«Nur Otan» праймеризінің екінші кезеңі басталды
«Nur Otan» праймеризінің екінші кезеңі басталды
Осы бағдарламаларға арнайы primaries.kz сайты арқылы қазақстандықтарды өздерінің сындарлы ұсыныстарын енгізуге және талқылауға шақырады. Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, сайлауалды бағдарламалардың жобалары еліміздің өңірлерінің, оның ішінде ең шалғай елді мекендеріндің тұрғындарымен кездесу қорытындысы бойынша қалыптасқан нақты проблемалардың картасы негізінде әзірленген. Сонымен, Шығыс Қазақстан облысының сайлауалды бағдарламасының жобасында оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында жаңа балабақшалар мен мектептер салу міндеті қойылып отыр. Жезқазған қаласында жұмысқа орналасу проблемалары жеке бағытпен көрсетілген. Мұнда тұрақты жұмыс орындарын ашу үшін өңдеуші өнеркәсіп саласында бірден бірнеше жаңа кәсіпорын салу ұсынылады. Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарлама жобасында Денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінген. Партия қалалық мәслихатқа сайлауда жеңіске жеткен жағдайда, мегаполисте бірден 10 жаңа медициналық орталық салу, сондай-ақ 36 медициналық мекемеде материалдық-техникалық базаны жаңарту жоспарлануда. Солтүстік Қазақстан облысында партияның аймақтық сайлауалды бағдарламасы жобасының бір бөлімінде жол инфрақұрылымын жақсарту көзделген. 2021 жылы облыстық және аудандық автожолдардың кемінде бес жүз шақырымын жөндеу ұсынылады. Сондай-ақ, осы аптада бүкіл ел бойынша партияішілік праймериздің екінші кезеңі – үгіт-насихат жұмыстары басталды. Үгіт-насихат науқаны барысында әрбір кандидат нақты елді мекендердің проблемаларын шешу жолдарына қатысты өз көзқарасын ұсынуы тиіс.14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар онлайн режимінде өтеді. Осыған байланысты «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өңірлік филиалдармен кеңейтілген кеңес өткізіп, оның барысында Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы партия жұмысының негізгі бағыттары талқыланды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында азаматтарымыздың көпшілігін толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешудің нақты бағыттары мен тетіктерін атап өтті. Президент 140-қа жуық нақты тапсырма берді. «Nur Otan» партиясы Мемлекет басшысы жариялаған бастамалардың іске асырылуына жергілікті жерлерде қатаң мониторинг жүргізеді. Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, праймериз барысында жиналған халықтың ұсыныстары мен Президент Жолдауында қойылған міндеттерді ескере отырып, біздің барлық сайлауалды бағдарламаларымыздың жобалары пысықталады», – деді Бауыржан Байбек.
   width= Еске сала кетейік, жалпы республикалық партияішілік праймеризге қатысуға 11 мыңға жуық кандидат тіркелген, олардың орташа жасы 43 жасты құрайды. Оның ішінде 37%-ы – әйелдер, 29,6%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Праймериздің басты мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын анықтау.