Биыл Жетісу жерінің жұрты ғана емес, қалың қазақ жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығын жоғары деңгейде атап өтіп жатыр. Еліміздің әр қиырында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Ақсу ауданында қазанның 11-12 күндері ұлан-асыр той өтеді. Соның қарсаңында жетісулық өлкетанушы Жемісбек Толымбековтың Ілияс Жансүгіров туралы тың деректер топтастырылған зерттеуін жариялағанды жөн көріп отырмыз.
Ілияс Жансүгіровті зерттеп-зерделеу ісінде кемшілік барын мойындаған жөн. Тіпті Ілиястың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты қамтыған, «мынау» деп көрсете қоятындай дүние жоқтың қасы. Қате деректер те кетіп жатыр. Мәселен, көп еңбектерде Берсүгірді Жансүгірдің әкесі деп жазады. Шындығында, ол кісі – Жансүгірдің ағасы. Сонымен бірге басқа да олқы соғып жатқан тұстарымыз бар. Осыған орай, өз бетімізбен ізденіп, талпынып көрген едік. Бағасын оқырман бере жатар.
«Мен әңгімені айта білемін. Тыңдай да білем. Бірақ тыңдаушылығым мен әңгімешілдігімді таразылағанда – айтушылығымнан тыңдаушылығым анағұрлым басым. Әңгімесін талғап, адамын тыңдаймын. Бұл – менің басқаларға ұқсамайтын, өзгеше бір қасиетім. Әңгімені аз білем. Көп тыңдаймын. Бірақ көбі есімде қалмайды. Есімде қалатын әңгіме жақсы ауызбен, әсерлі дауыспен, артистік атқарумен, шытырман оқиғалары көп болуы керек. Сонда ғана әңгіме маған дари алады. Сонда ғана мен оны жаңғыртып, өзге құлаққа құя аламын» деген екен заманында Ілияс ақын. Елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған Ілияс Жансүгіров «Тілші» газетінің 1923 жылғы 1 қазандағы санында басылған жұрт мұқтажын өзек еткен «Ескеретін жұмыс» деген мақаласында Лепсі, Талдықорған уездерінің көп жерлерінде еккен тарыдан жөнді түсім алынбайтынын әңгіме етіпті. Ал «Ақ жол» газетінің 1921 жылғы №10 санында Қапал уезіндегі Мамонтов, Иванов, Петренко дегендердің Матай қазақтарының жерін тартып алып, өздерін құм мен қалаға бостырғаны туралы ашына жазады.
Ғали Орманов: «Ілияс күнделіктерін қойын дәптеріне жазудан бір күн тынған емес» деп жазады. Ілиястың «Өзіме» деген өлеңінде:
«Хақ сөйле, қызыл тілім, адал сайрап,
Тапсырдым бар ойымды саған арнап.
Көңілім, арам ойлап алаңдама,
Алмаққа біреуді алдап, біреуді арбап»
деген жолдары ақынның өзіне берген сертіндей естіледі. Халықтың «Тамырлай келіп тепшілемесе, өлеңде маңыз да, дәм де болмайды» дегенін Ілияс үнемі жадында ұстаған. Жансүгіров «Жұт – жетi ағайынды» өлеңiнде:
«Болғанда Ақтабанды шұбырынды,
Тұмсығы қазағыңның тұжырылды.
Айтпайық, Орал менен Iшкi Ордасын,
Семейдi, Ақмоладай жолдасымен.
Елiн ойран, жерiн шаң, топырақ қып,
Қайыршы қылып қойды,
қатырып басы, миын»
деп 1723 жылғы Жоңғар шапқыншылығы елге жұт әкелгенін жеткізеді. «Кожабек начәндік» әңгімесінде: «Қаратал суының бойында тігілген үйдегі демалыс. Естен қалмайтын демалыс. Кештен түске дейін ұйқы. Түстен кешке дейін күлкі. Еттің иесі, қымыздың жерігі, преферанстың жөлігі, мергендіктің есалаңы, күлкінің бригадирі, ұйқының қазынасы – бәріміз бір жерге жиылған екенбіз. Ішеміз, жейміз, алысамыз, күлеміз, ойнаймыз, шаршаймыз, тағы тынығамыз, суға шомыламыз, балық аулаймыз, ең болмағанда тарсылдатып торғай атамыз. Кәсіп осы. Осыны демалыс дейміз. Бос кісінің уақытында есеп бола ма? Мезгілдің немен өтіп, немен кетіп жатқанында сан жоқ. Бұл 1931 жылдың жазы ... » деп сол кездегі шолақ белсенділердің сорақ тірлігін әжуә етеді. Ақын ұзақ жолда бір аяқ қатыққа тары мен сөк қосып араластырып, бетін бүркеп қойып, бөрттіріп жейді екен. Бақтыбай Жолбарысұлының Бәйімбет, Қыпшақбай, Тезек төре, Мәйке, Тайкөтпен айтыстарын жатқа айтыпты. Бақтыбай мен Мәйке қыздың айтысын Фатима Ғабитова 1941 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасына өткізіпті. Онда Ілиястың қолжазбалары да бар.
