Білім министрлігі еліміздегі мектептердің қашан ашылатынын айтты
Білім министрлігі еліміздегі мектептердің қашан ашылатынын айтты
Ата-аналар ел Президенті мен Білім және ғылым министрлігіне оқушыларды дәстүрлі оқуға қайтару туралы петиция жазды. Министрліктің баспасөз хатшысы Гаухар Омарбек петицияға қатысты жауап берді.
«Біз ата-ана ретінде оқушылардың Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабында көрсетілген орта білім алу құқығы толық көлемде - кәсіби мұғалімдердің тікелей қатысуымен барлық пәндер бойынша қамтамасыз етілуін талап етеміз. Мектептегі білім күндіз әрі оқу орнында болуы керек. Оны цифрлық суррогат алмастырмауы керек. Цифрлық технологияларды тек қосымша әдістер ретінде, ережелермен бекітілген қатаң шектеулі көлемде және тек ерікті негізде пайдалануға болады», - делінген петицияда.
Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Гаухар Омарбек айтуынша, мектің ашылуына қатысты шешімді Бас санитарлық дәрігер қабылдайды.
«Қазір бастауыш сынып оқушылары ата-аналарының өтініші бойынша мектепте оқи алады. Сондай-ақ 3 мыңға жуық шағын жинақты мектеп оқушылары (яғни 1-11 сынып оқушылар) дәстүрлі форматта оқып жатыр. Қалған мектеп оқушылары санитарлық дәрігерлер шешімі шыққан мектепте оқитын болады. Дәстүрлі оқыту форматына кезең-кезеңмен көшуге болатын бұйрық шыққан соң ғана біз бұл процесті бастай аламыз. Бас санитар дәрігердің шешімімен әр мектептің әкімшілігі тиісті кесте жасайды және біз балалар мен ата-аналарға тиісті ақпаратты жеткізетін боламыз», - деді ол.