Жастар қай кезде де жаңашылдықтың жаршысы. Сондықтан да бүгінгі буынға артылған болашақтың жүгі ауыр. Десе де, ел жастары бұл сенім үдесінен шығып келеді. Тіпті, «Nur Otan» партиясының «Jas Otan» Жастар қанаты жас қазақстандықтардың жан-жақты дамуы мен өзін-өзі қалыптастыруы үшін 2021-2025 жылдарға арналған «Жастар – Отанға» жобасына жан бітірді. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында қазір әр өңірлерде жол карталары әзірленіп жастардың талқылауына ұсынылуда. Жамбыл өңірінің өрендері де бағдарламаны бағдарлы ету мақсатында 12 жол картасын дайындап, әр ауданды қамтитын 5 жылдық жастарға бағытталған жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу индикаторын айқындап отыр. Бағдарламамен танысқа әр жас өз аулында алдағы бес жылда қандай жұмыстар жүзеге асатынын және қандай нысандар бой көтеріп, жастардың қолданылуына берілетінін білетін болады. Бұдан бөлек, бұл бағдарлама жастардың білім беруде, денсаулық сақтауда, жұмысқа орналасуда және тұрғын үйде әлеуметтік құқықтары мен мемлекеттік кепілдіктерін іске асыруды қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері мен тетіктерін әзірлеу және енгізу, сондай-ақ жастардың инновациялық және кәсіпкерлік әлеуетін ашу мүмкіндігін болжайды. Сондай-ақ жарқын жоба жастардың кәсібі, отбасы, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, жұмысқа орналасуы, азаматтық белсенділік белгілері бойынша топтастырылған мүдделері мен мәселелерін, сондай-ақ жастар ұйымдарының жұмысын қозғайды деп күтілуде. Мәселен бағдарлама шеңберінде ауылдық жерлерге «Дипломмен ауылға!» жобасы аясында 2025 жылға дейін кем дегенде 1,2 мыңнан астам жас жұмысқа тартылатын болады. «Жастар практикасы» бойынша болса, 5500-ден астам жасқа жұмысқа орналасуына жәрдем көрсетіледі. «Жасыл ел» жобасы шеңберінде 5 жылда 5 мыңнан аса жас жазғы маусымдық жұмыстарға тартылады. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында жыл сайын 300-ден астам жас грант иеленіп, өз кәсібін ашуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін 1700 орындық 5 студенттік жатақхана салынады.
"Осындай нақты көрсеткіштері мен бағыттары айқындалған бағдарлама алдағы 5 жылда жастардың бірқатар мәселелерін шешеді. Қазір біз жобаның бағыттары мен міндеттерін әр ауданға жіберіп, жіті зерделеудеміз. Бұл тұста әрбір жастың бағдарламаға қатысты өз ой-пікірін білдіруге мүмкіндігі бар. Десе де, сан сүзгіден өткізілген бастаманың бес жылдың бедерінде жастарға берері мол болады деп сенеміз", - дейді «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Уалихан Болатбек.Иә, осылайша «Jas Otan» жастар қанаты бес жылдық болашаққа жол салып отыр. Бағдарламаның бағыты енді айқындалып келе жатқандықтан жауапты мамандар қазір жан-жақты жұмыстар жүргізуде. Десе де, біз де баянды бастаманың бүгінгі буынға берері мол болады деп үміттенеміз.
Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы