Елбасының тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы алдағы 5 жылға әрбір өңір, қала және аудан бойынша өзінің 216 сайлауалды бағдарламасының жобаларын жариялауды бастады. Осы бағдарламаларға арнайы primaries.kz сайты арқылы қазақстандықтарды өздерінің сындарлы ұсыныстарын енгізуге және талқылауға шақырады.
Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, сайлауалды бағдарламалардың жобалары еліміздің өңірлерінің, оның ішінде ең шалғай елді мекендеріндің тұрғындарымен кездесу қорытындысы бойынша қалыптасқан нақты проблемалардың картасы негізінде әзірленген.
Сонымен, Шығыс Қазақстан облысының сайлауалды бағдарламасының жобасында оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында жаңа балабақшалар мен мектептер салу міндеті қойылып отыр. Жезқазған қаласында жұмысқа орналасу проблемалары жеке бағытпен көрсетілген. Мұнда тұрақты жұмыс орындарын ашу үшін өңдеуші өнеркәсіп саласында бірден бірнеше жаңа кәсіпорын салу ұсынылады.
Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарлама жобасында Денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінген. Партия қалалық мәслихатқа сайлауда жеңіске жеткен жағдайда, мегаполисте бірден 10 жаңа медициналық орталық салу, сондай-ақ 36 медициналық мекемеде материалдық-техникалық базаны жаңарту жоспарлануда.
Солтүстік Қазақстан облысында партияның аймақтық сайлауалды бағдарламасы жобасының бір бөлімінде жол инфрақұрылымын жақсарту көзделген. 2021 жылы облыстық және аудандық автожолдардың кемінде бес жүз шақырымын жөндеу ұсынылады.
Сайлау бағдарламалары туралы толығырақ ақпаратты primaries.kz сайтынан немесе төмендегі сілтеме бойынша алуға болады: https://primaries.kz/page/programmy-regionov