Ілияс Жансүгіровтің кейбір шығармаларының қай жылы шыққаны, қандай тіл мен баспа, тиражы мен көлемі қанша, мазмұны жайына тоқталайын. 1933 жылы «Қазақстан» баспасынан «Қазақ әдебиеті классиктері» айдарымен Абай Құнанбайұлы шығармаларының толық жинағы қазақша жеке кітап болып, латын әрпімен шығады. Жинақтаушы – Мұхтар Әуезұлы. Оқып шығып, алғы сөзін жазған – Ілияс Жансүгірұлы. Тиражы 6000 дана болып шыққан кітап қазақ даласын елең еткізген үлкен оқиға болды. Себебі бұл қазақ жерінде басылған Абай шығармаларының алғашқы жинағы еді. Бір ғажабы кітапта 1953 жылы «кітап тексерілген» деген штапм басылып, сол кезде Ілияс Жансүгірұлы дегенді алып тастапты. Алғы сөзі жоқ. «Қазақстан» баспасы атынан Тайыр Жарокұлы алғы сөз жазады. Осылайша, Ілияс еңбегіне кезекті қиянат жасалады.
«Кеңес». Орыс тілінде шыққан. Дмитрий Снегиннің аударуымен 1935 жылы орыс тілінде «Қазақстан» аймақтық баспасынан шыққан «Кеңес» деген кітаптың бірінші бетінде: «Ілияс Жансүгіров – пролетариат қазақ жазушысы. Оның Д.Снегин тәржімелеген өлеңдері еңбекші қазақ халқының мұңды өмірін, өткендегі ақ патша мен байлардың қыспағын және бүгінгі күндегі социалистік Қазақстанның болашағын көрсетеді. Ақынның өскендігін, бұлыңғыр романтикадан нақты социалистік реализмге, колхоз құрылысын, индустрияны, даланың келбетін өзгерткен еңбек адамдарын кітаптан оқып білуге болады» делінеді. Ілияс Жансүгіров Дмитрий Снегинді 20 жасынан бастап әдебиет пен жазушылыққа тәрбиелеген.
«Жол аузында». Ілияс Жансүгіров. (Әңгімелер жинағы). Орыс тілінде шыққан. Ілияс Жансүгіровпен бірлесіп, қазақшадан тәржімелеген Ғайша Шарипова. «Қазақстан» аймақтық баспасынан 1936 жылы жарық көреді. Кітапқа ақынның алты әңгімесі топтастырылған. Оларда қазақ өмірінің өткені мен бүгінгісі және кеңестік Қазақстандағы өмір келтірілген. «Вексель» атаулы әңгімесінде ұлтшыл байлардың кедейлерді еңбекке пайдаланғанын ашып береді. «Жол аузында» қарт адам өзінің бұрынғы итаршылық күнін, ақ патша заманында ең алғашқы теміржол салынғанын баян етеді. «Он алтыншы жыл» деген әңгімесі де ерекше. Онда 1916 жылы қазақтардың патша ағзамның «Июнь жарлығына» қарсы көтерілісі баяндалады. «Дарқан» және «Бейсетай бригадасы» әңгімелерінде бейбітшіл Қазақстандағы жаңа адам тұлғасының қалыптасуын суреттейді. Автордың тілі жатық және нақ.
«Күйші» (поэма). Ілияс Жансүгіров. Мәскеудегі мемлекеттік «Көркем әдебиет» баспасынан 1936 жылы орыс тілінде шыққан. Ілияс Жансүгіровпен бірлесіп, қазақшадан тәржімелеген – Всеволод Рождественский.
«Құқ». Қазақстан көркем әдебиет баспасынан қазақ тілінде латын әрпімен 1935 жылы шыққан. Таңқыбай (Ілиястың лақап аты). Сықақ, әңгіме, фельетондар. Тиражы – 5150 дана. 142 бет.
«Кек». Жансүгірұлы Ілияс. Пьеса. Қазақстан ұлт-мемлекеттік театрына арналып, қазақ тілінде латын әрпімен 1932 жылы шыққан. Тиражы – 5000 дана. 62 беттен тұрады.
«Мін де шап!». Пьеса. «Қазақстан» көркем әдебиет баспасынан 1934 жылы қазақ тілінде латын әрпімен шыққан. Редакторы – Ф.Ғабитова. Тиражы – 3150 дана. 32 бет. Баспадан: «Ілиястың бұл сюжетті «Мін де шап!» атты сахна ойыны 1932 жылы жазылып, қазақ театрында қойылған еді. Колхоздастыруға арналған бұл туындының міндеті ескірмейді. Көпшілік арасында маңызы жоғалмайды. Ойынның қойылуы өте жеңіл. Сахна сайманын керек қылмайды. Үлкен де, кіші балалар да ойнай береді» деген ескерту жазылған.
«Сүйінбай ақын». Ілияс пен Фатима Ғабитованың құрастыруымен 1934 жылы қазақ тілінде латын әрпімен шыққан. Онда Ілияс Жансүгіров: «Сүйінбай ақын 1827 туып, 1895 жылы дүниеден қайтқан. Тұрған жері – осы күнгі Алматы облысы Қастек ауданы. Әкесінің аты – Арон, оның әкесі – Сөр. Сүйінбайдың өлеңнен басқа өнері болмаған. Сүйінбай Тезек төре, Майлықожа, Қатаған (Арыстанбай), дулат ақыны Қаңтарбаймен айтысқан. Сүйінбай бірде қараның тілі болса, бірде төренің тілі болды. Айналып келгенде кім ат берсе, ас берсе, сол үшін мақтап, өз тамағының құлы болды. Абай айтқан:
«Қобыз бен домбыра
алып топта сарнап,
Айтыпты мақтап өлең
әркімге арнап.
Әр елден өлеңімен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін
жұртты шарлап», – деген ел ақындарының бірі – Сүйінбай.
Сүйінбайды Жетісуда қазақ, қырғыз біледі. Әсіресе, оның Қатағанмен айтысы – жалпақ елге тым көп жайылған өлеңі. Мұны әр ақын әртүрлі қылып айтады. Қазақ ақыны айтса, Сүйінбай жеңеді. Қырғыз ақыны айтса, Қатаған жеңеді. Қатаған мен Сүйінбай бірін-бірі жамандайды. Мұндай ырылдан ұлт арасының түсінбестігі туындайды. Тезек төрені қазақтар «хан Тезек» деп атаған. Ірі феодал болған. Сүйінбай Тезектен тілін тартпай, мінеп салады. Ұрлық пен зорлығын айтады. Соңынан мақтайды. Қатаған мен Сүйінбайды Тезек апарып айтыстырған. Тезектің ауылы патша ағзамның арқа сүйеп, ат байлар ауылы болған. Отауына рұқсатсыз адам бас сұқпаған. Алдынан адам шықпаған. Ауылына рұқсатсыз атпен ешкім кірмеген», – деп жазады. Қазір барлық жерде Сүйінбай ақын 1815-1898 жылдары өмір сүрген деп көрсетілген. Бұл – үлкен қателік.
Әлібек Қоңыратбаев Алматы облыстық НКВД басқармасы үштігінің 1937 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысымен 1937 жылдың 2 желтоқсанында НКВД-ның Мемлекет қауіпсіздігі басқармасының тергеу камерасында атылған. Оған тағылған айыптарда: «1933 жылы Ілияс Жансүгіровпен антикеңестік-ұлтшылдық, террористік-диверсиялық, шпиондық-көтерілісшіл ұйымға тартылып, контрреволюциялық жұмыстарға белсене араласқан. Террористік топқа кіріп, Қазақстан ҚП(б) Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Мирзоян жолдасты өлтіруге дайындық жасаған. Жүргенов пен Жансүгіровтің тапсырмасы бойынша террористік топқа Тәжібаевты және Жанғалинді тартқан» деп көрсетіледі. Бұл жасанды, келеңсіз, сұмдық айыптар. Жаныңды бермесең, басқадай арылу жоқ. Кеңес Үкіметі соны жасады. Әлібек Қоңыратбаев – Жазушылар одағының хатшысы, Ілияс Жансүгіровпен бірге істеген әріптесі болатын.
