Дей тұрғанмен, аталған шектеулерді бұзатындардың қатарынан карантин талаптарының сақталуына бақылау жасайтын құзырлы мемлекеттік орган қызметкерлері де кездесуде. Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында шектеулерді сақтамаған Шиелі ауданы әкімдігінің 4 қызметкерінің тәртіптік ісі қаралды. Тәртіптік істі қарауға YouТube сайтында жарияланған бейнежазба негіз болды. Бейнежазбада Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы мен бірнеше әкімдік қызметкерлерінің карантин кезеңіндегі шектеулерге қарамастан, туған күн кешіне қатысып, тойлап жатқаны жарияланған. Әкімдік қызметкерлері карантин талаптарын сақтамай, өздерінің іс-әрекеттерімен азаматтар тарапынан сын-пікірдің туындауына себепкер болған. Тәртіптік істердің материалдарымен танысқан Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері, карантин шектеулерді сақтамай Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысына «сөгіс» берілгені дұрыс деп тапты. Ал туған күн кешіне қатысқан аудан әкімі аппаратының бас маманына, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасарына және аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманына «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдану жөнінде шешім етті. Сондай-ақ карантин талаптарын сақтамағаны үшін Жаңақорған ауданы Қандөз ауылдық округінің әкімі тәртіптік жазаға тартылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында Жаңақорған ауданы Қандөз ауылдық округі әкімінің тәртіптік ісі қаралды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдарына, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Facebook әлеуметтік желісінде «Мемлекеттік қызметкерлерге жаза жоқ па?» атты сыни жазба жариялағанын анықтаған. Нақтырақ айтқанда, ауылдық округ әкімі карантин режиміне қарамастан табиғат аясына көпшілікпен барып, санитарлық талаптарды сақтамай қоғам тарапынан сынға іліккен. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тәртіптік істі қарап, шектеулерді сақтамай Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін Жаңақорған ауданы Қандөз ауылдық округі әкіміне «ескерту» тәртіптік жазасын беруді ұсынды.
Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы