екі ауданының диқандары өздері өндір­ген өнімдерді алып келіп, базар бағасынан едәуір арзан сатып жатыр.

Өткен сенбіде жәрмеңкеге Отырар және Төлеби аудан­дары шаруаларының өнім­дері қойылды. Бұл күні ауыл­ шар­уашылығы тауарларынан бө­лек, әр ауданның қолөнер ш­е­бер­лері бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Яғни, стадион­ға таң атпай жинала бастаған қала тұрғындары сапалы, та­би­ғи өнімдерді диқанның өз қо­лы­нан қолжетімді бағада сатып алып қана қоймай, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін, көркемөнерпаздар дайындаған концерттік бағдарла­маны тамашалады.

Жәрмеңкеге 60-тан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысып, жалпы құны 113 мил­­лион теңгені құрайтын 78 тон­на өнім қала тұрғындарына ұсынылды. Аталған жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтағы бағадан 15-20 пайызға дейін төмен болды.

Жәрмеңкеге арнайы келген қала әкімі Ерлан Айтаханов мұндай жәрмеңкелердің жиі әрі үздіксіз ұйымдастырылатынын, азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол берілмейтінін атап өтті. Сондай-ақ Ерлан Қуанышұ­­лы бірлесіп жасалған шара үшін Түр­кістан облысының әкімі Өмір­зақ Шөкеевке алғысын жеткізді.

Түркістан облысының екі ауданы шымкенттіктерге ет, сүт өнімдерімен қатар, картоп, көкө­ніс, жеміс-жидек пен қауын-қар­быз, болгар бұрышы, қызанақ, қияр мен жеміс шырынын ұсын­ды.

Төлеби ауданының көшін бастап келген аудан әкімі Бауыр­жан Омарбеков аталған жәр­меңкені ұйымдастырудың не­гізгі мақсаты халықты тиімді ба­ға­дағы қолжетімді азық-түлік­пен қамтамасыз ету екенін, ал ауыл шаруашылығы тауар өн­діру­шілерінің өз өнімдерін тіке­лей, делдалсыз сатуға мүмкіндігі мол екенін жеткізді. «Мұнда еттен бастап Төлеби ауданынан шығатын «Леңгір балмұздағы», «Фудмастердің» сүт өнімдері, Ди­ханкөлдің қымызы арзан ба­ғада қала тұрғындарына ұсы­ны­­лып жатыр. Шымкент қа­ласы мен Түркістан облысы­ның әкімшілік аумағы екіге бө­лін­генімен, бұрынғы оңтүстік өңі­рінің шаруасы да, өмірі де біте қайнасып кеткен. Өмір­зақ Естайұлы мен Ерлан Қуа­ныш­ұ­лы­ның қолдауымен өтіп жатқан бұл игі шара тұрақты түрде, апта сайын қазан айының соңына дейін жалғасатын болады» деді аудан әкімі. Жалпы, жәрмеңкеге Төлеби ауданынан 51 мың тонна тауар өндірушілерінің өнімі әке­лін­ген.

Ал Отырар ауданы әкімінің орынбасары Пердехан Жаппар­құ­лов Түркістан облысы мен Шымкент қаласының арасын­дағы қарым-қатынасты нығайту аясында өтіп жатқан шараға ау­дан­­нан 32 тауар өндірушілерінің 15 тоннадан астам өнімін әкеліп отыр­ғанын жеткізді. Оның ішінде жыл­­қы, сиыр, қой еті, бақша жә­не сүт өнімдері, сонымен қа­тар тарихы терең Отырардың көр­месі де қала тұрғындарына ұсы­­нылуда.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б.Парманов екі аймақ әкімдерінің қолдауымен кестесі түзіліп өтіп жатқан бұл игі шараға мегаполис тұрғын­дары­ның риза екенін жеткізді. «Жәрмеңкеде ешқандай алым-салық алынбайды. Өз өнімдерін ұсынған шаруаларға барынша жағдай жасалады» деді қала әкімінің орынбасары.

 

Шымкент қаласы