Рекомендация үшін Ілияс Жансүгіров 24 сұрағы бар анкетаны 1924 жылы толтырған екен. Соның №20 сұрағындағы: «Октябрь революциясына дейін репрессияға ұшырадың ба?» – дегенге, «жоқ» деп жауап қатыпты.
№22 сұрақта: «1917 жылдан бастап жұмыс қызметіңіз?» деген графаға:
«І. 1917-1919 жылдары Қапал уезі Ақсу болысында қара жұмысшы болдым. ІІ. 1919-1921 жылдары Ташкентте Киринпроста оқу оқып, сонда «Ақ жол» газетінде жұмыс істедім. ІІІ. 1921-1923 жылдары Талдықорған уезі Ақсу болысындағы Белтоған мектебінде ауыл мұғалімі қызметін істедім. ІV. 1923-1924 жылдары Алматы қаласында «Мектеп» редакциясында және «Тілші» газетінде жауапты редактор қызметін жасадым. V. 23.02.1924 жылдан бастап Қазақ ағарту институтында директор қызметіндемін» деп өз қолымен толтырыпты.
№23 сұрақ: «Қызметтен тыс атқарылған арнайы тапсырмалар, комиссия-кампаниямен қатысу, зерттеу жұмыстарын жүргізу, т.т.б?» – дегенге, Ілиястың жазған жауабы: «1920 жылы қазақ ауыз әдебиеті материалдарын жинастыру комиссиясы жұмысына, 1921 жылы Түркістан халық жер комитетінің сапарнамасымен көшпенді халықтың мал азығын дайындау жұмысына агитатор болып қатыстым» дейді. Бұдан Ілияс Жансүгіровтің 1917 жылдан 1925 жылға дейін қандай қызметтер атқарғаны нақты айқындалады. Әлі күнге дейін Ілияс Жансүгіровті ана қызметте, біресе мына қызметте істеді деп, әртүрлі саққа жүгіртіп жүргендерге тоқтам болғаны жөн.
Дерек үшін. «Ақ жол» газеті – шығарушы органы ЦК КПТ (Орталық комитеттің коммунистік партиясының еңбекшілер органы). Газет 1920-1924 жылдарда қазақ тілінде шығып тұрған. Одан «Ленин жолы» деп аталып, шығарушы органы РКП (б) Сырдария губкомы болады. «Тілші» газеті 1918 жылдан шығады. Басында «Жетісу ісші халық мұхбірі» деп аталыпты. 1919 жылы «Көмек», 1920 жылы «Ұшқын», 1922 жылы «Кедей еркі», 1922-1929 жылдары «Тілші» деген атпен шығады. Ал 1929-1934 жылдарда «Еңбекші қазақ» газетімен бірлесіп жарық көреді. 1934-1954 жылдарда «Сталин жолы» газеті деп аталған. Жалғасы – қазіргі «Жетісу» газеті. Ілияс Жансүгіров осы газеттердің барлығына дерлік мақалалар жазып тұрған. Газеттердің белсенді мүшесі болған жайы бар.
Әлеуметтік қамсыздандыру одағы. Әлеуметтік қамсыздандыру одағы конференциясының делегатына мандат. 4 қараша, 1924 жыл. Ағарту одағы қызметкерлері атынан Ілияс Жансүгіров әлеуметтік қамсыздандыру конференциясына делегат болып тағайындалған. Хатшы Романов. Осындай құжат Қазақстан Республикасы мемлекеттік архивінде (Ф -1368. Оп. - 3. Д - 64. Л – 8) сақталған. Ақын жайлы бұл дерек те оның қоғамға деген көзқарасының дұрыстығын байқатады.
Ілияс Жансүгіров сан салалы жұмыстарды атқара жүріп, Қазақстанның небір түкпір шеткейінен келетін оқырман хаттарын да назарда ұстаған. Жауапсыз қалдырмаған. Тілектерін шама-шарқы келгенінше, мүмкіндігінше орындап баққан. Соның бірі 1936 жылы шалғайдағы Маңғыстау ауданы Форт Александровск қаласы Баутин поселкасынан Сәттіғұл Жанғабысұлының жазғаны. Ол хатта: «Жолдас Ілияс Жансүгіров. Мен 1935 жылдан газет бетіне өлең беріп жүрмін. «Әдебиет майданы» журналы болсын, өлеңімді жарыққа шығарып, тікелей өз адресіме хабарласуыңызды сұраймын», – делінеді. Хат иесі қарапайым өлеңдерімен бірге Сталинге қастық ойлап, атылған қас дұшпандары «16-ты кісі» туралы толғау өлеңін қоса жолдапты. Әрине, Ілияс Жансүгіров Жанғабысұлы Сәттіғұлдың өлеңдерін шығарып, тұсауын кескен де болар. Оны сол кездегі газет-журнал беттерінен іздесе, табылатын да шығар.
Ғабит Мүсірепов қорынан табылған ақынның «Боз інген» толғауы «Күй» поэмасының әлқиссасы саналған. «Кіріспе» бөлімінің алғашқы нұсқасы «Табалдырық» деп аталады. «Ертегі желісі бойынша» деп көрсетеді. Әуелде дербес туынды ретінде дүниеге келгенін аңғартады. Ілияс осы толғауымен болашақ үлкен шығармасының «құлақ күйін» келтіріп алған сынайлы. Толғау поэмаға түскенде ептеп өзгерген. Бірақ негізгі тіні сақталған. Тек соңына «Ескіге, ертегіге ертер үшін, Тамырын тартып шердің шертер үшін. Қолқалап «Боз інгенді» сұрағанда, Былайша, бастайтын шал ертегісін» деп, ары қарай поэма оқиғасын бастап кетеді. «Боз інген» әлқиссасында қобызшы Молықбайды «Күй» поэмасынан басқаша, шынайы, айқын бейнелейді. Мысалы: «Көзінің жаңылмасам ақшылы бар», «Шәйіден шапан киіп, үкі тағып, бұлғақтап болған десед жасында сал», «Бүгінде кедей, кәрі, күйі кеткен, тамыршы, құмалақшы – күні еліткен», «А» деді, асқақтады, әнін қосты, үн қатса, қосылуға қобыз тосты», – деп жазады. Қобызшы қобызбен күйлер шерткенінде дауыс қосатынын көреген аталардың жеткізгендері бар. 1930 жылдарда Ташкенттен шыққан грампластинкада қобызшының орындауында («Жез киік», «Боз інген», «1916 жыл») үш күйі бар. Сонда керек жерінде Молықбай қобыз үніне қосылып дауысын қосқаны бар екен. Сол пластинканы іздестіріп, Ташкенттен немесе грампластинкалар қорынан тапса ғой. Жетелі жетістік, құнды жәдігер болар еді.
Ілияс Жансүгіров: «Соңғы уақытта қазақ жұртшылығының әлеуеті өсуімен бірге мәдениетінің де, әдебиетінің де, шамамызша табалдығын аттап қалдық. Едәуір нәрсе істелді. Істелгелі де жатыр. Оқу орындары мен оқушылар молайды. Баспасөз өсіп, жаңа жазушылар шығып келеді. Істелген нәрсенің бір қабырғалысы Затаевичтің жинаған 1000 әні» деп бағалайды. Ақтарусыз жатқан қазынаны Затаевичтің жинағанына зор мән береді. «Енді жинап жүрген 500-дей әні бар» деп марқайып, «Затаевич қазақ күйлерін жинай бастаған көрінеді» деп шаттанады.
«Біздің елде ертеректе өткен Тойтан деген шал 40 күй тартады екен. Оның бұл күнде біреуін де ешкім білмейді. Тойтан өлімі 40 күйді ала кетті», – деп күйінеді ақын. «Күй жинаудың алғашқы адамы Затаевич. Газет, журналдардың бетінде жер-жердегі күйлердің аттары, мазмұндары, күйшілердің аты-жөні, тұрағы жазылуы керек. Мұны жазатын елдегі тілшілер» деп үн тастайды. «Жетісудың Талдықорған уезі Ақсу болысының домбырашылары Нұрсапа, Егеубай, Молықбай тартатын күйлер» деп, олардың шерткен күйлерін атап тізеді. Ілияс атаған күйшілер Егеубай мен Нұрсапа қазір ұмытылды. Ешкім олар туралы білмейді. Тіпті, есімдері де аталмайды.
Ілияс Жансүгіров – құнды қазына. Терең ілім. Аршу болашақты жастардың ісі. Қатқақ, суайттық қылмай, мардымды ғылыми жетелі, ізденістер қажет. Қолдың олақтығы, істің шолақтығы емес. Байыпты, байсалды түрде, тұрақты, тыңғылықты жұмыстар атқарылғаны жөн. Мыңжылдық қалыпты істерді жасаған орынды. Әрсіз, әлсіз етпей, өміршең, қанымды болғаны абзал.
Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ,
өлкетанушы
Алматы облысы